• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Қаңтар, 2019

Екібастұздағы «Богатырь Көмір» ЖШС-нен 44,5 миллион тонна көмір жөнелтілді

853 рет
көрсетілді

«Самұрық-Энерго» АҚ Үкіметпен байланыс және коммуникациялар офисінің мәліметінше, «Самұрық-Энерго» АҚ электр және көмір өндірудің 2018 жылғы жоспарын асыра орындаған. Өндіруші кәсіпорындар қуат нарығында жұмыс істеуге дайын. 

Ал Екібастұздағы «Богатырь Көмір» ЖШС-нің көмір кеніштерінен жыл басынан бері жоспарланған 40,7 миллион тоннаның орнына 44,5 миллион тонна көмір жөнелтілді. Экспорт көлемі  9,4 миллион тоннаны құрайды. 

Сонымен бірге, серіктестікте коммуналдық-тұрмыстық көмірді (КТК) жөнелту де тұтынушылардың тапсырыстарына сәйкес жоспарлы түрде  іске асырылуда.

КТК бойынша 2018 жылға арналған жылдық жоспар 1 миллион тоннаны құраса, жоспар 25 қыркүйекте орындалды.

Өткен жылдың желтоқсан айының соңында  серіктестік  Екібастұз көмірін пайдаланатын ауылдықтарға, ауылдағы шағын қазандықтарға  1,51 миллион тоннаны  құрайтын тұрмыстық-коммуналдық көмір сатылды.

Алдағы уақытта көмір  өндіретін кәсіпорын өнімділік пен бәсекеге қабілеттілікке жеткізетін сандық жүйеге көшірпекші.

Бұл күндері кәсіпорында тау-кен жабдықтарын жөндеуді басқару мен бақылаудың, жоспарлаудың автоматтандырылған жүйесі енгізілген.

Екі жылдың ішінде «Северный» кенішінде өнімділігі жылына 2 миллион тоннаға дейін көмір өндіретін кешен салу, сондай-ақ, жерсеріктік жүйені қолдану арқылы  тау-кен көліктік кешенін диспетчерлік басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу жобасын іске асыру жоспарланған.

Сонымен бірге, тау-кен жабдықтарын: экскаваторларды, технологиялық көлікті, бульдозерлерді, бұрғылау білдектерін жаңартудың 10 жылдық мерзімге есептелген бағдарламасы қабылданды.

Ал «Самұрық-Энерго» АҚ –  ірі электр энергетикалық холдингінде  энергия өндіретін кәсіпорындарға арналған электр энергиясы нарығындағы жаңа ережелер бекітілуде.

Холдингтің қызметі электр және жылу энергиясын өндіру, электр энергиясын жеткізу, бөліп-тарату және сату, энергетикалық көмір өндіру.

Холдингтің құрамына біздің өңірден энергия және көмір өндіретін «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, «Екібастұз ГРЭС-2 стансалары» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС енеді.

2019 жылдың 1 қаңтардан бастап, өндіруші жабдықтың тозу деңгейін қысқарту мақсатында, елімізде қуат нарығы қолданысқа енгізілді. Бұл мақсат-жаңа энергия кәсіпорындарын құруға, жұмыс істеп тұрғандарын жаңғыртуға және қайта құруға мүмкіндік береді. 

Өткен жылы желтоқсанда елімізде Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің (БЭЖ) Солтүстік және Оңтүстік аймақтары бойынша Электр қуатының орталықтандырылған сатылымы өтті.

Сауда-саттық электр энергиясы нарығының еліміздегі операторы «ЭҚРҚО» АҚ-тың сауда алаңында жүргізілді. Солтүстік және Оңтүстік аймақтарын байланыстыратын электр жеткізу желілерінің өткізу қабілетін ескере отырып өткізілді.

Қуаттың өткізілген сауда-саттық нәтижелері 2019 жылы «Самұрық-Энерго» АҚ энергетикалық жабдығының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында толыққанды инвестициялық жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді

Сатылым барысы электр энергиясы нарығының сауда алаңында жүргізіліп, оған еліміздің «Самұрық-Энерго» АҚ-тың негізгі өндіруші 5 кәсіпорны: «АлЭС» АҚ, «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, «Екібастұз ГРЭС-2 стансалары АҚ, «Шардара СЭС» АҚ және « Мойнақ СЭС» АҚ қатысты.    

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР