• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Желтоқсан, 2018

Солтүстік Қазақстан әкімі жылды қорытындылады

432 рет
көрсетілді

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов әкімдіктің отырысында жыл қорытындысын жария етті.

«2018 жыл облыс үшін есте қаларлықтай жемісті қорытындыланды деуге толық негіз бар. Қолдағы мәліметтерге сүйенсек, облыс экономикасы көтеріліп, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарғанын байқауға болады. Қазақстан мен Ресей Президенттерінің қатысуымен өткен XV өңіраралық ынтымақтастық форумын ерекше атап өткім келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2021 жылдарға арналған кешенді жоспарынының қабылдануы-маңызды оқиғалардың бірі», деді Құмар Іргебайұлы.

Облыс экономикасы тұрақты дамып келеді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 2,1, құрылыс жұмыстары 3,7, өнеркәсіп өндірісі 1, орташа айлық еңбекақы 6,8 процентке өсті. Қазақстанның ауыл шаруашылығына салынған инвестицияның төрттен бірі облысқа тиесілі. Агроөнеркәсіп кешеніндегі цифрландыру, озық технологияларды қолдану, минералдық тыңайтқыштарды енгізу нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдері 544,2 мирлиард теңгеге жетті.

Экспорттық әлеуеттің артқаны байқалады. Он айда экспорт 19,5 процентке молайып, импорт керісінше 10,2 процентке төмендеді. 2200 бас сиырға арналған төрт тауарлы-сүт кешені пайдалануға берілді. 200 жаңа жұмыс орны ашылып, 3,3 миллиард теңгенің цифрландыру элементтері енгізілді.

Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығында жалпы сомасы 1,2 миллиард теңге болатын бес жоба жүзеге асырылуда. Ішкі жалпы өніміндегі орта және шағын бизнестің үлесі биыл 25,4 процент болды. Оны 30 пайызға жеткізу көзделген. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының 2025 жылға дейін ұзартылуы жаңа 3 мың жұмыс орнын ашуға, салық базасын 8,5 процентке өсіруге, 80 миллиард теңгенің өнімін шығаруға мүмкіндік беретін болады.

1600 отбасы жаңа қонысқа көшті. Бюджеттік мекемелердің 43 мың және экономиканың нақты секторындағы 101,6 мың қызметкердің жалақылары өсіріледі. Бес әлеуметтік бастама аясында шағын және орта бизнес субъектілеріне несие бөлу 2,8 миллиард теңгеге жетті.

Аймақ басшысының айтуынша, әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарына сәйкес алдағы жылдары болашағы бар 302 елді мекенде 3000 тұрғын үй пайдалануға берілмек. Петропавл қаласында 635 ескі үй сүріліп, екі мыңнан астам пәтер, әлеуметтік нысандар салынды. Жаңадан “Жас Өркен” мен “Солнечный” шағынаудандары бой көтерді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы