• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2010

ОРАЙЫН ТАПСАҢ, ШЕШІЛМЕЙТІН МӘСЕЛЕ ЖОҚ

1130 рет
көрсетілді

– Ғабиден, жақын күндері, яғни ақпанның 26-сында Астана қаласы жастар мәслихатының сайлауын өткізу көзделіп отыр екен. Біздің білуімізше, бұл жастар арасында жыл сайын дәстүрге айналған науқан. Осы шараны өткізудегі басты мақсат не? – Шынында да, жақсы бір дәс­түрге айналған бұл шараның өзіндік орны бар. Бұл сайлау осымен үш жыл қатарынан өткізіліп келеді. Биылғы сайлауға қатысатын жастардың тек қаланың ғана емес, 3 ауданның депутаты болып сайлануына мүмкін­діктері бар. Бұған барлық оқу орындары қамтылған. Былтыр бұл шараға 30 жоғары оқу орны қатысса, биыл Астана қаласы бойынша барлық 41 оқу орны түгелдей қамтылып отыр. Олардың ішінде кәсіптік лицей, жоғары оқу орны және орта оқу орны бар. Қазіргі таңда барлығы тіркелді. Әр оқу орнында өз сайлау учаскесінде бірінші орын алғандар қалалық мәслихатқа, екінші, үшінші орын алғандар аудандық мәслихатқа сайлану құқығын иеленді. Болашақта қалалық жастар мәслихаты атынан сайланған депутаттар қаламен, әкім­дікпен, ішкі саясат бөлімімен және басқа да мемлекеттік органдар­мен, мемлекеттік емес ұйымдармен бірлесе жұмыс істейді. Ал 3 аудандық жастар мәслихаттығына түскен депутаттар сол аудандарға қатысты өзекті мәсе­лелерді жүзеге асыра алады. – Ал осы сайлау науқанында бағын сынағысы келетін жастарға қойылатын негізгі өлшем қандай? – Ең бірінші қойылар талап – ол сайлауға түсетін адам белгілі бір оқу орнының студенті болуы керек, екіншіден, ол күндізгі бөлімде оқуы тиіс. Сотталмаған, тәртібі дұрыс бо­луы шарт. Яғни, бұл науқан түгелдей сайлау заңнамасына сәйкес жүргі­зіледі. Бізде сайлау комиссиясының дайындаған қосымша заңнамасы бар. Біз сол негізде жұмыс істейміз. Ең соңғы кандидат 12 ақпанда тіркелді. Ал 14-24 ақпан аралығында, яғни сайлауға бір күн қалғанға дейін де­путаттыққа сайлануға ниет білдір­ген­дер өздерінің үгіт-насихат жұмыс­та­рын жүргізу құқығын иеленеді. – Сонымен, биылғы науқанның басты ерекшелігі деп нені бөліп айтар едің? – Бұдан бұрынғы жылдары кез келген жас өзін кандидаттыққа ұсын­ған кезде ол тек қалалық болып есеп­телетін. Бізде 100-ден астам депутат болды. Олардың басым көпшілігі тарап кетті. Қалғандары қалды. Қа­зіргі таңда 10-ға тарта депутат жұмыс істеп жүр. Биылғы жылғы науқанның ерекшелігі – жастарға тек қалалық қана емес, 3 ауданның атынан да сайлауға түсуге мүмкіндік берілуінде дер едім. Яғни, болшақта өздерінің білім-білігіне сенген жас депутаттар Алматы, Сарыарқа және Есіл аудандарының әкімдіктерімен бірлесе жұмыс істейтін болады. – Тұтастай алғанда бұл науқан жас­тарға өз білім-білігін көрсетуге мүмкіндік беріп қана қоймай, оларды толған­дыратын мәселелерді бірлесе ше­шуге де өз ықпалын тигізетін болды ғой... – “Жалғыздың шаңы шықпас” деген. Қазіргі таңда жастар өздерінің басындағы проблемаларын айтып жатады ғой. Мәселен, Сарыарқа ау­данында 5 жоғары оқу орны бар. Сол жоғары оқу орындарында белгілі бір іс-шаралар дұрыс ұйымдасты­рыл­май­ды. Кейбір университеттерде жатақ­хана мәселесінің түйіні шешілмей жатады. Егер, біз Астана қаласындағы өзіне сенімді, айтар ойы бар 70-80-ге тарта жастың басын біріктірсек, осындай мәселелер бір жүйеге келіп, ісіміз алға басады деп ойлаймын. Яғни, бірінші кезекте жастар ойлануы керек. Біз мемлекетке қандай жақсы­лық жасадық деп. Біз мынадай-мы­надай жұмыстарды жүзеге асырдық деп көрсетуіміз қажет. Орайын тап­саң, шешілмейтін мәселе жоқ. Әңгімелескен Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.