• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Желтоқсан, 2012

Өзін аямаған Аяған

531 рет
көрсетілді

Өзін аямаған Аяған

Ол кісі екеуіміз үнемі театрда кезде­сетінбіз. Премьераның бірде-бірі бізсіз өтпейді. Одан кейін бірге шыға­мыз. Мінетін автобусымыз да бір. Үш-төрт рет кездесіп жүзтаныс болғаннан кейін:– Сен «Қазақфильмде» жұмыс істе­мейсің бе? – деп сұрады.Сөйтіп, екеуіміз таныстық. Ол кісінің есімі – Аяған екен, фамилиясы – Шә­жімбай. Міне, содан кейін екеуіміз етене бола түстік. Театрда бір жаңалық бола қалса, Айекеңнен еститін болдым, бір қойылымның премьерасы өтетінін құла­ғым шалса, мен хабарлаймын. Премьерадан кейін тағы кездесетін жеріміз ортақ: «за кулисами» дейді ғой орыс­тар… «Гримеркада» талай жүздесіп, пікір таластырып, сахнада өнер көр­сеткен кісілердің шашбауын көтереміз.

Ол кісі екеуіміз үнемі театрда кезде­сетінбіз. Премьераның бірде-бірі бізсіз өтпейді. Одан кейін бірге шыға­мыз. Мінетін автобусымыз да бір. Үш-төрт рет кездесіп жүзтаныс болғаннан кейін:– Сен «Қазақфильмде» жұмыс істе­мейсің бе? – деп сұрады.Сөйтіп, екеуіміз таныстық. Ол кісінің есімі – Аяған екен, фамилиясы – Шә­жімбай. Міне, содан кейін екеуіміз етене бола түстік. Театрда бір жаңалық бола қалса, Айекеңнен еститін болдым, бір қойылымның премьерасы өтетінін құла­ғым шалса, мен хабарлаймын. Премьерадан кейін тағы кездесетін жеріміз ортақ: «за кулисами» дейді ғой орыс­тар… «Гримеркада» талай жүздесіп, пікір таластырып, сахнада өнер көр­сеткен кісілердің шашбауын көтереміз.Айекең «Жансебілді» бастаған кезде, үнемі екінші режиссер болып жүре­тін Татьяна Воеводина дейтін кісі ұзақ жолсапарға баруға мұршам келмейді деп жағдайын айтыпты. Ол картинаға қаты­сым болмаса да, сценарий авторы Жү­сіпбек, Қорғасбек пен Аяғанға ана жері, мына жері деген секілді орайлы сәтіне қатысты өз пікірімді білдіріп жүретін­мін. Бәлкім, содан ба маған «екінші режиссер бол» деп өтініш айтты. Әңгі­ме­нің ақиқаты, бұл фильм басқаларды қайдам, мен үшін ең бір алаңсыз жүріп, демалып түсірген кинолентам болды. Әр фильмнің өз әңгімесі болады. Ол да адам сияқты, өз тағ­ды­рымен жасалады. Қазір­гі Риддер қала­сынан отыз шақырым жерде, Алтай тауының мөлдір сулы, көздің жа­уын алатын жасыл желекті бір түкпірінде түсірдік оны.Сол кез ойға оралса, міндетті түрде еске алатын бір жағдай: 1991 жылғы әйгілі «Тамыз төңкерісі». Янаев өзін-өзі президент етті. Горбачев тасалы жерде қамаққа алынды. Халық не болып, не қойып жатқанынан бейхабар. Бұл Ая­ған­ның арқасына аяздай батты. «Мен жұмысымды енді бастап едім. «АЛ­ЖИР­­­ім» де, «Жансебілім» де осымен біткен шығар… Ана заман қайта орнаса, сонымен құритын шығармыз…», деді. Жұ­мыс­қа зауқымыз соқпай қалды. Ая­ған­ның мәнісі кетті. Бәріміз сенделіске түс­тік. Аңдығанымыз теледидар. Бір жаңа­лық, жақсылық болса екен деумен екі күніміз өтті. Президентіміз Назарбаев сөйлеген кезде ғана бетімізге қан жү­гірді. Оған қатты қуанған тағы да Аяған. Бүгінде киномызды көрсеңіздер, соның бір тұсында Қасым Жәкібаев ағамызды сүйретіп келе жатқанда, арбасынан құлайтын жері бар. Галина Макарова арбасын қайтадан тұрғызып, отырғызады да, темір жолдың жағасын жиектеп жү­ріп отырады. Оны біз кешкілік уақытта түсіргенбіз. Сол жерде «Қазір барлық республикалардың басшылары шетінен президент болып кетті» деп келетін актрисаның өз сөзі бар. Шын мәнінде Нұрсұлтан Әбіш­ұлын жақсы көретін. Бөлмесінде де радионы қосып қойып, сөйлеген сөздерін тыңдап отыратын. Фильмде «Как ваш президент? Как его зовут?» деп Жәкі­баевтан сұрайды. Қаса­ғаң: «Его зовут Нурсултан!» – дейді. «Вот, он мне больше нравится» деп арбасын сүйреп, ілгеріл­ейді. Кейін 1991 жылдың жел­тоқ­­санында дыбыстау про­цесі бастал­ған кезде Макарованың өзіне сол сөзін қайтадан қайталаттық.