• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
26 Желтоқсан, 2012

Жан еді өмір сүрген өлеңменен

560 рет
көрсетілді

Жан еді өмір сүрген өлеңменен

Ақын Дәуітәлі Стамбеков қазақ поэ­­­зиясының ірі өкілі еді. Маңдайына 52-ақ жыл ғұмыр жазылған ақынның дүниеден өткеніне де бір мүшел толып қалыпты. Жаңа ХХІ ғасырды өзі көре алмаса да, Дә­­­уітәлінің жырлары осы ғасырға емін-еркін кірді. Және қазақ барда, өлеңсүйер қауым барда оның туындылары өлмек емес. 

 

Ақын Дәуітәлі Стамбеков қазақ поэ­­­зиясының ірі өкілі еді. Маңдайына 52-ақ жыл ғұмыр жазылған ақынның дүниеден өткеніне де бір мүшел толып қалыпты. Жаңа ХХІ ғасырды өзі көре алмаса да, Дә­­­уітәлінің жырлары осы ғасырға емін-еркін кірді. Және қазақ барда, өлеңсүйер қауым барда оның туындылары өлмек емес. 

Өзімізге ақынды көру бақыты бұйыр­­­маса да, Құдайға шүкір, оны көргендер арамызда баршылық. Соның бірі Дәукең­­­нің замандасы, дарынды ақын, халық­­­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Абзал Бөкен ағамыз. Ширек ғасыр Алматы шаһарында тұрып, Дәуітәлімен аға-інідей араласқан Абзекең былтыр Қарағанды қаласына қоныс аударды. Таяу­да Абзал ағаның үйіне бардық. Он­дағы ойымыз: ақынға бір жағынан сәлем беру болса, екінші жағынан Дәуітәлі ақын туралы әңгімелесу.

