Қарағандыда осыдан бір апта бұрын облыстағы тұңғыш көші-қон халыққа қызмет көрсету орталығы ашылған болатын. Осы уақыт аралығында мұнда шетелдің 600 азаматы құжаттарын рәсімдеп үлгерді.
Шетел азаматтары бұл жерде бір сағат көлемінде ЖСН алып, тұру ықтиярхатын, сондай-ақ, өңірде тұру үшін қажетті басқа да құжаттарды рәсімдей алады. Жаңа мекемеде дәрігер бөлмесі де бар, ол жерде медициналық тексерістен өтуге болады, дактилоскопия, сақтандыру кабинеттері мен арнайы оқытылған кеңесшілер бар. Мамандандырылған ХҚКО қызметтің 11 түрі көрсетіледі.
– Егер бұрын шетел азаматы барлық құжаттарды рәсімдеу үшін бес күндей уақытын жұмсаса, енді оның барлығына тек 60 минутын кетіретін болады. Оған қоса Қарағандыға алғаш рет келгендер үшін түрлі мекемелерге бару қиын болатын, себебі олар қаланы білмейді. Ал мұнда біз бір терезе приципі бойынша қызмет көрсетеміз, – дейді Қарағанды облысының көші-қон қызметі басқармасының басшысы Асхат Мұқанов.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды