2018 жылы 5 қазандағы Жолдауда айтылған Президенттің ұсынысы бойынша биыл Жастар жылы болып жарияланды. Осыған орай, алда қандай жұмыстар атқарылмақ?
Қоғамдық даму министрі Дарxан Кәлетаев былтыр қарашада «Ел ертеңі – болашақ жастардың қолында» Жол картасының жобасы әзірленгенін хабарлаған еді. Аталған министрлік жанынан құрылған Жастар және отбасы істері комитетінің басшысы Асхат Раздықұлы: «Жол картасында министрліктерден бастап, барлық мүдделі мемлекеттік мекемелердің, жергілікті әкімдіктердің, жастар саясатымен айналыстан үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстары мен жобалары қамтылды. Сонымен қатар қоғамдағы пікірлер мен әлеуметтік сауалнамалардың нәтижелері де ескерілді. Жол картасының негізгі мақсаты – әр санаттағы жастарға қолдау көрсету. Оның ішінде 14-18 жас аралығындағы мектеп оқушылары да, колледж, институт, басқа да ЖОО студенттері, жас отбасылар, кәсіпкерлер мен жұмыссыз жастар да бар», дейді.
Мемлекет басшысы: «Жастар және отбасы институтын қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиіс», деген еді. Соның дәлелі, өткен жыл жастарға арналған жобалардың қарқынды қолға алынуымен ерекшеленді. Нақты тілге тиек ететініміз: қыркүйек айынан бастап 20 000 грант бөлінді. 2022 жылға дейін 75 мың адамға арналған жатақханалар салынады. Бұл – осыншама отбасына көмек деген сөз. Өйткені тегін білім, стипендия алып, жатын орынмен қамтамасыз етіліп, оқуын тәмамдап, табыс тапқан әрбір адам өз отбасына қолдау көрсетіп, тірек болу мүмкіндігін иеленеді.
Сондай-ақ Жастар және отбасы істері комитеті өз жұмысын бастады. Бұл да жастарға жүйелілік жағынан үлкен қолдау. «Біздің мақсатымыз – жастарға арналған әлеуметтік лифт платформасын кеңейту. Бізде жүйе қалыптасқан, бала мектепті бітірген соң, ҰБТ арқылы грант иелене алады, егер оны қаламаса немесе мүмкіндігі болмаса, 2 жыл тегін оқытатын кәсіптік колледждерге бара алады. Міне, бұл да әлеуметтік лифт», дейді комитет басшысы.
Комитет өкіліне «Жастар жылы жалаулатумен өтіп кетпей ме?» деген қоғамда туындаған сұрақты қойдық. Ол: «Жол картасы нақты индикаторларға толы болады деген сенім бар. Үкімет қаулысымен бекітілген мемлекеттік бағдарламаларға әр бағыттағы жастар индикаторын енгізуді ұсынып жатырмыз. Үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыстамыз, солармен бірлескен жұмыс ретінде әрі қоғамдағы алаңдаушылықты ескеріп, пайдасыз жиындар, форумдар мен дөңгелек үстелдерден гөрі біздегі суицид, нашақорлық, бұзақылық секілді өзекті мәселелердің алдын алу мақсатында жастарға маңызды әрі қызықтыратын акцияларды, марафондарды, жаңа форматтағы жұмыстарды ұйымдастыру жоспарда бар», дейді.
Шалғайдағы жастарды да назардан тыс қалдырмау қажет деген ой тағы бар. Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғырту керектігін айтқан еді. Соған сай, «Ауыл – ел бесігі» атты жобаны жүзеге асыруды да тапсырған. Бұл ретте Ауыл шаруашылығы министрлігі мен өзге де мекемелердің бастауымен арнайы Жол картасы дайындалмақ.
Статистика комитетінің мәліметінше, қазір елімізде 3 900 834 жас бар. 4 миллионға жуық жанға Жастар жылы берекелі болсын!
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»