– Дәуітәліні бала кезімізден, бала кез болғанда өлеңді жаңа бастаған кезден бас­­­тап біліп жүрдік, – деп бастады аға әңгіме­­­сін. – Аудандық газетке өлең­­­дері жақсы шығып тұрды. Сол кезде одан бірер жас кіші Серік Ақсұңқарұлы, мен өзім, Бағдат Омашев деген жігіт бәріміз Дәуітәлі секілді жазсақ, Дәуітәлі сияқты ақындық жолға түссек деп еліктеп бір-бірімізге, бір-бірімізбен жарысып өлең жаздық.Одан кейінгі жақын таныстығымыз – Дәукең Алматыға кетіп, сол жақта қызмет жасап, жазда елге келіп жүрген кезінде жалғасты. Сол сапарында маған соқпай кетпейтін. Ол кезде әке-шешесінің үйі Балқаш қаласының іргесіндегі Дересін деген жерде болды. Мен Балқаштың жа­нындағы Приозерный аудандық газетінде қызмет істеймін. Сонда жолшыбай маған да соғып кететін. Содан таныс болып, жақсы болып кеттік.Аудандық газетте он­­­шақты жыл іс­­­теген мені 1985 жылы Ал­матыға «Жалын» баспасына жұмысқа ша­қырды. Ол уақытта Дәуітәлінің Алма­­­ты­­­ның байырғы тұрғыны болып алған кезі. Аптасына болмаса да, екі аптада бір рет әрқай­­­сы­­­мыздың үйімізде болып, әңгі­­­ме­­­­лесіп, өлең­­­дерімізді оқып, жақын араласып жүрдік. Дәукең қайтыс болғанға дейін арамыздағы осы байланыс үзілген жоқ.– Ақын 50 жылдық мерейтойын елге келіп өткізгендігін естігенбіз. Сонда сіз де қасында болып па едіңіз?– Иә. 50 жылдығын өткізген кезде Алматыдан мені қасына ертті. «Басқа еш­кімді әуре қылмай-ақ қояйын. Дабыралатып, керемет қып өткізетіндей тойға құ­мар да емеспін. Бірақ, ел, ауыл шақырып жатқаннан кейін барайын деп отырмын», – деп мені қасына ертіп алды. Содан Ақтоғайға келіп, Мәдениет сарайында халықпен кездестік. Ақын Қоңырат ауылында дүниеге келген ғой. Содан әрі қарай ағайын-туысы аяқ-қолын жерге тигізбей, Дәуітәліні құрметтеп, мерейто­йын жақсылап дүркіретіп өткізді.Мен одан екі жас кішімін ғой. Содан ол айтты: «Құдай қаласа сен де ертең 50 жасқа келесің. Құдай бұйыртса сонда мен де қасыңда жүремін», – деп. Бірақ, елден келгеннен кейін сырқаттанып, ауырып қалды ғой. Өзі бала кезінен қант диабеті еді. Арнаулы дәрісі бар-ды. Тұрақты түрде соны қабылдап жүретін. Сол бүйрекке әсер етіп, 1999 жылы дүниеден озды. Тағдырдың жазуы, Алла тағаланың бұйыртқан ғұмыры сол болды…Бірақ артында қалған мұрасы мол. 10-15 шақты өлең кітабын жазды, халық­ара­лық «Алаш» сыйлығының лауреаты атанды. Соның бәрі артында қалған ағайын-жұрт пен жолдастарының, оқырманда­ры­ның көңіліне медеу. Ұрпақтары өсіп-өніп, Фарида жеңгеміз шаңыраққа ие болып отыр. Араласып, хабарласып тұрамыз.Ең соңғы «Жұмағым мен тамұғым» кітабының қолжазбасын Дәукең екеуіміз баспаға тапсырғанымыз есімде. Қатты ауы­рып жүрген кезі болатын. Төсек тартып жатса да, басын көтеріп отырып қол­жаз­баны өзі дайындады. Мен де барып тұр­дым. Содан баспаға апарып тапсырдық. Ол кітаптың шығуында жазушы Роза Мұ­қанованың үлкен еңбегі бар. Содан «Сөз­дік – Словарь» баспасынан шығарды. Бірақ Дәу­­­кең оны көре алмады. Ғұмы­­­рының бір азғантай бөлігі жетпей қалды. Кітап әдемі, көлемді болып, ішіндегі өлең­дері де мағыналы, мәнді болып шық­ты.– Сол кітабы шық­­­қа­­­нына да біраз уақыт болып қалды. Тағы жинағын шығару керек сияқты ақынның.– Дәукеңнің бір жинағы шықты. Көрген жоқсың ба? Мен көрсетейін (Осы сөзді айтқан Абзал ағамыз 2010 жылы шыққан қарапайым «Өлеңдер» деген атауы бар кітапты көрсетті. Дәуітәлі ақын­ның жары Фарида Закарина құрастырған бұл кітапты көріп қуандық – автор).