2018 жылы бірқатар алыс-жақын шетелдерге мемлекеттік, ресми және жұмыс сапарларының әрқайсысында Қазақстан Президенті еліміздің бүгіні мен ертеңіне қатысты маңызды келіссөздер өткізіп, олардың қорытындылары бойынша жүздеген келісімге қол қойылды.
2018 жылы еліміздің сыртқы саясаттағы саяси-экономикалық серпілісі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка Құрама Штаттарына сапарынан басталды. Вашингтонда Ақ үй басшысы Дональд Трамппен кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты қарым-қатынастың және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылады. Елбасы Қазақстан АҚШ-ты сенімді серіктес, әлеуетті әріптес санайтынын айтты. Өз кезегінде Д.Трамп АҚШ тарапы Қазақстанды Орталық Азия өңіріндегі болашағы зор, стратегиялық әріптес деп есептейтінін мәлімдеді.
Наурыз айында Біріккен Араб Әмірліктеріне сапарлаған Нұрсұлтан Назарбаев Әбу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктері Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Кездесудің экономикалық бәсі жоғары. Өзара уағдаластықтарды іске асырудың арқасында тек 2017 жылы сауда-саттық көлемі 2 есе өсіп, 374 миллион доллардан 643 миллион долларға дейін жеткен. Ал 2015 жылдан бастап бұл көрсеткіш 6 есе артқан.
Мемлекет басшысы мамыр айында Ресейдің Сочи қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысына қатысты. Сондай-ақ Елбасы Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесіп, бірқатар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Мемлекет басшысы өткен жылы ЕАЭО-ның өзара сауда көлемі сәйкесінше 24,4-26,1 пайызға ұлғайғанын еске салды. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев оң динамиканың осы жылы да сақталып отырғандығын баса айтты. Енді кейбір цифрларға тоқталар болсақ, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде 2017 жылы өзара тауар айналымы 54,2 млрд АҚШ долларын құраған. Ал одақтың үшінші елдермен сыртқы сауда айналымы 2017 жылы 633,8 млрд АҚШ долларына жеткен.
Ал маусым айының бел ортасында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сапармен Қытай Халық Республикасына барды. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен ресми кездесу өтті, ортақ жобалар талқыланып, болашаққа негізделген бағыт-бағдар айқындалды. Жалпы, Қытай Қазақстанға тікелей инвестиция құю көлемі жөнінен 4-орынды иеленеді. 2017 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 10,5 миллиард долларға жетіп, 33 пайызға өскен. Бұл жердегі өсім 30 пайыздан асқан.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 24 тамызда Түрікменстанның Түрікменбашы қаласында Орталық Азия мемлекеттерінің басшыларының қатысуымен өткен Халықаралық Аралды құтқару қорының форумына қатысты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 25 жыл бұрын өзі бастамашы болған қордың қатысушы мемлекеттері басшыларының саммитінде ұтымды ұсыныстарын ортаға салды.
Қыркүйекте Түркия Республикасына ресми сапары аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен кездесті. Салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін Қазақстан мен Түркия президенттері арасында келіссөз өтті. Кездесуде бауырлас елдер басшылары екіжақты ынтымақтастықтың және сауда-экономикалық қатынастарды нығайтудың өзекті мәселелерін талқылады. Сапар қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтатын бірнеше құжатқа қол қойылды.
Сауда айналымы жөнінен Түркия Қазақстанның стратегиялық серіктестерінің алғашқы ондығына кіреді. Екі ел арасындағы тауар айналымы 2017 жылы 27 пайызға өсіп, 2 миллиард АҚШ долларына жуықтаған. Ал бұл жолғы сапар барысында құны 2 миллиард долларға жуық коммерциялық жобаларға қатысты келісімдерге қол қойылды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен тағы бір шара – Душанбеде ұйымдастырылған ТМД саммиті. Отырыста Қазақстан Президенті ТМД аясындағы қарым-қатынастарды нығайтып, дамыту үшін атқарылған жұмыстардың нәтижелеріне тоқталды. Сондай-ақ ұйымды реформалау және Достастықтың тұжырымдамалық құжаттарын жаңарту жолында қолға алынып жатқан шаралардың тиімділігін атап өтті.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазан айында Финляндия Республикасына ресми сапармен барды. Финляндия Президенті Саули Ниинистё және іскерлік топтардың, жетекші компаниялардың басшыларымен кездесуінде Елбасы еліміздің мүмкіндіктерін таныстырып, фин компанияларын Қазақстанға жұмыс істеуге шақырды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Брюссельде өткен «Азия-Еуропа» форумының ХІІ саммитіне қатысып, бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Жиын барысында Нұрсұлтан Назарбаев Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэмен және Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Инмен және Еуропа мен Азияға ықпалды басқа да тұлғалармен кездесті.
Ал желтоқсанда Қазақстан Президенті Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің отырысына және ТМД мемлекеттері басшыларының бейресми саммитіне қатысты. Кеңесте қаралған ең маңызды құжат – Еуразиялық экономикалық одақтың алдағы бағыт-бағдары айқындалған декларация.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»