Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Аягөз қаласында 600 орындық мектеп есігін айқара ашты. Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынған білім ордасының ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов, Аягөз ауданының әкімі Бақытжан Баяхметов, аудандық мәслихат хатшысы Сейілбек Ысқақов, ақсақалдар, әскери бөлім командирлері мен қызметкерлері, қалашық тұрғындары қатысты.
Аудан әкімдігінің қызметкерлері мектептің ашылуы шаһардағы үш ауысымды білім беру мәселесін толығымен шешкенін айтады. Сонымен қатар алдағы уақытта Оңтүстік қалашықта тұрғындар санының күн санап артуына байланысты бұрынғы №4 орта мектеп ғимаратын бала-бақша ретінде қайта құру үшін жобалық сметалық құжаттар әзірленіп жатыр екен.
Жаңа білім ордасының пайдалануға берілгеніне ата-аналар ризашылықтарын білдірді. Әскери қызметкер Әйгерім Омарбекқызы бұрынғы мектеп оқушыларға тарлық етіп келгенін жеткізді. «Балаларымыздың үш ауысымда оқуы жанға батушы еді. Енді кең әрі жайлы мектепте оқитын болды. Мектепте заман талабына сай, барлық қажетті құрал жабдықтар бар», - дейді ол.
Реті келгенде айта кетейік, Аягөз ауданында білім саласына айрықша көңіл бөлінуде. Былтыр мектептерді қажетті техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 95 миллион теңгеден астам қаржы бөлінсе, биыл мектептерді ағымдағы жөндеуден өткізуге жергілікті бюджеттен 128639.9 теңге қаражат қарастырылыпты. «Менің мектебім» акциясы бойынша жергілікті кәсіпкерлер облыстық «Парыз» қорына 29 млн теңге жинап, акция аясында 4 химия, 3 физика, 9 биология, 19 робототехника кабинеттері ашылыпты.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Аягөз ауданы