Тарих қойнауына беттеген 2018 жыл көпвекторлы сыртқы саясат ұстанған еліміз үшін жемісті де жеңісті кезең болды. Елбасы Н.Назарбаев көшбасшылығымен Қазақстан өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі халықаралық іс-қимылдарға белсене қатысып, барлық тараптағы қарым-қатынасын одан әрі нығайтты, осыған сай әлемдік қоғамдастық алдындағы беделі биіктей түсті.
Төрткүл дүниеге төрелік айтқан сәт
Өңірдегі рөлі мен жауапкершілігін сезіне отырып, еліміз Орталық Азияда саяси, экономикалық, мәдени байланыстарды нығайтуда батыл қадамдар жасады. Түбі бір түркі елдерінің бірлігін бекемдеудегі бастамалары өз алдына бір төбе. ТМД, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі, Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымы, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы шеңберіндегі іс-қимылдарда да алдыңғы қатардан табылды. Сауда-экономикалық және инвестициялық аса ірі әріптесі – Еуропалық одақпен ынтымақтастықтың ауқымы да кеңейе түскені белгілі. Бәрінен бұрын, өткен жыл Елбасының жаһандық дипломатиясының жетістігі саналған оқиға – Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуімен тарихқа енді.
2018 жылдың қаңтарын еліміз ғана емес, Орталық Азия өңірі үшін де тарихи кезең деп бағалауға болады. Бірінші қаңтардан бастап, бір ай бойы біздің еліміз БҰҰ-ның халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке жауапты басты органының жұмысын басқарды. Қазақстан – бұл мәртебелі қызметтегі Орталық Азияның бірінші мемлекеті.
Елбасының қаңтардағы Америка Құрама Штаттарына ресми сапары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі маңызды отырысқа жалғасқаны мәлім. 18 қаңтарда Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» тақырыбы бойынша жоғары деңгейдегі пікірталас өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша тарихи құжат ‒ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының өңірлік деңгейде превентивті дипломатия және шиеленісті болдырмау жөніндегі мәлімдемесі қабылданды.
Тұтастай алғанда, төрағалық барысында консультациялар, брифингтер және пікірталастар форматындағы 30-ға жуық отырыс өткізілді, олардың қорытындылары бойынша қарарлар қабылданды.
Өңірлік әріптестіктің жаңа кезеңі басталды
Жылдың тағы бір тарихи ауқымдағы оқиғасы – Орталық Азия мемлекеттері арасында өңірлік әріптестік пен сенімді нығайтудағы жаңа кезеңнің басталғаны. Бұл аталған өңір мемлекеттері басшыларының Астанада өткен алғашқы Жұмыс (консультациялық) кездесуінде айқын көрініс тапты.
Орталық Азияның саяси тұрақты, экономикалық орнықты және қауіпсіз дамуына қашанда мүдделі Елбасының бауырлас мемлекеттер байланысын нығайту бастамалары осы жиында жан-жақты қолдау тапты.
Мемлекеттер басшылары Астанадағы алғашқы кездесу барысында өңірлік ынтымақтастықтың негізгі басымдықтарын айқындап, болашаққа арналған жоспарларды белгіледі.
Бұған қоса, мемлекеттер басшылары Бірлескен мәлімдеме жасай отырып, алғаш рет Орталық Азия халықтарын Наурыз мерекесімен бірлесіп құттықтады. Мұндай кездесулерді жыл сайын, Наурыз мерекесі қарсаңында бесжақты форматта өткізіп тұру туралы шешім қабылданды.
Көп жылғы келіссөздер түйіні
Бұл жылдың еліміз үшін құтты-берекелі болғанын айғақтайтын тағы бір ірі оқиға 12 тамызда өтті. Жиырма жылдан астам уақыт бойы талқыланып келе жатқан қарт Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтау жөніндегі мәселенің түйіні Ақтау саммиті деп айшықталған алқалы жиында тарқатылды.
Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей, Түрікменстан президенттері қатысқан Бесінші Каспий саммитінің пленарлық отырысында теңіздің құқықтық мәртебесін реттеу жөніндегі көп жылғы жұмыстар қорытындыланып, арнайы Конвенция қабылданды. Нұрсұлтан Назарбаев «Каспий теңізінің конституциясы» деп атаған осынау құжат жағалау мемлекеттері ынтымақтастығының барлық саласында қатынас орнатуына негіз қалайды.
Сонымен қатар мемлекеттік шекараны аумақтың тегіс периметрі шегінде айқындап алу, Қазақстан үшін аса маңызды қадам болды, яғни бұған дейін Қазақстанның құрлықтық шекаралары заңды түрде ресімделген болса, енді Конвенция елімізге өз егемендігінің шегін теңізде анықтауға мүмкіндік береді.
Түгел түркінің мүддесі жолында
Қазақстанның күллі түркі халықтарының қасиетті қарашаңырағы екенін ұдайы айтып келе жатқан Елбасының түбі бір түркі елдерінің ертеңін баянды етуге бағытталған бастамалары биылғы жылы 3 қыркүйекте өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің VI саммитінде жалғасын тапты. Бауырлас халықтардың басын қосқан саммитке Кеңеске мүше мемлекеттердің басшылары – Əзербайжан Президенті Ильхам Əлиев, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков, Түркия Президенті Режеп Ердоған және бақылаушы мəртебесіне ие Өзбекстан Президенті Шафкат Мирзиёев пен арнайы мейман Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан келді. Осы жиында Қазақстан Түркі кеңесіндегі төрағалығын аяқтап, бұл міндетті Қырғыз еліне табыстады.
VI саммитте Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі жаһандану заманында ұлттық салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді жас ұрпаққа қалдыру ерекше маңызды екенін айтты. Осыған байланысты жүйелі түрде Түркі кеңесі жастары көшбасшыларының форумын, ғылыми конференциялар мен семинарлар өткізуді, түркі әлемінің бірегей тарихи жерлеріне өлкетану экспедицияларын ұйымдастыруды ұсынды. «Бұл шаралар жастарымызды жақындастырып, елдеріміздің мәдени ерекшелігі туралы білімдерін тереңдетуге септігін тигізеді деп сенемін», деді Елбасы. Сонымен қатар Түркі кеңесінің жанынан «Түркі әлеміндегі 100 жаңа есім», «Түркі әлемінің киелі жерлері» арнайы жобаларын әзірлеуді ұсынды.
Мемлекеттер басшылары саммиттің қорытындысы бойынша Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі VI саммитінің декларациясы, Венгрияға Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіндегі бақылаушы мәртебесін беру туралы шешім, Түркі-тілдес мемлекеттер интеграциясының тұжырымдамасы сияқты маңызды құжаттар қабылданды.
Рухани келісімнің бойтұмары
Қазақстанның Шығыс пен Батыстың, Оңтүстік пен Солтүстіктің арасындағы өркениетаралық, мәдениетаралық және дінаралық диалогты одан әрі дамытуға бағытталған іс-қимылы 2018 жылы жаңа деңгейге көтерілді.
Қазан айында Астанада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен дінаралық үнқатысудың халықаралық деңгейдегі бірегей алаңына айналған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі өтті. «Діни лидерлер қауіпсіз әлем үшін» тақырыбымен ұйымдастырылған съезге 42 елден 82 делегация қатысты. Олардың арасында діни көшбасшылар, саяси қайраткерлер мен халықаралық ұйымдар өкілдері болды.
Діндер көшбасшыларының алғашқы тарихи съезінен бері 15 жыл өткені белгілі. Осы уақыт аралығында қазақстандық бірегей тәжірибе жаһандық деңгейде қолдау тапты. Астана әлемдік қоғамдастық дін көшбасшыларының кездесетін орнына және үнқатысу алаңына айналды.
Қорыта айтқанда, 2018 жылы жүзеге асқан осынау іргелі шаралар еліміздің халықаралық рөлі мен ықпалының жоғарылағанын, өңірлік салмағының ұлғайғанын айғақтады.
Қамбар АХМЕТ,
«Егемен Қазақстан»