Өзі аса көп топырлатып, қайсыбір ақын­дар сияқты төпей бермей, баппенен, ойланып, асықпай жазатын. Ал егер кө­пірте берсе, жаза беруге қабілеті былай да жетіп тұр ғой. Бірақ соған талғаммен қа­­рап, ойы әбден піскен кезде ғана қолына қа­лам алатын. Поэзия, проза болсын, мей­лі кім қандай жанрда жазса да, соның кө­­­лемінен гөрі мазмұны мықты болсын деп өзіне сондай талап қойып, өзгелерден де соны күтетін. Соныменен артында қал­­ған мұрасы мәнді, мағыналы болып шықты.– Өзіңіз де мықты ақынсыз, поэзия парқын жақсы білесіз. Дәуітәлі поэзия­сы­ның қандай ерекшелігін айта аласыз?– Дәукеңнің ең алғашқы жазған өлеңдерінің үні, сарынынан кейінгі ақын Дәуітәлінің қалыптасуы екі түрлі болып кетті деп ойлаймын қазір. Алғашқы шыққан өлеңдері ешкімде жоқ, өзінше бір мөлдір. Ол Қадыр Мырзалиев секілді тым бірегей терең ойға да кіріп кетпеген, Тұманбай Молдағалиев сияқты бірегей сезімнің лирикасына да түсіп кетпеген. Осы ой мен сезімнің екі жағынан да бөліп алған қорытпа синтездей өзіндік бір ғажап дүниелерді тудырды. 60-70-ші жылдар­­дағы Дәуітәліні ойлы ақынға да, таза лириканың ақынына да жатқызуға болушы еді. Кейін жаза-жаза келе, өлең­дерінің бірі – ойдың, бірі – сезімнің қор­жыны деп атасақ, осы ойлылық қоржын басын ауырлата бастады. Содан ол не­гізінен фило­софиялық ойға қарай ойыс­ты. Мұнысы жаман болған жоқ. Дәу­кеңнің бір ерек­­ше­лігі – осы ойшылдыққа берілетін өлең­дер­ді жазғандығы. Ақын­ның кейбір өлең­де­рі­нің философиялық түйіні салмағы жағы­нан қорғасындай ауыр болып келеді, бір­­­денқозғап көтеріп кете алмайсың. Ондай өлеңдерді оқыр­манның өзі сіңіріп оқы­са, соның мән-мағынасына жеткен са­йын Дәукеңнің де қасиетіне жеткендей болады.Кезінде, яғни 60-70-ші жылдары «Жалын» баспасының жабық конкурсы болған. Сол бәйге талай талантты ақын-жазушылардың тұсауын кескен. Мысалы, Оралхан Бөкеев, Ақселеу Сейдімбеков, Дулат Исабеков, Жарасқан Әбдірашев, тағы сондай ағаларымыздың көпшілігі сол конкурста топ жарып, кейіннен талантты ақын-жазушылар болып шықты. Дәуітәлі екеуміз де сол конкурсқа поэмамен түстік. Ол «Революцияға рахмет» деген туындысымен екінші орынды алды. Мен шопан әйелдің тағдырынан жазған поэмаммен үшінші орынды иелендім. Айтайын деп отырғаным: Дәукең керемет бір, өзіндік ерекшелігі бар ақын екендігін осы «Революцияға рахмет» поэмасында жақсы көрсетті. Ол кезде Кеңес өкіметі­нің дәуірлеп тұрған кезі, сол кездің үні­мен жазылған поэма ғой. Бірақ, оның бір ғажап жері – Кеңес Одағының ұранымен жазылды деп ол туындыны кемітуге болмайтыны қазірдің өзінде көрініп тұр. Мәселе оның қай тақырыпты қозғауында емес, ақынның қабілетін көрсете білуінде болып тұр ғой. Сонда Дәукең осы поэмасында қандай қуатты ақын екендігін анық көрсетті. Ғажап бір теңеулерді, парал­лель­­дерді қатар қолданып, оқыған кезінде адамды жетелеп, сүйсіндіріп: «Апырай! Осыны ойлап, мен де айта алатын едім-ау. Неге менің аузыма осы сөз түспеген? Неге мен осындай шумақтарды жаза алмадым?», – деп бәсекелес әріптестерін ойлантатындай етіп жазған.