• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
29 Тамыз, 2012

Әзіз жүрек

501 рет
көрсетілді

Әзіз жүрек

1977 жыл болар, өзім қызмет істеп жүрген Көкшетаудағы облыстық газеттің редакторы Жанайдар Мусин ағамыздың «Ақ алаң» атты алғашқы романы «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Бұл жағдай көкшетаулықтар үшін айта қаларлықтай қуанышты әдеби-мәдени оқиға болғаны түсінікті шығар. Ал енді көп ұзамай осы кітап жайында республикалық «Жұлдыз» әдеби журналында сол кездегі есімі елге танымал, дүркіреп тұрған атақты жазушы Әзілхан Нұршайықовтың ілтипатты рецен­зия-пікір жариялатуы «Ақ алаңды» ақ жол­ға түсіріп, бағын ашып, оның авторын да демеп, абырой-беделін биік­тете көтеріп жібергені рас еді. Әзағаң сол мақаласында өз көңілінде авторға деген журналистік рухани туыстық сезімі оянғанын жасырмай айтады.

1977 жыл болар, өзім қызмет істеп жүрген Көкшетаудағы облыстық газеттің редакторы Жанайдар Мусин ағамыздың «Ақ алаң» атты алғашқы романы «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Бұл жағдай көкшетаулықтар үшін айта қаларлықтай қуанышты әдеби-мәдени оқиға болғаны түсінікті шығар. Ал енді көп ұзамай осы кітап жайында республикалық «Жұлдыз» әдеби журналында сол кездегі есімі елге танымал, дүркіреп тұрған атақты жазушы Әзілхан Нұршайықовтың ілтипатты рецен­зия-пікір жариялатуы «Ақ алаңды» ақ жол­ға түсіріп, бағын ашып, оның авторын да демеп, абырой-беделін биік­тете көтеріп жібергені рас еді. Әзағаң сол мақаласында өз көңілінде авторға деген журналистік рухани туыстық сезімі оянғанын жасырмай айтады. Ол кітап шықпай жатып-ақ романның қолжазбасына жабық пікір де жазған екен. Сонда авторы кім екенін білмей тұрып-ақ қолжаз­баны ұнатқан, одан келешекте әде­бие­тіміздің белгілі қайраткерлерінің бірі шығады-ау деген үмітін де жасырмай айтқан. Артынан сол қолжазба көрнекті кітап болып шыққасын дүкеннен сатып әкеліп, қайтадан көз жүгіртіп қараған. Содан оның авторы сонау шалғайдағы алыс елде жатып, облыстық газеттің редакторы дейтін жауапты да ауыр қызметті атқара жүріп мынадай кесек дүние, күрделі роман жазғанына Әзағаңның әзіз жүрегі риясыз қуанған. Иә, ол кісінің көп адамнан бөлек бір қасиеті сол, басқалардың табысына, сәттілігіне жарқылдап, жарқын жүзбен қалтқысыз қуана білуші еді.

Осы жәйттен соң Әзағаң мен Жанайдар ағаның ғана емес, Әзағаң мен жалпы Көк­ше­таудың арасына да бір көзге көрінбес дәнекер жіп тартылып қалғандай еді. Жазушыға деген құрмет-сүйіспеншіліктің дәл осындай толғағы жетіп лүпілдеп тұрған шағында, дәлірек айтқанда, 1980 жылдың күзгі егін орағы қызып тұрған қыркүйегінде баяғы ел аралайтын журналистік әдетпен Әзағаң салып ұрып Көкшетауға келе қалсын.

Әзілхан аға содан Жанайдар Мусинді жанына ертіп, аудандарды аралап кетті. Сол кезде Володар, Рузаев және Зеренді аудандарында болғанын білетінмін. Алматыға қайтып оралған соң жазып жариялатқан жолжазба очеркін «Қазақ әдебиеті» газеті­нен оқыдық, ұмытпасам. Сонда Әзағаң Көкшетау өңірінің атақты аупартком хатшылары Баян Жанғалов, Мәулетбай Кәрі­мов, Тәткен Боқановтардың бітім-болмыс, бейнелерін әдемі суреттеп, ел мен жерді, еңбек тынысын келістіре жазғаны әлі есімде.

Жылдар жылжып өтіп жатты. Мен Алматыға қоныс аударып, әуелі «Жұлдыз» журналында, одан соң республикалық басқа басылымдарда қызмет істей бастадым. 1991 жылдың мамырында Көкшетау облыстық партия комитетінің хатшысы болып істеп жүрген жерінен Жанайдар ағамыз да меңдеген ауыр науқастан бақи сапарына аттанып кете барды. Осыдан бес жыл өткенде, аяулы ағамыздың 60 жылдығы қарсаңында, дәлірек айтқанда, 1996 жылдың қаңтарында Алматыдағы маған оның інісі, заң саласының қызметкері Еркін Баймурзин хабарласып, Жәкең туралы кітап шығарғалы жатқандарын айтып, соған, лажы болса, Әзілхан Нұршайықовтың естелік лебізін жаздырып алсаңыз дұрыс болар еді деген өтінішін айтты.

Шыны керек, бұрын сөйлесіп көрмеген, мен сырттан жақын тартып, жақсы көріп жүрсем де өзімді мүлдем танымайтын үлкен жазушыға жүрексіне, іштей қобал­жулы көңілмен телефон соққаным рас. Алыстан асқар таудай көрінетін Әзағаң жақындағы адамды да қасына жақындат­қыш, жанына жақын тартқыш, шынымен-ақ, шынайы кішіпейіл, жалпыға бірдей жанашырлық жайдарман пейілден жазбайтын жан екен. Бәлкім, ол кезде бірден дәл осылай ойлаған жоқ шығармын. Бірақ жанымның тереңінде Әзағаңа деген дәл осындай құрмет пен ілтипат әрдайым бүлкіл­деп жатқаны рас. Кейінгі жылдар­дағы жиірек жүздесулеріміз, сөйлесуле­ріміз, аздаған араласу осы ойымды бекіте түскендей.

Әзілхан аға сол жолы менің өтінішім бойынша өзі ауырып жатқанына қарамастан марқұм Ж.Мусин туралы он шақты күннен ұзатпай «Жанайдар және оның жерлестері» деген екі баспа табаққа жуық жазушылық толғаныс естелігін жазып шығып, менің қолыма ұстатты. Естелікті алуға барарда кәдімгідей толқығаным есімде. Жанайдар аға туралы өзімнің де жазған өлеңімді ала барып, Әзағаға беріп едім (кейін ол өлеңім Ж.Мусиннің мерейжасына орай «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан болатын). Сонда Халима апайды көрдім. Ал Әзілхан ағаның сол естелік мақаласы тура он жылдан кейін, 2006 жылы «Көкшенің әр тасында аты қалған» деп аталатын, жазушы-журналист Ж.Мусин туралы естеліктер кітабында жа­рық көрді. Осы істің басы-қасында жүрген жігіттердің ескермеген бейқамдығынан Әзағаңның қолына ол кітаптың тие қой­ма­ғанын біліп, мен Еркін Баймурзиннен кітапты алдыртып, ағаның қолына тапсырдым.

Көкшетау сапарында болғанына 16 жыл өткенде жазылған естелік мақаласын оқи отырып Әзағаңның жадына, кісі танығыш­тығына, оқиғалардың өрмегін сетінетпей, жүйелеп өрбітуіне қайран қалғандайсың. Күнделік жүргізетін ұқыптылықтан адам­дық әрі қаламгерлік ұлылыққа дейін бір-ақ қадам екенін осы жәйт аңғартып тұрғандай. Диалогтар, эмоциялар, танысулар, әңгіме-дүкендер, кездесулер – бәрі қаз-қалпында маржандай тізіліп суретке түскен. Сондай қарапайым. Сондай нанымды. Сондай ға­жап. Әрбір күннің оқиғасы сағатына дейін қолмен қойғандай тақылдап сайрап тұр. Жанайдар Мусиннің қаламгерлік, журна­лис­тік һәм адами жарқын бейнесіне орна­тылған ең жақсы, ең ықыласты, бейілді ескерткіштердің бірі де осы Әзағаң естелігі болса керек. Сол үшін осынау ұлы жүрекке өзімді алғыскер де, қарыздар сезінгендеймін.

«Егемен Қазақстан» газетінің Алматы бөлімшесінде қызмет істеуіме байланысты әсіресе, соңғы екі-үш жылда Әзілхан аға­мен телефон арқылы жиірек сөйлесіп, өзі­мен де ара-тұра көзбе-көз жиірек ұшыра­сып жүрдім. Бұл дүниеде Қорғанбек деген журналист қаламгер бар екенін Әзілхан Нұршайықов сияқты Алаш ардақтысының танып-білу фактісінің өзі-ақ мен үшін зор бақытпен барабар-тын. «Қызғызстан: бір үміт, бір күдік» деген мақалам туралы: «Қорғанбек, сенің бұл мақалаңды мен мақала деп емес, Қырғызстан туралы поэма деп қабылдадым» деп төбемді көкке жет­кізе көңілімді өсіргені естен сірә кетер ме.

2010 жылдың маусым айының бас кезінде маған Сауытбек Абдрахманов телефон соғып: «Әзағаңа хабарлас, Елбасы туралы мақала жазуға тапсырыс беріп едік, ауырыңқырап жүр екен, ойларын ауызша әңгімелеп айтып беретін болар, материалды жазуға көмектесуің керек» деді. Мен дереу Әзағаңа хабарластым. Ертеңіне айтқан уақытта үйіне бардым. Ағаға бір мейірбике келіншек дәрі егіп жатыр екен. Амандасқан соң бір сағаттай кабинетінде күтіп отырдым. Бұрын да бір-екі рет болғанмын. Екі жақ қабырғадағы сөрелер кітаптан қайысып тұр. Баукеңмен түскен, басқа да суреттер көзге шалынады. Әртүрлі кәдесыйлар, жәдігерлер. Әрбіреуі бір-бір тарих екендігі аңдалады. Әзағаңа тән ұқыптылық. Қымбатты, қимас нәрсені қастерлеу. Үлкен үстел үстінде де текше-текше үйілген кітаптар. Қақ төбесінде кең аялы, арнайы жарық түсіргіш. Әзағаңның жұмыс кабинеті, жазу үстелі. Әрбір затын көзіммен аялай қарап отырмын. Кейде тұрып, кейбір кітаптарды, жәдігерлерді қасына жақын барып қараймын. Әзағаң көрші бөлмеде саңқылдап сөйлеп жатыр. Ауырып жүрсе де әзіл-қалжыңын қалдырмай, дауысы жайдары шығады.

Мен диктофонымды сайлап келсем, мақаланы Әзағаңның айтуымен өз қолымнан жазып шығады екенмін деп ойласам, ол бүкіл шаруаны өзі негізінен бітіріп қойған екен. Тек кейбір соңынан келген ойларды қағаздарға бөлек-бөлек түсірген екен. Кейде тұтас абзацтар, кейде жекелеген сөйлемдер. Солардың қайсысы қай жерге келетінін, қалай бастыру керектігін маған ежіктеп түсіндірді. Мерейлі 70-ке толғалы жатқан Елбасы туралы ой-толғанысына, ол кісінің қасиет, өнегесін қалай үлгі тұту керектігіне соншалықты ыждағатпен қа­рауы таңқаларлық еді. Әрбір сөз тіркесінің, әрбір үтір, нүкте, сызықша, леп, сұрау белгілеріне дейін дұрыс түсуіне, қате басылып кетпеуіне, қалып қоймауына сонша бір неміс ұқыптылығымен зер салуы маған деген талапты да күшейткені сөзсіз еді. Сабырлы болдым, Әзағаңның барлық базынасын көтердім, қызметімді, тіпті, құрақ ұшып, шын көңіліммен, барша ықыласым­мен елпілдеп атқардым десем, болады.

Мақаланы компьютерге тергізіп жатқанда, теріп бола берген кездерде, тіпті, өзіне қайта апарып оқытып, газетке басуға рұқсатын алғаннан кейін де, оны айтасыз, Астанаға жіберіп қойған соң да Әзағаңның мақалаға қосар толықтырулары таусылар болмады, толас таппады. Оларды өз үйінен факс арқылы жіберіп отырды. Бәрін енгіздік. Кейіс білдірмедік. Ә.Нұршайықов­тың Елбасы туралы өзгеше толғанысы «Замандасқа хат» деген атпен 22 маусым күнгі санда жарық көрді. Мемлекет бас­шысының қасында қолына микрофон ұстап сөйлеп тұрған суреті қоса берілді. Сонымен бірге Нұрсұлтан Әбішұлының: «Құрметті Әзеке!» деп басталатын, өз қолымен жазылған жаңа 1992 жылмен құттық­тауының факсимилесі қатар шықты. Халық жазушысы Ә.Нұршайықов басқалар сияқты Елбасын жалпылама, жайдақ мадақтамай, орынды-орынсыз жал­пақтап жарамсақ­танбай, салиқалы әңгіме айтты, өмір туралы, заман мен қоғам хақында, биік лауазымды қызметті азамат­тардың қалай алып жүруі, кіші­пейіл­ділік пен қара­пайым­дылықты, адамдық пен арды сақтай білулері хақында тебірене толғанды. Сөйтіп, бұл мақала «Еге­меннің» де абыройын көтере түсті.

Бұл кезде Әзағаңмен жиі телефондасып, менің дауысымды айтпай танитын дәрежеге жеткем. Аға қоңы­рау шалды. Дауысынан қуа­ныш­тың байсал лебі ескендей. «Қорғаш, маған бүгін Елбасы телефон соқты. Мақаланы оқыған екен, рахметін айтты. «Сіз «Президентті мақтай берудің керегі жоқ, оның ісін жақтай білу керек» депсіз. Оныңыз дұрыс» деп айтты. Едәуір сөйлестік. Ойда жоқ жерде патша телефон соққанда адамның аузына қапелімде сөз де түспей қалады екен. Президент денсаулығымды сұрап еді, «Шалдарша шапқылап жүріп жатырмын, Нұреке» деп айттым. Осыным қалай өзі, дұрыс болды ма, Қорғаш?» дейді Әзағаң. «Әрине, дұрыс, Әзаға. Өте дұрыс жауап бергенсіз. Басқа не дейсіз?» деймін мен. «Ал енді, Қорғаш, Елбасы маған ризашы­лық білдіріп, үлкен басымен арнайы телефон соғып рахметін айтып жатса, біздің үнсіз қалуымыз жарамас. Маған осы мақаланы жазуға тапсырыс берген Сауытбек қой, мен бір формасын тауып, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті акцио­нерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахмановтың атына алғыс хат жазып, Елбасына ілтипатымызды солай білдірейік. Осы ойды Сауытбекке өзің айтқаның дұрыс болар» деді Әзағаң.

«Әзағаң солай да солай деп жатыр. Елбасының телефон соғуына газет арқылы алғыс-рахметін білдірмекші» деп Ә.Нұр­шайықов сәлемін дереу өзіміздің басшымыз Сауытбекке жеткіздім. Сауытбек әуелі «Туһ, Әзағаң да пиарщик болып алыпты ғой» деп күлді де, сәлден кейін: «Жарайды, хатын жеткіз, ақылдасып көрейік» деді. Әзілхан ағаның «Алғыс хаты» газеттің 25 маусым күнгі санында жарияланды. Елбасымен ара­дағы әңгімесі сонда егжей-тегжейлі баяндал­ған. Әрине, ел Президентінің Ә.Нұршайықов мақаласын оқып, қөңіл бөлуі, оның жалпы жұртқа жария етілуі Әзағаң үшін ғана емес, біздің газет үшін де, жалпы, зиялы қауым үшін де үлкен абырой екендігіне сөз бар ма.

