Ақтөбеде алғашқы қысқы қайырымдылық балы өтті. Оған меценаттық салаға ерекше назар аударатын мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер, ардагерлер, жастар, қоғамдық бірлестіктер мен қорлардың өкілдері, барлығы 200-ден аса адам қатысты.
Балға кіру үшін төленетін қайырымдылық жарна құны 10 мың теңге, яғни ұйымдастырушылар тек кіру билеттерінің өзінен мұқтаж жандар үшін 2 млн теңгеден астам қаражат жинады. Бұдан басқа, қоғамдық қайырымдылық қоры аукционнан түскен 3 млн теңге мен арнайы орнатылған жәшіктерде жиналған қаражатты берді.
«Президент жолдауы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен басқа да мемлекеттік бағдарламалар аясында биыл «Бақытты бала», «Туған жерге тағзым», «Мектепке жол», «Түлек.kz», «Ауыл қамқоршысы» және т.б. сынды көптеген қайырымдылық жобалар жүзеге асырылды. Осы залға жиналғандар бұл жобаларды бірінші болып қолдады. Нәтижесінде облыстың 508 мыңнан аса тұрғынына 6,5 млрд теңгедей көмек көрсетілді. Туған өлкесінің тынысына ат салысып, ықылас білдірген әрқайсысыңызға алғыс айтқым келеді»,- деді Бердібек Сапарбаев алғашқы қысқы қайырымдылық балының қатысушыларына.
Өңір басшысы қайырымдылық ісіне ерекше көңіл бөліп, әлеуметтік маңызы зор мәселелерді шешуге және ақтөбеліктердің түйіткілді мәселелеріне бей-жай қарамайтын облыстың үздік меценаттарын марапаттады. Атап айтқанда, облыс әкімі «Реал Газ Энерджи» ЖШС-нің қаржы директоры, қалалық мәслихат депутаты Алтынай Мұхановаға, «Стройдеталь» ЖШС бас директоры Анатолий Симоновқа, «Дару» оңалту орталығының құрылтайшысы, облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елеуов пен «Глобал Спецодежда» ЖШС директоры Надежда Шабаеваға «Жомарт жүрек» медальдарын табыс етті.
Бұдан өзге, Ақтөбе мен облыстың барлық аудандарының қиындыққа тап болған, сонымен қатар өтіп бара жатқан жылы оқуда, спортта және өнерде көзге түскен жиырма студентіне ноутбуктер берілді.
Айта кетейік, бірінші қысқы бал салтанатты түрде, дегенмен қарапайым өтті: ұйымдастырушылар мейрамхананың орнына жекпе-жек сарайының спорт залын, ал мол дастарханның орнына жеміс-жидектер мен салқын сусындар қойылған жеңіл фуршетті құп көрді.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»