Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры 25 жылдық мерейтойын атап өтті. Бұл күні театрдың бас режиссері Самал Әбуовтың «Театр. Тарих. Тағылым» кітабының тұсауы кесіліп, театр тарихы музейі ашылды.
Орал қазақ театрын «тәуелсіздік тудырған театр» деп айтуға толық негіз бар. Өйткені Қазақстан өлкелік партия комитетінің «Ұлт өнерін дамыту шаралары жайында» қаулысынан кейін 1934 жылы Орал қаласында облыстық қазақ драма театры құрылып, қазақтың тұңғыш кәсіпқой театр режиссері Жұмат Шанин мен әйелі Жәмбике Шанина, әйгілі ақын Қасым Аманжолов, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген артистері, мәдениет қызметкерлері – Шәкір Оразғалиев, Түмия Оразғалиева, Хамит Демеуов, Тілек Ерғалиев, Рахила Ақжарова, Әбуғали Көптілеуов т.б. өнер майталмандары қызмет еткенімен, 1949 жылы «Оралда көрермен жоқ» деген желеумен театр Атырауға көшірілген болатын. Тек тәуелсіздік таңы атқан соң ғана қазақ театрының шымылдығы қайта түріліп, көрермен көзайымына айналған болатын.
Орал қаласының шет жағындағы жөндеу зауытының қарапайым мәдениет сарайын паналаған театрдың алғашқы ұжымы тұңғыш премьерасын 1993 жылдың 16 желтоқсан күніне – Тәуелсіздік мерекесіне туралаған еді. Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясымен ашылған ұжымның өнер сапары бақытты да баянды болды. Мұны біз бүгін, арада 25 жыл өткенде батыл айта аламыз.
Өнер ұжымының ширек ғасырлық тойына театрдың бас режиссері, байырғы актер Самал Әбуов «Театр. Тарих. Тағылым» атты сүбелі жинағымен келіпті. Мерейтой меймандары мен қалың көрермен алдында кітаптың тұсаукесер рәсімін Қазақстанның халық артисі, «Құрмет» орденінің иегері Гүлнәр Жақыпова мен Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері, доцент Мұрат Ахманов жасады. Алматыдан арнайы келген қос тарланға мұндай құрмет ұсынылуы тегін емес – өйткені қос артист те Батыс Қазақстан облыстық театрын алғаш құрып, қалыптастырған әуелгі топтың өкілі болатын.
Айта кетейік, жақында ғана Қазақстан Республикасы президентінің Құрмет грамотасына ие болған Самал Қадерұлының бұл кітабында Орал театрының іргетасын қалаған өнер тарландары Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Амантай Сұлтанғалиев, Орал театрындағы тұңғыш қойылым режиссері Жамбылбек Есенбеков, суретші Гүлмаржан Сәлімгерейқызы, өмірден ерте кеткен талантты актер Тельман Имашев, тағы басқалары туралы әдемі естеліктер, танымдық терең мақалалар жинақталған екен. Дәл сол 1993 жылы Батыс Қазақстан мәдениет институтының режиссура факультетінің табалдырығын аттаған автор осы жинаққа сол кезден-ақ дайындалғандай, қазақ театрының әр қадамын, елеулі-елеусіз детальдарын еске сақтап, қағазға түртіп жүріпті. Театр туралы жинақты сырттан келген көрермен емес, сахна шеберлерімен қатар жүрген, шымылдықтың артындағы әрбір әрекетті жақсы білетін өнердің өз адамы жазғаны көрініп тұр.
Айтпақшы, Орал театрының ширек ғасырлық тойына алыстан ат арытып келген меймандар аз болған жоқ. Олардың ішінде жоғарыда айтылған Гүлнәр Жақыпова мен Мұрат Ахмановтан бөлек, Мұрат Ноянбайұлының зайыбы, Орал театрын құрушылардың бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хазима Нұғманова да болды. Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Меруерт Өтекешова да өз жерлестерін өнер тойымен құттықтай келіпті. Осы театрдың тағы бір түлегі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, Қазақстан театрлар қауымдастығының вице-президенті Асхат Маемиров оралдық сахна қайраткерлерінің бір тобына Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Алғыс хатын табыс етті. Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры Айболат Сексенбаев, Қазақстан жастар одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Берік Айтжанов, Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының директоры Нұрхан Қадірбаев тағы басқалары да әріптестерінің қуанышына ортақтасты.
Мерейтой қарсаңында алыстан келген қонақтарды өңір басшысы Алтай Көлгінов арнайы қабылдап, қазіргі театр өнері мен мәдениеті мәселелерін талқылаған кездесу болған еді. Ал қазақ театрының қара шаңырағында өткен тойда Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов сахнаға көтеріліп, театр қызметкерлері Гүлжиян Шынтемір, Әсел Мәмбетова, Самал Әбуов, Айжан Қайырова, Асылжан Жакин, Дулат Хамитов, Нұрлан Сәдір, Жарқынай Әділова, Александр Кладко, Мирас Мусиндерді облыс әкімі Алтай Көлгіновтің алғыс хатын тапсырды.
Бұл күні сахна қайраткерлері түрлі марапатқа ие болып, құшағы гүлге толды. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Алғыс хатына ие болған актерлар Сердеш Қажымұратов, Нұрлыгүл Жұбатова, Хорлан Шәмелова, Талиғат Жігеров, Жанаргүл Құрманғалиева, Анаргүл Құсайынова, Айдар Жарылғапов, Елена Есендосова, Нұржігіт Сейітмаханбетов, Думан Омаровтар бар.
«Ұлттық мәдениетіміз бен руханиятымыздың даму жолында еңбек сіңіріп келе жатқан өнер ұжымын 25 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Қазіргі қазақ және әлемдік классикалық шығармаларды сахналай отырып, ұлттық топырақтағы осы өнердің өркендеуіне жанашырлықпен үлес қосып келесіздер. Сіздердің өнерлерінің уақыт пен кеңістіктегі өміршеңдігін жоғалтпай, мәдениет саласында ұйымдастырылған республикалық және шетелдік фестивалдерде биік марапаттарға ие болуының өзі Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіздің биік екендігін айғақтайды», - делінген Мәдениет және спорт министрінің құттықтау хатын сахнада Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, Қазақстан театрлар қауымдастығының вице-президенті Асхат Маемиров оқып берді. Сондай-ақ театрдың тағы бір топ қызметкерлері Жұлдыз Мәмедова, Салауат Түменов, Аманжол Сатқанбаев, Райымбек Ермек, Алмагүл Райымбаева, Манар Ғабдоловалар Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының Алғыс хатына ие болды.
Орал театрының ширек ғасырлық мерейтойының мағынасын арттырған бір шара – театр музейінің ашылуы болды. Шағын ғана бөлмеде Оралдағы театр тарихы, 1934 жылы ашылған қазақ музыкалық драма театрының қызметкерлері туралы мәліметтер, 1993 жылдан бері қарайғы театр тарихынан сыр шертетін фотосуреттер, афишалар, костюмдер мен декорациялар, өнер ұжымына жақында ғана есімі берілген ССРО Халық артисі Хадиша Бөкееваның жеке заттары мен сахналық киімдері қойылған экспозиция, өнер ұжымының республикалық және халықаралық бәйгелерде қол жеткен бәйгелері көрермендердің көңілінен шықты. Театр директоры Қуаныш Амандықов музей қоры болашақта толыға беретінін айтады.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