«Жансебілді» көрген сайын он жетін­ші тамыз еріксіз есіме түседі. «ГКЧП». Тура «ГКЧП»-ның кезіндегі көңіл-күй, әсер­­лер… Макарова өз бейнесімен ғана емес, сондағы өз даусымен де мәңгілікке қалды.Фильмде Кеңестер Одағының әнұ­ра­ны орындалады. «Қазақфильм» шы­ғарған дүниелердің ішінде заманында сол ән­ұран орындалған соңғы фильм шығар бұл. Ертең ерте жиналып, вок­залға бара жатқанымызда осы әнұран орындалады. Макарова апамыз Жәкі­баев ағамызды арбасымен сүйретіп, жай­лап басып орман­ның ортасымен те­міржолға келе жататын эпизоды. Фильмнің әрбір үзігі туралы осылай әңгімелеуге болады. Өйткені, қай сәті болсын жүрек сүзгі­сінен өтіп барып жасалған ғажап дүние болды бұл.Аяғанның режиссерлік шеберлігі туралы айтқанда «АЛЖИР-ді» де аттап кете алмайсың. Оның ішіндегі қойы­лым­дылық сахналарының соншалықты шынайы көрінетіні сондай, баяғыда, тура түрменің ішінде түсіріліп алынған­дай әсер етеді. Тұтқындарды вагоннан түсі­ріп жатқаны, балалардың жылағаны – бүгінде фильмдегі сол үзіктерді сталинизм заманы зобалаңының көрінісі ре­тін­де пайдаланып жүр. Бұл Аяған­ның ойлап тауып жүрген сахналық көрініс­тері. Оны орыстар «игровой» деп жүр ғой. Онда актерлер ойнайды. «АЛЖИР-ге» дейін ондай тәсілді ешкім қолданған емес. Тіпті өнері озық дейтін орыс ки­но­герлерінен де кезіктірген емеспін. Бү­гін­де әлемдік киноларға ер­кін жол ашылды. Сөйтсек, оларда бұ­рыннан бар екен. Тарихи киноленталарда сол дәуірдің, кезеңнің шындығын ашу үшін емін-еркін пайдаланғанын кө­­ріп-біліп жүрміз. Осыдан жиырма жыл бұрын бұл бізге тосын тәсіл көрі­ніп, біраз кісілер тосырқай қарағаны­мен, қазіргі күні жаңалық болмай қал­ды. Міне, бұны қазақ киносына алғаш рет әкелген Аяған Шәжімбай еді деуімізге әбден болады.Сол секілді аяқ астынан көтерілген топырақты дауылдың айналаны ұйқы-тұйқы етуі, киіз үйдің уықтарының шетінен сатырлап сынып, шаңырағы­ның шайқалуы – бұл да режиссерлік шешім. Қазақ әдебиеті мен өнерінің әйгілі қай­раткерлерін, Алаш арыстарын, мемлекет, қоғам қайраткерлерін түр­менің торына тоғытып, атып-асулары киіз үйдің бір-бірлеп сынған көрі­ніс­тері арқылы жү­рекке жетеді. Қазан­ның оты өшкен, қақпағы айдалаға ұш­қан… Аналар бауыр еті – балаларынан тірідей көз жазған… Темір тордың сыртында көз жасын тия алмай жыла­ған сәби бейнесі… Міне, осының бәрі – сол заманның сұрқайы­лығын анық та қа­нық етіп кино тілімен бейнелей жет­кіз­ген шынайы көріністер.Қазақ киносы құрылғалы не заман?! Алайда, Аяған осы өнерге өз үнін ала келген қазақы рухтағы айтулы тұлға екенін ә дегенде-ақ көрсете білді. Осы ойымыздың нақты бір дәлелі – «Бәй­терек». Бұл өзі атына заты сай келетін фильм. Көргендері де көп, көңілге түй­гендері одан да мол қарттардың басын қосуы, солардың бірегей өкілі ретінде жүз жасаған Қоштай Жаныс­байұлын сом­­дауы еріксіз тәнті етеді. Намаз оқы­туы, ауылдағы Ұлы Отан соғысынан оралмаған азаматтардың ескерткіші алдына барып құран бағыш­тауы, көкпар шабуы, сынықшылықпен айналысуы – бәрі-бәрінің басы «Бәй­теректе» тоғысып жатыр. Бас-аяғы ша­ғын, жинақы кинолента үлкен өмірдің, қайшылығы астас­қан кешегі кеңестік заманның бейне баян­шысы іспетті. Оны тамашалап, тал­даған киногерлер мен қаламгерлер қауы­мы Аяғанды шы­ғармашылық қуаты бай, болашақта бе­рері көп маман ретінде тани білді. Шын­­дығында, солай үміт артқан ел алданған жоқ. Қазақ киносының алтын қорына енген соқталы фильмдер түсірді.Уақыт – әділ таразы. Қай нәрсенің де бағасы жылдар жылжыған кезде нақты­ла­на береді. Асылдың аты озады. Ол еш­қа­шан мәнін жоймайды, ескір­мейді. Мәсе­лен, айтар болсақ, Аяған­ның «АЛЖИР-і» де, «Бәйтерегі» де деректі дүниедегі сондай жақұт десек, әбден жарасады. Сон­дай-ақ, «Жансе­бі­лін» жанарға жас үйір­мей көру мүмкін емес. Меніңше, бұлар қай кезеңде де, қандай қоғамда да көрер­мен сұраны­сы­на шығатын озық үлгілер.Аяған туралы ойласам, фран­цуздың Жан Виго деген режиссері есі­ме түседі. Өзі отыз бес-ақ жыл өмір сүрген. Артында екі-ақ киносы қалды. Бірі – «Тәртібі үшін екілік», екіншісі – «Аталанта». Ол соңғы фильмін түсіріп үлгергенімен, көре алмай кетті. Алайда, француз киносы тарихында құбылыс болып қалды. Кейінгі жаңа тол­қын киношылары оны да пір тұтады, содан үйренеді. Аяған деректі кинода – «АЛЖИР-імен», көр­кем фильмде «Жан­­се­білімен» өз мекте­бін жасады. Дәл бүгінгі күні ондай қа­зақы қасие­тімен ерекшеленген, көрер­мен­нің көз­айымы боларлық киноленталар жасап жүрген режиссерлар кемде-кем десем, бұған ешкім де дау айта алмас.Айекең режиссер ретінде үлкен би­ікке көтерілді. Біз алғаш танысып, ара­лас-құралас болып жүрген кездің өзінде салиқалы әңгімелерге баратын. Ойлары соқталы, кесек болып келетін. Қарап отырсам, бұл отызды енді орталаған кезі екен. Егер тірі болғанда, ел аузында жү­ретін, қалың қауымның ойынан шыға­тын талай-талай мықты фильмдер жасайтыны сөзсіз еді. Өйт­ке­ні, ол үнемі ізденіс үстінде жүретін. Кі­тапханаға жиі баратын. Оқымайтын га­зеттері қалмай­тын. Театрдан шықпай­тын. Телерадиода не болып жатыр, қан­дай жақсы хабарлар берілді – бәрінен хабардар болып жүре­тін. Актерлердің бәрін танитын. Олармен үлкен-кіші демей араласып, тең дәрежеде сөйлесетін. Осы жағынан ал­ғанда да оның аты озық еді. Әйтпесе, бүгінде киноның төңірегінде жүргендер – театрдан бейхабар, ал театрда жүрген­дер кинодан хабарсыз болып жатады. Міне, біз білетін Аяған Шәжімбай сондай жан еді. Оның және біз білмейтін бір қыры – жаза білетіндігі. Сөйтсек, қол­жаз­ба күйінде қалған повестері мен әңгіме­лерінің өзі біршама болып шықты.Ішкі жан дүниесінің тазалығы, бі­лімдарлық – адамның бітім-болмысын биіктете түсетін асыл қасиеттер. Ондай қасиеттері бар кісілермен қашанда сыр­ласқың, дидарласқың келіп тұрады. Мен үшін Аяған сондай аға еді. Екеуміз кездескен сайын әр тарапты ой қозғап, сөз таластырамыз. Пікірлеріміз қайшы­ласып жататын. Біз осылай ортақ ойға келе­тін­біз. Бір өкінерлігі, сондай пікір таластыратын адамдардың аздығы сол заманда да байқалып қалатын. Бүгінгі уақытта тіпті азайған. Кейінгі толқын жастарымыз дейтін қауымға кей-кейде қарның ашады. Оқуға жоқ. Аяған секіл­ді өнері­міздің танымал тұлғаларын атай баста­саң, «Ол кім еді?» дейді. Естіп отырып, өзің ұяласың… Мысалы, біздің кезімізде ассистенттердің өзі кез келген актердің аты-жөнін айтып, оның қай спектакльде қай рөльді сомдаға­нын, қай кинода кім болып ойнағанын біліп тұрушы еді. Бүгінде ондайлармен сағынысып көрісе­сің. Аяған Шәжімбай актерлердің бәрін біліп қана қоймай, олардың қабілет-қарымын, қандай рөль­ді сеніп тапсыруға болатынын се­зініп, болашақ фильмде­рі­не ойнату үшін іштей ұйғарып, топшылап жүре­тін. Мәселен, жап-жас жігіт Кеңес Нұрлановты таңдауын қараңыз­шы! Ол кезде ТЮЗ-дің актері. Өнерге енді-енді қадам басқан шағынан қадаға­лап жүріпті. Қасым ағамыз сомдаған Мұқа­тайдың жалындаған жастық шағын жасаса осы жасайды деп білген. Сондай-ақ, тергеушінің рөліне Нұрәсіловті ша­қыр­ғанда да, оның тек қана сыртқы тұл­ғасы емес, актерлік шеберлігін де, мына сөзді осы айта алады, мына әнді осы сала алады деген ғой. Фильмде «Тылсым бар, Гүлсім бар» деп келетін қайырмалы өлең айтылады, сол тура соның интел­лектісіне сәйкес келеді. Шындығында, «Ол бізге ағайын болады, мынау жеңге болады» деген сөздері де өзіне сондай үйлеседі. Дәл солай ойнау үшін де ак­терлік қорек керек қой. Айекеңнің ре­жиссерлік сезімтал түйсігі қателеспепті, рөль иесін тапты. Осы секілді екінші тергеушіні іздеген кезде де ол алданбады. Оны орындаған Нышан Тілеубер­генов те, ол Жетісай театрында актер болатын, қайтыс болып кетті, сол арқылы Берияның бейнесін ашқысы келді. Мұр­тын да бармақтай етіп ернінің ұшына қойғызды. Шашын да дәл солай тықыр­латып алғызды. Күжірейген желкесінің жыбырлауын да ойластырған өзі. Егер режиссердің діттеген ойы солай болмаса, кім білсін, «Жансебіл» басқаша шығар ма еді?.. Нышан Айекең не айтса, сол айтқанының бәрін іліп алып кетіп, ойынан шықты, асқан шеберлігін танытты. Ойымызды түйіндеп айтқанда, фильм Айекеңнің ойлағанындай экрандалды. Соны тамашалаған қазақ театры­ның дүлдүл ұстазы Асқар Тоқпанов: «Міне, соңғы могикандар бұл!» деп, оның бетінен сүйіп, қолын алып еді.Асекеңнің бағасы – асқар таудай баға! Оны алу мыңнан бірдің ғана ен­шілі табысы болатын. Сондағы Айекең­нің қуаны­шы-ай! «Тоқпанов менің қо­лымды алды, бетімнен сүйді», – деді. Дәл сол сәтте оның көзі бақыттан бал-бұл жанып, өзі аспанда қалықтап тұр­ғандай көрінді. Солай болатын да жөні бар. Себебі, ешкімді әкем-шешем де­мей­тін, бетің бар, жүзің бар деп қара­майтын, қай кезде де айтарын айтып салатын бөлекше бітім иесі Асқар аға­мыз­дың ақ жарылған әділ баға­сын естіген Аяған Шәжімбайдың басқадай болуға қақысы жоқ еді. Біз соған куәміз…Шынайы жасалған дүниенің қай кезде де толқытатыны бар. Содан да болар, өзім қасында жүріп, қолымнан келгенше бірге қызмет еткен Айекеңнің «Жансе­бі­лі» әуелгі әсерін жоғалтқан жоқ. Қан­шама рет көрсем де жүрегімді бүлк ет­кізіп жіберетін жерлері көп-ақ. Көзіме еріксіз жас келтіреді. «Жүрек­тен шыққан дүние жүрекке жетеді» деген осы шығар. Айе­кең әлгіндей сәттің бәрін асқан се­­­зім­­тал­дықпен дөп басқан. Бұнысы көр­кем фильм­дерге ғана емес, деректі дү­ние­­леріне де тән нәрсе. Сондықтан да оның «АЛ­ЖИР-і» де жұрттың жалықпай көретін киносы – халықтық киноға айналды. Осының бәрі Аяғанның өзін ая­ма­ға­ны­ның, көрерменін аялағанының арқасы.

Дархан ҚОЖАХАН,кинорежиссер.