«Уақытты өлтіру үшін көздеудің де қажеті жоқ» дейді екен. Әне-міне дегенше тағы бір жыл тарих қойнына сүңгіді. Атқан таңын арайға балаған біздің қазақ өткен күнге өкпе артпаған. «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деп жақсылық пен жақсы үміттің барлығын алдан күткен. Іргемізден енген жаңа жыл жанға шуақ сыйлайтын жарқын шақтардың жаршысы болғай. Уақыт бедерінде қатталған асқан асу мен бағындырған белес халқым деген қайраткерлердің есімдерімен астасып жатқаны анық. Газетіміздің биылғы алғашқы санында арман-аңсарын ел мұратымен егіз өрген тағылымды тұлғалардың мерейлі жылдарын тізбелегенді жөн көрдік.
Самал үні салқар даланың ән көгінде қалықтаған Кенен Әзірбаевтың туғанына – 135, қара сөздің зергері Жүсіпбек Аймауытовтың дүниеге келгеніне биыл 130 жыл. Қасиетті қазақ жырының құлагері атанған Ілияс Жансүгіровтің, өлеңде де, өмірде де өрісін тарылтпаған сұлу сөздің сардары ақын Сәкен Сейфуллиннің, поэзия, проза, драма сынды әдебиеттің бірнеше саласында өнімді еңбек етіп, өшпес із қалдырған Бейімбет Майлиннің, ел тарихында есімі алтын әріппен қашалатын мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың, қазақ бастауыш мектебінің теоретикалық және практикалық негізін қалаушылардың бірі, тілтанушы-түркітанушы Телжан Шонановтың, ұлт рухын оятам деп қилы заманның қыспағына ілінген қайраткер, публицист Сұлтанбек Қожановтың туғанына 125 жыл толады. Осы орайда қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Сәтбаевтың, тіл білімі саласындағы алғашқы қазақ профессоры, түркітанушы, педагог Құдайберген Жұбановтың, ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Елубай Өмірзақовтың туғанына – 120, қазақ бейнелеу өнерінің хас шебері Әбілхан Қастеев пен ұлттық археология мектебінің негізін қалаған халқының дара перзенті Әлкей Марғұланның дүние есігін ашқанына 115 жыл толатынын да айрықша атай кеткен жөн.
Саналы ғұмырында театр сахнасындағы талай сүйекті рөлдерді сомдап, «Тақиялы періште» кинофильміндегі ана бейнесімен халық жүрегінде мәңгі қалған халық әртісі Әмина Өмірзақованың, Екінші Дүниежүзілік соғысында ерен ерлігімен танылған қос бірдей Кеңес Одағының Батырлары Нүркен Әбдіров пен Біліс Нұрпейісовтің туғанына биыл 100 жыл.
Жан сырын өлеңге жайып салып, махаббат, достық, туған жер сияқты мәңгілік тақырыптарды жыр тілінде кестелеген ақын, аудармашы Ізтай Мәмбетов, қазақ баспасөзінде айшықты із қалдырған қайраткер-қаламгер Кәкімжан Қазыбаев, қазақ бейнелеу өнеріндегі тұғыры биік тұлғамыз Гулфайрус Исмайлова, халқының сүйіктісіне айналған әйгілі театр және кино актері Қасым Жәкібаевтардың 90 жылдығы.
Қазақ руханиятында есімдері айрықша аталатын балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев пен жазушы-сатирик Шона Смаханұлы, әйгілі археолог Кемел Ақышев, сонымен қатар егемен еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов пен Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына да биыл 95 жыл толмақ.
Нақ осы жыл «Өлең, сені аялап өтем» дейтін өзінің әйгілі тұжырымдамасымен жырға ғашық жүректерге дауа болған қазақтың аяулы ақын қызы Фариза Оңғарсынова, қара сөздің қасиетін еміп, кейінгіге телегей-теңіз мұра қалдырған мемлекет және қоғам қайраткері жазушы Әбіш Кекілбаев ортамызда болса 80 жасқа келер еді. Амандық болса, жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов – 95, ән өнерінің саңлағы атанған қазақтың ерке қызы Бибігүл Төлегенова мен қазақ әдебиетінің тарихын, теориясын, Мағжан Жұмабаев сияқты толағай тұлғалардың өмірін індете зерттеген көрнекті ғалым Шерияздан Елеукенов – 90, қазақтың қилы тағдырын қаламына арқау етіп, «Алтын тамыр», «Көмбе», «Қазақтар» сынды бірқатар іргелі шығарма жазған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Қойшығара Салғарин, болашақ ұрпақтың рухани дамуына азық болатын бес бірдей іргелі монографияның авторы, айтулы ғалым Амангелді Айталы, Парламент Сенатының тұңғыш төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді мерейлі 80 жасқа келеді.
Қазақ баспасөзінің қарашаңырағы «Egemen Qazaqstan» газеті де 2019 жылдың желтоқсан айында ғасыр тойын тойламақ. Қазақ журналистерінің бірнеше шоғырын қалыптастырған абыз басылымда халқымыздың талай қабырғалы қаламгері қызмет етті. Солардың қатарында ұзақ жылдар бойы «Egemenniń» Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарған журналист Саламат Хайдаровтың биыл 100 жылдығы. Бір кездері басылымның бас редакторы болған, қазақ баспасөзінде елеулі еңбек еткен Балғабек Қыдырбекұлының 90 жылдығы да газетіміздің мерейлі белесімен тұспа-тұс келіп отыр. Сондай-ақ биыл ұлт руханиятының алтын ордасы Қазақстан Жазушылар Одағының құрылғанына 85 жыл толатынын, «Қазақ әдебиеті» газеті 85 жасқа келгенін ойлы оқырман қауым біле жүргені дұрыс.
Біз келтірген мәліметтер осы жылы ел білуге тиіс мерейлі күндердің бір парасы ғана. Бұдан бөлек, тарихымызда ойып тұрып орын алатын бірқатар ірі оқиғалардың дөңгеленген датасы еншіміздегі жылмен қатар келетінін ескерген жөн. Қаламымызға ілінген «дара тұрар даталар» той үшін, болмаса дүрмек үшін емес. Халқы үшін адал еңбек еткендердің есімдерін ұрпақ санасында әлдилей алсақ, арамызда жүрген асылдарымызды ардақтай білсек деген игі тілек қана.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