Сөйткен әзиз жүректі Әзағаң да өмірден өтті. Соның алдында ғана Азиаданың құрметті алаугері ретінде Өскеменге барып келген жолы: «Несін айтасың, Қорғаш, мына ағаларың шал болса да желе жортып жүгіргенде алаугер жастардың бәрінен озып кетті ғой» деп шаттанған болатын. Иә, ағаның көңілі жас еді, өмірге құштар еді, жүрегі тұнып тұрған ізгілікті махаббат еді. Әсіресе, қайтыс болар қарсаңында бейне-бір бой жазғандай көбірек сапарлады. Астанада. Шымкентте. Тағы басқа жерлерде. Шақырушылардың қай-қайсысының да көңілін қалдырмады. Өскеменде Қысқы Азия ойындарының құрметті алаугері болған кезіндегі Әзағаңның бірнеше қас-қағым сәттерін, өзінің немересі – жас қыз балаға аталық мейірімін төккен миятты мезеттерін «Егеменнің» меншікті тілшісі Оңдасын Елубай суретке түсіріп алған екен. Оларды содан кейін шыққан «Алашты асқақтатқан Азиада» атты фотоальбом кітабына жариялады.

2011 жылдың 24 қаңтарында қазақтың ұлы ақыны Қадыр Мырза Әлі өмірден озды. Әзағаң осы ауыр қазаға байланысты қимас­тыққа толы қоштасу лебізінде: «Жасың тоқсанға келгенде артыңдағы інілерің өмірден кетіп жатса, оларға жоқтау жазу қиын екен. Жастардың өмірден озғанына өзің кінәлідей күй кешесің. Жер басып, тірі жүрген соң оларды жоқтамасқа да амал жоқ» деп егіліп еді. Осыдан 20 күн өткенде Әзағаң өзі де бақилық болды. Сол бір күндерде Қазақстанның халық жазушыларының ішін­дегі ең халықтық, жазушылық бітім-болмысы бұрынғы Сәбең, Сәбит Мұқанов тұрпатын­дағы алып жазушыдан айырылғаны­мызды сезінгендей едім. Қадыр қазасына егілген сол сөзінде Әзағаң: «Қазақта атақты ақындар көп. Бірақ атақтылардың бәрі бірдей ардақты бола бермейді. Сен сол ең ардақты ақындары­мыздың бірі едің, Қадыржан» деп еді. Осылай деп өзі айтқандай, Әзілхан аға да қазақтың ең ардақты жазушыларының бірі еді.

Әзағаң халық жүрегінде махаббат жыршысы болып қалады. Ізгіліктің жыршысы. Ерліктің жыршысы. Арыстан жүректі Баукеңнің алқауына бөленген жазушы. Халыққа мейлінше кең тараған, оқырманы ең көп жазушы. Бір ғана «Махаббат, қызық мол жылдар» мен «Ақиқат пен аңыз» осыған айғақ. Ана бір жылдары туған хал­қына «қазақ ұлтшылдығын» таңғаны үшін әпербақан Горбачевқа наразылық хатын жолдаған ұлтжанды қайраткер. Елбасымыз әрдайым құрмет тұтқан, қайтыс боларынан екі ай бұрын ғана ел Президентінің қолы­нан «Отан» орденін алған отаншыл абыз. Өзі де қазақ қыздары сайлап қойған Махаббат Президенті. Менің пайымдауымдағы Әзағаңның әзіз жүрегі осындай. Ол жүрек қазағым деп, халқым деп әлі де дүрсілдеп соғып тұрғандай.

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.