Сосын кейінгі шық­қан кітабында ақынның өлеңмен жазған драмасы да бар. Сонда осындай жанрға бет бұрғаны байқалады. Татар дәмі таусылмай жүре тұрғанда, ғұмыры ұзағырақ болғанда мүмкін ақ өлеңмен жазылған, кәдімгі қара өлеңмен жазылған бірталай драмаларды да туындатып тастаған болар ма еді деп ойлаймын кейде…Ол кісі әдебиет туралы өзінің сын пікірлерін, көзқарасын білдіру жағынан да көп жазбады, бірақ жазса тура тотияындай ойып түсетіндей етіп, нақтылап қашап жазар еді. Өзінің өмірінің соңғы сәттерінде қина­­лып, екі иінінен демалып отырып, қанша сырқат жанына батып отырса да Пушкин жөнінде керемет бір эссе жазып, «Қазақ әдебиетіне» жариялады. Пушкин туралы жазған бұл эссесі анау-мынау адамның қолынан келе беретін дүние емес.– Дәуітәлі ақынның кітабын оқып отырып, дарын иесінің Пушкин, Лермон­­­тов секілді орыс ақындарын көп оқы­­ған­­­дығын байқадық. Ал қазақ поэзия өкіл­­дері ішінде сүйікті ақындары болды ма?– Қазақ ақындарының ішінде ерекше біреуін бөле-жарып айтқан емес. Ондай сөзін естімедім. Бірақ ол кісі өзіміздің алдымызда өт­­­кен, қазақ поэзиясын жасаған, сонау Асан Қайғыдан бастап Абайға дейінгі баба­­­­ларымыздың, Абайдан бергі таланттардың бәрін оқыған­­­­­дығына менің көзім толық жеткен. Абайды оқыды, Мағжан Жұма­­баев жөнінде хабары болды, Ілияс, Сәкен, Бейімбет­тер­ді болса болмаса білді. Бәрін сіңірді, содан кейін поэзиядағы өзіндік келбетін жасады.– Дәуітәлі ақынның ән мәтіндері де бар. Мәселен, композитор Темірәлі Бақ­ты­­гереев екеуі «Таңғы тілек» деген, қазіргі тілмен айтқанда хит әнді жазды. Оны Нұрлан Өнербаев орындады. Қазір «Өмір бойы қол ұстасып өтерміз, Армандар мен мұраттарға жетерміз…» деп басталатын ол өлең интернеттегі актердің оқуында да жүр. Үйлену тойларын бей­­некамераға түсіретіндер де осы өлеңді жиі қолданып жүр. Олар таспаны мон­таждағанда осы әнді арасына кірістіріп жібереді. Өкінішке қарай, әннің авторлары кім? Бұл жөнінде бір ауыз сөз айтылмайды… Сұрағымыз келгені, Дәуітәлінің ән мәтіндері жөнінде не білесіз?– Иә: «Жаныма жақын көретін бір композиторым бар», – деп айтып жүретін. Дәукең шығармашылық байланыста бол­ған ол композитормен мен кездесе алмадым. Сол өнер иесі Темірәлі Бақтыгереев болуы мүмкін.Дәуітәлінің өзі ақындығымен қоса, домбырашы, көркем дауысы бар әнші болды ғой. Көңілі түсіп жақсы, көтеріңкі отырған кезінде домбыра шертіп, қазақ­тың халық әндерін әдемі қоңыр дауысымен тамаша орындап шығатын. Әнге, музыкаға бізден гөрі бір табан жақын тұратын. Осының өзі оның поэзиясының осындай бір саздылығына, дыбыс үйле­сімдігінің жарасымды болып тұруына әсер еткен сияқты. Өлеңдері де сондай, көпшілігі әнге сұранып тұрады.Қалай болғанда да Дәуітәлінің өлеңдері келешекте сазгерлердің көзіне түседі деп ойлаймын. Ол үшін артында қалған біздер бұған дәнекер болуымыз керек. Жазуымыз қажет газеттерге. Немесе өзіміз Дәуітәлінің кітаптарын: «Осы бір жақсы ақын, өлеңдерін уақытыңыз болғанда шолып қарап көріңізші», – деп композиторларға ұсынуымыз керек. Ол енді біздің парызымыз…Аманғали ҚАЛЖАНОВ.Қарағанды.

Абзал ағамен әңгімемізде Дәуітәлі ақын туралы осындай мәліметтерге қа­­­нық­­­­тық. Сондай-ақ, Дәуітәлі Стамбеков қаншама жыл қалада тұрса да ақкөңіл, нағыз қазақы болмысынан айырыл­­маған­­дығын білдік. Содан қазір көпшілігіміз осындай қалпы­мыз­дан айырылып бара жатырмыз-ау деген ой келді. Өкі­нішті, әрине. Бірақ Дәуітәлі сияқты асылдарымызды еш­қашан ұмытпайықшы, аға­йын. Қазақ болып қалуымыздың олардың мұра­ларын қаншалықты білгенімізге, қан­ша­лықты сол мұралардан ғибрат алуы­­мызға байланысты емес пе?

Соңғы жаңалықтар