• RUB:
    5.48
  • USD:
    474.09
  • EUR:
    514.01
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Желтоқсан, 2018

Қостанайда ерекше сұлулық байқауы өтті

463 рет
көрсетілді

Қостанайда жүкті келіншектердің сұлулық байқауы былтырдан бері дәстүрге айналды. Биыл оған бес кандидат қатысты. Келіншектер мұндай байқауға қатысуға өздерінің денсаулығын бақылайтын дәрігерінің рұқсатымен келді. Залдағы көрермендер арасында кезекші дәрігерлер отырды.

«Мұндай байқаулардың ұйымдастырылуы дұрыс деп білеміз. Тек байқауға қатысқан аруларға толқымау керек деп кеңес берер едік. Өйткені кейде тым қатты қуанғанның өзі денсаулыққа кері әсер етеді, қуаныш, жақсы көңіл-күй әрдайым пайдалы болуы тиіс» дейді Саламатты өмір салты орталығының бөлім меңгерушісі Гүлсім Садақбаева.

Зәуреш Әлібекова қазір декреттік демалыста. Ол қаладағы № 25 мектепте психолог болып қызмет еткен. Олар жолдасы екеуі тұңғышына дайындалып жүр, ұлды дүниеге әкелсем екен деп армандайды.

«Мен байқауға қатысуға ұсыныс болғанда бірден келістім. Біз мұнда жеңіс немесе бәсекелесу үшін келген жоқпыз, осы бір тартымды сәттерді кейін еске алып, сәбилерімізге айтып беру үшін келдік», дейді Зәуреш.

Байқау өзін таныстыру, шығармашылық, қызықты оқиға, отбасының сүйікті тамағы және дефиле сияқты бес бөлімнен тұрды. Келіншектер өз өнерін, икемділіктерін көрсете білді. Бұл шарада келіншектердің барлығы да жеңімпаз болды. Олар өздеріне де, өзгеге де тек қуаныш, жарасымды көңіл-күй сыйлады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай