Жексенбі, 20 мамыр 2012 10:58
Бастықпен арада болған бас-аяғы бес-он минуттық әңгімеден соң, Ұзынағашты бетке ұстаған ақ “Волга” жер тарпып келе жатты… Алда не күтіп тұрғанын бір құдай біледі. Әйтеуір құлағымда: “Ұзынағашта көтеріліс болып жатыр…” – деген редактор айтқан бір ауыз сөз қалыпты.
Жексенбі, 20 мамыр 2012 10:58
Бастықпен арада болған бас-аяғы бес-он минуттық әңгімеден соң, Ұзынағашты бетке ұстаған ақ “Волга” жер тарпып келе жатты… Алда не күтіп тұрғанын бір құдай біледі. Әйтеуір құлағымда: “Ұзынағашта көтеріліс болып жатыр…” – деген редактор айтқан бір ауыз сөз қалыпты.
Алматы облыстық “Жетісу” газетінің басшылығына обкомның сектор меңгерушілігінен жаңадан ғана келген Баймолда Мусин көп сөйлемейтін кісі болатын. Қадап тұрып, қайталай-қайталай ескерткені: менің бұл жазатын мақаламды алдымен обком хатшысы Шәріп Омаровтың (қазіргі Мәжіліс депутаты) өзі оқиды екен. Бастықтың мұнысын: “Көтерілісшілерге емешегің езіліп кетпесін”, – дегені деп ұқтым. Өйткені, баспасөз біткеннің шындықтың бетін тіліп, жарыса жаза бастаған кезі еді ғой бұл… Түсініп тұрмын. “Өйтіп жазатын – “Лениншіл жас”, “Комсомольская правда”… Ал, біз – партияның газетіміз.”
Әрине, ол жағына, біздер, партияның тілшілері айтпаса да тастаймыз, бәрін де бастықтың ерін емеурінінен біле қоямыз. Дегенмен редактордың аты редактор, қайталап ескертуге міндетті! Оның үстіне: “Ұлт араздығы мәселесінде аса сақ болу керек. Бұрын соңды қазақ пен чешен арасында мұндай жанжал болмаған”, – деп сөзін бір қайырған бастық сәл-пәл ойланып қалды: “Болған… болған, бірақ мынадай жариялық алмаған… Әрбір сөзіңнің астарына аса сақ болып жаз, бала. Бүкіл обкомдағылардың бар назары осында…”
Жарты сағат өтер-өтпесте межелі жерге жетіп келдік. Осында, аудандық газетте жүргенде өзім босағасынан тізем дірілдеп аттайтын, мені партия қатарына қабылдаған әйгілі ақ үйдің алды сенейін бе, сенбейін бе, ығы-жығы… қиқулаған қалың топ. Мұндай халық нөпірі Ұзынағашта тек 1 мамыр мен 7 қарашада ғана болатын. Онда да аупарткомның алдына емес, таяқ тастам жердегі Мәдениет үйінің алдына, парадқа, демонстрацияға жиналатын.
Аупарткомның тура кіре беріс есігінің алдына сояудай етіп қылқитып, жалғыз микрофон қойылыпты. Кеу-кеулеген көпшілік – бір жақта. Басу айтып, сабырға шақырған дауыстар естіліп жатыр. Бірақ, еліріп алған көпшілік сөз тыңдар емес. Айқай-шу. Ештеңе естіртпейді. “Кетсін-кетсін… Көшсін-көшсін!”
Алдымен жолыққан кісім аудандық газетте бірге қызмет еткен Есенқұл Жақыпбеков болды. Шегір көздері шатынап тұрған ақын досым анда-санда қиқуға екілене үн қосып қояды. Маған да мән жайды түсіндіріп үлгеріп жатыр. Есенқұлдың сөзінен ұққаным – бар пәле Ұзынағаштың иығындағы, тау бөктерінде тұрған Ынтымақ ауылынан шыққан ғой. Бір ауылда тай құлындай тебісіп өскен екі бала көкпардан кейін малдас құрып отырып алып, мінген аттарын мақтасады… Содан ерегіс шығады. Кіжіңдесе келіп, жұдырық жұмсасады. Таяқ жеп қалған чешен бала булығып үйіне барады. Екі ағасы үйде екен, атып шығып есе қайтарады. Қазағыңыз да қарап жатпаған, үш ағасы үйде екен… Мылтық атылады, ауыл дүрлігіп, іле көтеріліп кеткен. Бір қызығы, әзірге көзі шыққан, басы жарылған ешкім жоқ…
Бірақ, қазіргі мына нөпірдің бет алысы жаман. Оның үстіне қарақұрым халықтың қайдан келіп жатқанын айтсаңызшы… Көз алдымызда көбейіп, аттандап-айқайлаған дауыстар тым зорайып барады.
Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы екен, аты-жөнін ұмытып қалыппын… Ыздиып келіп, қолына микрофон ұстап еді, ел одан бетер дүрлігіп кетті. Шамалауымша, аудан басшысы ретінде ол бұған дейін де көтерілісші халыққа әлденеше рет басу айтқан секілді. Бұл жолғы талпынысы да сәтсіз аяқталды. Не айтпақ болғанын естімедім. Көпшілік естіртпеді. Содан не керек шарасыз шенеунік: “Әй, бұларды қойшы!” – деп, қолын бір сермеп, микрофоннан жылыстады.
Микрофонға тағы бір кісі жақындады. Ауыл адамдарына генералдың атауының өзі таңсық. Міне, алдарында сол генералдың өзі тұр. Шу басылып, жұрт сәл-пәл сабыр сақтады. Сөйлеуші анау-мынау емес ішкі істер министрінің орынбасары екен. Микрофонға жақын тұрған шенеуніктің бірі қонақтың аты-жөнін, қызметін зырылдатып мүдірмей айтып шықты. Жұрт тынышталды. Бәкене бойлы тығыншықтай ақ шашты генерал бұл тынышталуды алғашқы жеңісіне балап, масаттанғандай көрінді маған. Екі иығын қомдап, жөткірініп, көзілдірігін тағып, қолына бір жапырақ қағазын алып, сөйлеуге дайындалды. Бірақ, қырсық шалам десе аяқ асты ғой, министр орынбасарының әңгімені орысша бастағаны көпшілікке бүйі тигендей әсер етті. Оның аузынан шыққан әр сөзіне ысқырып, айқайлап, наразылық білдірді. Байқалғаны, жауапты министрліктің жауапты адамы мынандай төтенше ахуалдың туу себебіне, оның кейін қандай өріс алатындығына зер қоймаған екен. Мұндай жағдайда, ең алдымен, ашынған мына халықтың көңіл-күйін аңдау керек сияқты еді. Алдын ала дайындықтан жұрдай генерал көзілдірігін түзеп, жұрттың дүрліккеніне қарамастан қолындағы қағазын бетіне жақын тақап, судыратып оқи бастады. Ең соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда қылмыс жасау саны чешендерге қарағанда қазақ ұлтының арасында тым көп, әрі тым асқынып тұр екен. Ұзынағаштағы бас көтеруді соның бір ғана көрінісі деп тану керек. Мәс-саған! Мынадай баяндама қызынып әрең тұрған халыққа шоқ тастағандай әсер етті. Мынау отқа май құю ғой! Жұрт азан-қазан. У-шудың арасында микрофон тұрған қатар мен көтерілісшілердің алшақ тұрған арасы жанаса түсті. Қалың топтың ортасынан атылып шыққан ұзын бойлы қара торы жігіт екпіндеп келген бойы, генералдың қолынан микрофонды жұлып алды.
– Естідіңдер ме, генералдың не айтып тұрғанын. Қазақстанда тұратын қазақтардың барлығы қылмыскер екен. Ал чешендер болса қойдан жуас…
Генерал да сасқан жоқ, микрофонды қайтарып алуға әнтек ұмтылып еді, жігіт оның қолын қағып жіберді, кімсің деген жоқ. Осының бәрін қалт жібермей көздерімен көріп, бақылап тұрған көтерісшілердің арқасы қозды да кетті-ай дерсің…
– Сайын жарайсың!
– Қатырдың, Сайын!
– Алға, алға!..
Халық пен шенеуніктердің орта тұсында әр-әр жерде шоғырланып тұрған милиция қызметкерлері не генерал жағына, не көтерілісшілер жағына шығарын білмей абдырап қалған. Мұндай тосын оқиғаның боларын кім күткен? Өйткені, қалың топтың арасынан әлдекім: “Жігіттер! Бос сөздің керегі не. Кеттік Ынтымаққа!” – деп айқай салды. Халық толқып кетті.
Аудан басшысының қасында микрофонды төңіректеп тұрған бүкіл Алматыға, Қазақстанға танымал, аты бар азаматтар еді. Не істерін білмей, күбіжіктеген партия солдаттарының қазіргі шарасыз кейпі шынында да тым аянышты болатын. Генералдан басқа обкомның қос хатшысы – Шәріп Омаров пен Бақыт Оспанов (қазір министр, республиканың жер ресурстарын басқарады), облыстық МХК бастығы Болат Байекенов (кейін республикалық МХК-нің, президент күзетінің бастығы болған) тағы басқалар көтерілісшілерге бұйырып та, зекіп те ештеңе тындыра алмасын енді ғана түсінсе керек. Түрлері өрт сөндіргендей. Олардың қай-қайсысы да дәл осы күнге дейін халықтың алдында дәл бүгінгідей шарасыз күй кешпеген шығар. Шенеуніктердің абдыраған жүздерінен кімді кінәларын білмей дел-сал болғаны ап-анық аңғарылады. Демократия деген ұғымның жанға жағатын жұп-жұмсақ жылы лебі ғана емес, үйіріліп соғатын дүлей дауылы да болатынын дәл сол күнге дейін көз ашқаннан кеңес тәрбиесімен өскен көпшілігіміз түсінбеген екенбіз… Минут санап асқынып бара жатқан мына оқиғаның немен аяқталарын дәл кәзір ешкім болжай да алмас. Ұрынарға қара таппай толқып тұрған халықтың түрі мынау!
Қалың топтың ішіне кірдім. Аракідік жүзтаныстар кездесе бастады. Мына кісі – Сәт Тоқпақпаев (қазіргі Қорғаныс министрі), облыстық мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары. Бұдан бір апта бұрын ғана сталиндік қуғын-сүргіннен ақталған азаматтар туралы газетімізге ол кісімен болған сұхбатым жарияланғаны бар еді. Кездесіп тұрған жерімізді қараңыз! Басында күнқағары майысқан көнетоз шәпкі, тым қарапайым киініпті, МХҚ-нің полковнигі деп ешкім ойламас, сірә! Бірден таныды, қағылез кісі ғой. Қол беріп амандастық. Полковник артық сөзге келмей, кідірместен қалың топтың ішіне кіріп кетті, әрине, ол қызмет үстінде жүр.
– Көшсін!..Кетсін!
Елдің ұран сап тұрғаны – осы екі-ақ ауыз сөз.
Кенет, микрофонды маңайлаған басшы топ қауқылдасып қалды. Қарасам, орталарында белгілі жазушы-журналист Балғабек Қыдырбекұлы тұр. Қасындағылардың сөзіне құлақ қоя, басын изеп жатыр. Сонымен, не керек, Қазақ КСР халық депутаттығына осы ауылдан сайланған қаламгер-қайраткер қолына микрофонды алғанда жұртшылықтың шуы тағы да бір сәтке сәл-пәл басылды. Жабырқап тұрған шенеуніктер мына ызалы тобырдың ашуын басатын бір құдірет көктен түскендей, жүздері жадырап, тіпті құнжыңдасып қалды. Барлығы бірдей қоғадай жапырылып, қаумалап, жазушы-депутатты ортаға оздырды. Иә, иә, парткомды тыңдайтын халықтың ауылы алыста қалған ба, қалай!? Бәкең алтын жиекті көзілдірігін батар күннің шұғыласына шағылыстырып, айналасын асықпай шолып, аз-кем үнсіз тұрды.
– Бауырларым, – деді бір уақытта жазушы.
Бірінші байқағаным, біз сияқты жас журналистерге аса сабырлы, артық сөзі жоқ, әрі ылғи да сұсты көрінетін азамат ағаның даусы жарықшақтанып, діріл араласып шықты. Өзінің алдында сөйлегендердің сөзінен еш нәтиже шықпағанын саралап үлгерген болуы керек, Бәкең көпшіліктің көңілін таба, солардың ығына жығыла сөйледі.
– Бауырларым, мен де өздерің сияқты осы ауылдың түлегімін, сол себепті жүрегім сендермен бірге. Бұл чешендермен бала кезден бір топырақта тұрып, бір бастаудың суын ішіп келеміз. Бірақ, бетіне айту керек, олар сонда да бір мал ұрлағанын қояр емес. Тыйым бола ма, өзі болмай ма? Өтірік десе, міне, Шаранның өзі де тұр ғой осында…
Шенеуніктердің қатарында Бәкеңе жақын орта бойлы чешен бөрікті жігіт ағасының есімі жұрттың бәріне таныс болатын. Өйткені, Шаран Таумырзаев аудандағы ең атақты шопан. Суреті аудандық газеттің бірінші бетінен түспейді. Жылына әр жүз саулықтан кемі 195 қозы алатын батырыңыз да осы кісі. Шаруақор шопан шамданып қалды ма, әлде басқадай жағдай ма, әйтеуір бірдеңе дегісі келіп алға ұмтылып еді, халық шулап кетті. Жұрттың жақтырмаған көңілін байқаған шопанның өзі де микрофонға қайта ұмтылуға ыңғай танытпады.
Жөн-жосықсыз айқай-шу депутат-жазушының сөзін бөліп, түк естіртпеді. Оның үстіне, көтерілісшілердің дуалы ауыздан күткені бұл емес сияқты. Айқайға басқан адуынды топ: “Сіз депутат болсаңыз бізге чешендер осы жерден көше ме, көшпей ме, соны айтыңыз!” – деп қатты кетті. Болмысынан сырбаз, кірпияз жазушы жерлестері дәл бұлай дүрсе қояды деп күтпесе керек, сөзінен жаңылды. Ақыр соңы мұндай аудиторияның алдында бұрын-соңды шығып, сөз сөйлемеген Бәкең әріге бармай, әңгімесін шорт үзді.
Жұрт азан-қазан.
– Көшсін!.. Кетсін!..
Шашаусыз шыққан зілді дауыстар жаңғырығы зорайып бір қиырдан бір қиырға жетіп, ащы ішектей созылып жатқан Ұзынағаш ауылын басына көтерді. Иттерін үргізді.
Қайдан келіп жатқанын кім білсін, бағана біз бірінші көрген халық нөпірі екі есеге ұлғайып үлгерген. Шынында мына жұрттың құр айқайға жиналмағанын басшылық кеш те болса түсіне бастаған секілді. Қазіргі күбіжіктеген сөздері, қолапайсыз қимылдары соны байқатқандай. Мұндайда ақыл да кірмей ме, әйтеуір, сасқалақтаған шенеуніктердің жүзінде: “Енді не істейміз?” – деген үрей нышаны тұрды. Иә, мынау құр айқай емес еді. Халықтың бойында әлдеқандай бір ашу бары ендігі жерде аса қатты байқалды. Жиналған ел желді күнгі дариядай толқиды. Енді бір шайқалса, ернеуден шығып кетпек… Басшылықтың сасатын жөні бар, өйткені, олар бағанадан бері жұрттың көңілін жыға таба алмай, уақытты өткізіп алғанын түсінгендей.
Күннің көзі ауды. Кеш болды. Қараңғы түссе не болмақ? Ал, көтерілісшілердің үйлеріне қайтар түрі байқалмайды. Шынында да іс насырға шапқалы тұр. “Көшсін!.. Кетсін!.. Болмаса от қоюды Ұзынағаштың шеткі үйінен бастаймыз”. Ауылдың шетінде түрік ағайындардың көшесі бар еді… Сұмдық сонда басталмақ!
Аупарткомның ақ үйінің бүйіріне таяп келіп тоқтаған сұр “Волганың” ішінен үлкен зерлі шапанын сүйретіп, ақ сәлделі кісі асықпай түсті. Қасына ерген екі-үш адамы бар. Бас мүфтиіміз – Рәтбек қажы ақсақал екен. Басшылар тобы жапа-тармағай қол созып амандасты. Бұл кезде көтерілісші жігіттің бірі микрофонды қолына алып, жұртшылықты ауданнан чешен ұлтының бір өкілін қалдырмай қуып шығуға, оны уақыт созбай дәл қазірден бастауға шақырып жатқан. Қазақ КСР-інің Бас молдасы төңірегіндегі кісілердің барлығының сөзін мұқият тыңдады. Бір шоғыр болып тұрған чешен-ингуш тобының адамдары да молдекеңнің қас-қабағын аңдып, бәйек болып, мазасызданады. Кезекте, шенеуніктер жағынан, сөйлейтін адам да қалмаған. Рәтбек қажы микрофонға таяп келіп, әңгіме бастамақ ниетпен: “Бисмиллаһи рахман-ир-рахим”– дей берген. Бірақ, құжылдаған халықтың дауысы басылмады. Қайта зорая түсті. Сөзге ырық беретін түрі жоқ.
– Оу, бұл не? – деген мүфтидің даусы аз ғана үзілістен соң тым ащы шықты. – Бөрінің к…ше шу-шу етесіңдер. Оу, айналайын халқым, не бүлінді, не болды? Сабыр қайда?
Инабатты кісіден мұндай сөз күтпесе керек, жұрт ошарылып қалды. Топтың ішінен:
– Чешендер туған еліне көшсін. Қазақстаннан кетсін. Бүгін түнде көшіреміз!.. Басқа ештеңе білмейміз! – деген өктем бір дауыс шықты. Молдекең де саспады.
– Жарайды, көшірсек көшірейік… Қашан? Қазір ме, оған дайынсыңдар ма? Әй, біздер, бәріміз бауыр басқан мұсылман баласы емеспіз бе. Мына Шаранның өзі пәленбай жыл қоян-қолтық араласқан қазақ бауырларыммен бір жылқы, екі-үш қой сойып, осында жатқан әке-шешеме ас беріп, құшақтасып, қимай қоштассам болмай ма деп тұр… Құдайшылығын айтыңдаршы! Шаранның сөзі жөн емес деп көріңдерші.
Бас мүфти атақты шопанның жеңінен ұстап, қасына тартты.
– Осыным дұрыс па, Шаран?
– Дұрыс Хазірет, дұрыс, – деді Шаран бас шұлғып. Осы екі арада атақты шопан іштегі өкпесін де айтып үлгерді. –Өздеріңіз білесіздер, халайық, менің 100 саулықтан 196-дан қозы алған күнім де болды. Бірақ, Жамбыл ауданы маған еш уақытта бірінші орынды бермеді. Ылғи да бір қозы артық қостырып, алдыма басқа бір шопанды шығарып жіберіп тұрды. Мен сонда да осыншама жыл түк демедім…
Жұрт шуылдай бастап еді, Рәтбек қажы қолын көтерді.
–“Тоқтаңдар, тоқтаңдар!”
Халық қайтадан қалпына түсіп, сәл саябырсыды. Молдекең сөзін одан ары жалғады.
– Ал, жарайды онда. Бүгін осы жерде төбелесіп таралық. Құйысқаны онсыз да, сендерсіз де, көтеріліп тұрған чешен бауырларымыз Грозныйға көшсін. Ал, жарайды, содан кейін не болады… Әй, ағайындар! Біздің балаларымыз Руссияның әр бұрышында әскерде қызметте жүр емес пе. Сол жақта чешеннің баласы “сендер бүйтіпсіңдер деп” қазақтың баласымен пышақтасып жатса не болдық, соны ойладыңыздар ма? Жарайды, оның бетін аулақ қылсын… Өздерің айтыңдаршы, қайсыларыңның үйіңде Қонаев ағамыздың суреті бар. Иә, бәріміз ол кісіні жақсы көретінімізде шек жоқ қой… Айтыңдаршы, қайсыларыңның үйіңде?
“Қонаевтың қатысы не бұл жерде?” дегендей жұрт мүлдем аңтарылып қалды.
– Мен жақында Алматының бір топ үлкен, мархабатты кісілерімен чешен бауырларымыздың арнайы шақыруымен делегация құрамында Грозныйға барып қайттым, – деп Рәтбек қажы сөзін жалғады. –Қазақ бауырларымыз келді деп, чешендер әуежайда табанымызға кілем төсеп қарсы алды. Басын иіп тұрып алды. Олар бізге қорыққанынан осылай істеді дейсің бе!? Жоқ! Сексенге келген мүгедек шал науқасына қарамастан, әуежайда еңбектеп келіп, етегімнен сүйді. Соғыс жылдары қазақ бауырларымыздың арқасында аман қалдық деді, қазақша сөйлеп. Білдіңіздер ме? Менің көзімнен ыршып жас шықты… Ал енді, үйме-үй төрге Қонаев ағамыздың портретін іліп қойған. Біздің ағамыз, біздің патшамыз дейді. Ал біз, мына жерде құр бекерге шу-шу етеміз… Әй көшіретін болса өкімет бар ғой! Мемлекеттің басшылары бар ғой…
Молдекең сөйлеп жатты, сөйлеп жатты. Енді оның сөзін ешкім бөлмеді. Дегенмен, жұрт бағанағы ызалы райынан сәл де болса қайтқандай. Құр насихаттан әбден зәрезап болған жұртың жүрегіне жететін сөз керек болған екен. Мұздай қатқан жүздерінің тоңы да сәл-пәл жібігендей. Көтерілісшілердің талабын орындау мақсатында екінші жақ та амал табатынын бастырмалатып айта бастады. Қысқасы, жұрт бітімге келгендей сыңай танытты…
– Ал енді, құр бекерге шу-шу етпей, осы беттеріңмен үйге қайтыңдар! Талаптарың орындалмай жатса, тағы бірде дәл осы жерге жиналасыңдар да…
Бас мүфтидің осы сөзінен кейін, шынында да, сеңнің көбесі сөгілгендей болды. Тұтасып иық тіресіп тұрған халық ақырындап ыдырай бастады.
Билік басындағылар иығынан жүк түскендей “уһ” деді. Олар үшін дәл бүгін, дәл қазір тек қана уақыт ұту керек еді. Бүгін жұртты үйіне қалай қайтарудың амалын таба алмай торығып тұрған. Сол күні Ұзынағашта… жетпіс жыл халықты бұйрықпен билеген партия билігі қауқарсыз екенін көрсетті, алғаш рет оңбай сүрінді, күйрей құлады. Есесіне, “дін — апиын” болмай шықты. Дінбасы да барша халыққа сөзін тыңдата алады екен. Халық қашанда жөн сөзге тоқтап, үлкенін тыңдаған емес пе!
… Ауыл сыртындағы алаңқайға қырық-елудей ері бар, әйелі бар шоғыр топ жиналыпты. Қаракөлеңке болса да түрлерінде қатты әбіржудің бары байқалады. Үлкендері алдымен келіп Рәтбек қажының қолын алды. Аупарткомның алдындағы жеңістен соң өкімет адамдары молдекеңді алға салып, өздері жарты қадам кейіндеп жүре бастаған. Партия басшыларын ешкім таныстырмады. Олардың әрқайсысы атқарып отырған билік дәрежесіне орай алдымен сөз алып, жұртты тыныштандырып бақты. Шынында бұл кезде Покровка сияқты чешендер қалың тұратын ауылды ОМОН жасағы мен автоматшылар күзетіп тұр деген хабарды естігенбіз. Үлкен жолдардың әр бұрышына милиция қойылып, автобустар жүрмеді. Таңғаларлығы, сондай кедергілерге қарамай күллі ауданның жұртшылығы аудан орталығына қандай жолмен келгені әлі күнге дейін беймәлім.
Бір чешен түкірігіне шашалып, айқайлап дөрекі мінез танытты. Рәтбек қажы сөйлеп тұрған.
– Не деген көргенсіз еді, мынауың. Едірең-едірең етіп… Оу, андағы жұртты әрең сабасына түсіріп келіп отырмыз мұнда. Соны білесің бе? – Молдекең жігітті қатты сөгіп тастады.
Осыдан кейін чешендердің үлкендері қауқылдасып, әлгі жігітке жаппай ұрсып берді. Бөркі дағарадай кішкентай шал күллі жұрттың көзінше жігітті қуып жүріп, жұдырықпен түйіп-түйіп сабады дейсің. Атырылып тұрған жігіт басын қолымен көлегейлеп, ығып барып, көптің ішіне кіріп кетті. Елтірі бөркін аппақ матамен көмкерген чешендердің молдасы Уәхид ортаға шығып, жұртты сабырлылыққа шақырды. “Қазақ бауырларымыздың ашуын – бірінші құдіреті күшті Алла, екінші – менің мәртебелі ұстазым, Ливия университетінің түлегі Рәтбек қажының сөзі басты”, – дегенді де айтуды ұмытпады. (Кейін Ичкерияның бас мүфтиі болған Уәхидті президент Жоһар Дудаевтың қасынан Ресей теледидары арқылы талай көріп жүрдік. –авт.). Үрпиіскен жұртты үйлеріне таратып, Алматыға қайтқанымызда, түн жарымынан ауған…
Ертесіне Алматы облыстық “Жетісу” газетінің бірінші бетінде “Ұзынағашта не болып жатыр?” атты менің мақалам шықты. Онда партия ұйымы басшыларының ұлт араздықты ушықтырмай, дер кезінде жұртшылықпен тіл табысқаны арқасында ғана қантөгіске жол берілмегені туралы жазылған еді… Шегіне жеткен оқиғаның от алып кетпегеніне дінбасының тікелей себепкер болғаны ол мақалада айтылмады. Себебі, компартия әлі де болса дін атаулыны тұсап тұрған 1990 жылдың тымырсық тамызы болатын.
Талғат СҮЙІНБАЙ,журналист.
Алматы.31 қазан 2001 жыл.