Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «...мемлекеттің табысқа жетуінің кепілі елдің басты байлығы – адамның даму мәселесі болып отыр... Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі басты басымдыққа айналуы тиіс», деп атап өтті. Шынымен де, адам ресурсының даму деңгейі, жан дүниесінің рухани байлығы білім сапасымен өлшенетіні белгілі. Бүгінде отандық білім жүйесі ашықтық жағдайында ғана өзінің ең жоғары сапасына қол жеткізе алады.
Халықаралық ғылым-білім қауымдастығына толыққанды мүше болу бағытында еліміздің Арал өңірі мен оңтүстік-батыс аймағындағы бірден-бір іргелі жоғары оқу орны – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті үлкен нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Бұл тұрғыда Университеттердің ұлы хартиясына қол қою, Болон процесіне қосылу, кредиттік оқыту технологиясын енгізу, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын іске асыру, шетелдік жетекші ғалымдарды шақыру, жоғары оқу орындарының автономиясы қағидасын қабылдау, ғылыми және академиялық этиканы мүлтіксіз сақтау, ұлттық және әлемдік рейтингтерге белсенді қатысу жұмыстарын айтсақ та жеткілікті.
Жоғары оқу орындарының рейтингтері – бұл білім беру процесін бағалаудың әлемде мойындалған тетіктерінің бірі. Бүгінде талапкерлер, жұмыс берушілер, инвесторлар, тіпті мемлекет үшін қай білім ордасының да тартымдылығы әлемдік немесе ұлттық рейтингте орындарды иелену деңгейіне сәйкес айқындалады. Рейтингтер нәтижелерінің мемлекеттік және басқа гранттарды тағайындау конкурстарында ескерілетінін де айтуымыз керек.
Еліміздегі білім беру және ғылым саласындағы реформалар аясында атқарылған қызмет нәтижелерін талдау, түптеп келгенде, өзінің бәсекеге қабілеттілігін жүйелі дәлелдеп отыруы мақсатында университет институционалдық және білім беру бағдарламалары деңгейінде халықаралық және ұлттық рейтингтерге тұрақты қатысып келеді.
Британдық рейтинг агенттігі өткізген Шығыс Еуропа мен Орталық Азия университеттерінің арасында QS University Rankings: Emerging Europe and Central Asia (QS EECA) халықаралық рейтингінде Қорқыт Ата атындағы университет екі рет қатарынан Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдері университеттерінің Үздік 300-іне енді. Осылайша, дүние жүзінің 26 мемлекетінің (оның ішінде Ресейден – 87, Түркиядан – 46) жоғары оқу орны қатысқан халықаралық рейтингте еліміздің әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, ҚБТУ, Қазақ ұлттық аграрлық университеті сияқты жетекші оқу орындарымен бірге үздіктер қатарынан көрініп, әлемдік деңгейде танылуы, сөз жоқ, үлкен мәртебе.
Осы рейтинг барысында университеттің академиялық саясаты, жұмыс берушілер алдындағы беделі, жаңа мазмұндағы ғылыми-педагогикалық әлеуеті, ғылым-білім саласындағы халықаралық байланыс деңгейі, оқытушылар мен студенттердің академиялық ұтқырлығы сынды негізгі көрсеткіштер сараланды. Сондай-ақ білім беру қызметі, яғни үйрету, сабақ беру, зерттеу, түлектерді еңбекке орналастыру, интернационалдандыру, материалдық-техникалық база, қашықтықтан оқыту, әлеуметтік жауапкершілік, жаңашылдық, өнер және мәдениет, ашықтық, даярланған маманға нарықтағы сұраныс критерийлері бойынша бағаланды.
Британдық рейтинг агенттігінің сарапшылары университеттің сапалық көрсеткіштері айтарлықтай жоғарылағанын, білім бағдарламаларының сапасы жақсарып, олардың халықаралық стандарттарға сай интеграцияланғанын, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын белсенді жүргізетінін, сұранысқа ие инновациялық жобаларды іске асыратынын, өндіріс пен еңбек нарығының сұранысына жауап беретін жаңа технологияларды жасайтынын атап көрсетті.
Бұл – айтуға оңай көрінгенімен, іске асыруға кез келген жоғары оқу орнының әлеуеті жете бермейтін іс. Осы тұста университет басшылығы мен ұжымының қарымды қабілетінің, қажырлы еңбегінің, қалыптасқан дәстүр мен берекелі бірліктің нәтижесі айқын көрініп тұр.
Қазіргі күні университет құрылымында 7 факультет, 30 кафедра, ақпараттық модельдендіру технологиялары орталығы бар, білім беру қызметін 18 ғылым докторы, 25 PhD докторы, 203 ғылым кандидаты, 181 ғылым магистрі және басқа да тәжірибелі оқытушылар жүргізеді. Аймақтағы бірден-бір көпсалалы мемлекеттік жоғары оқу орнында бакалавриаттың 64 мамандығы, магистратураның 30 мамандығы, PhD докторантураның 9 мамандығы бойынша мамандар даярланады. Қазір барлығы 5042 (бакалавриатта – 4597, магистратурада – 402, докторантурада – 43) білім алушы оқиды. Білім беру, мұнай-газ ісі, құрылыс, электр энергетикасы, ауыл шаруашылығы және аймақ экономикасының өзге де салаларын қажетті мамандармен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік білім гранттары негізінде 876, сонымен қатар Қызылорда облысының әкімі жыл сайын бөлетін білім гранттары бойынша 369 студент табысты білім алуда. Өңірдің қажеттіліктері мен сұраныстарына жауап ретінде 2017-2018 оқу жылы бакалавриаттың 5В012500 − химия-биология, 5В012700 − математика-информатика, 5В012800 − физика-информатика, 5В090200 − туризм мамандықтары және магистратураның 6М050900 – қаржы мамандығы бойынша білім беру қызметін жүргізуге лицензия алынды.
Жоғары оқу орнының даму стратегиясында көзделген көптеген міндеттің жүзеге асуы білім алушылар контингентіне тікелей байланысты. Нарықтың қатаң да әділ талабы – осы. Сол себептен де білім алушылар санын көбейту бірінші кезекке қойылған. Бұл бағытта да ауыз толтырып айтар жетістіктер аз емес. Былтырғы оқу жылымен салыстырғанда 2018-2019 оқу жылында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша 945 білім алушы артық қабылданды.
Жүйелі жүргізілетін түрлі деңгейдегі рейтингтерге дайындалу үдерісіне профессорлық-оқытушылар құрамы мен қызметкерлердің еңбегін бағалау жүйесі оң ықпалын тигізуде. Мысалы, оқытушы-профессорлар құрамының кәсіби қызметін бағалау және көтермелеу мақсатында университетте 2012 жылдан бастап жылда «Үздік оқытушы» конкурсы өткізіледі, оның қорытындылары бойынша Үздік 100-ге енген оқытушыларға келесі оқу жылы бойына негізгі қызметтік жалақыларына қоса үстемеақы төленеді, ал алғашқы үздік бестікке «Қорқыт Ата атындағы ҚМУ Үздік оқытушысы» төсбелгісі табысталады. 2017-2018 оқу жылында рейтингке 401 оқытушы қатысты.
Университетте 2014 жылдан бері көптілді топтарда сабақ беретін оқытушылар IELTS халықаралық емтиханын тапсырады және оның нәтижелері бойынша еңбекақыларына қосымша үстемеақы алуда. Қазіргі күні аталған халықаралық емтиханды тапсырған оқытушылар саны 99-ға жетті.
Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттіктің Аккредиттеу кеңесінің шешімімен (IQAA) Қорқыт Ата атындағы университет 5 жыл мерзімге аккредиттелді (03.01.2018 ж.-03.01.2023 ж.). Сондай-ақ 80 білім бағдарламасы, оның ішінде 47 бакалавриат, 26 магистратура және 7 PhD докторантура мамандықтарының аккредиттелу туралы куәлігі бар.
Аталған агенттік жүргізген көпсалалы жоғары оқу орындары арасындағы ұлттық институционалдық рейтингте Қорқыт Ата атындағы университет көрсеткіштері жылдан-жылға өсіп, соңғы екі жылда алғашқы ондыққа берік орнықты (2015 жылы – 13 орын, 2016 жылы – 10 орын, 2017 және 2018 жылы – 9 орын).
Білім және ғылым саласындағы жоғары жетістіктері, еліміздің білім беру жүйесі мен экономикалық әлеуетін дамытуға қосқан үлесі, оқытушы-профессорлар және студенттер ұжымының биік кәсіби табыстары үшін Қорқыт Ата атындағы университет Еуразия экономикалық одағының «Признание» халықаралық сыйлығымен марапатталды.
Университет 2014 жылдан Аккредиттеу және рейтинг тәуелсіз агенттігі жүргізетін еліміз жоғары оқу орындарының сұранысқа иелігін анықтауға бағытталған Ұлттық рейтингісіне қатысып келеді. Рейтинг көшбасшыларының үштігіне бакалавриаттың – бастапқы әскери дайындық; биология; құрылыс; құрылыс материалдары, бұйымдары мен құрастырмалары өндірісі; биология; магистратураның – биология; тарих; қазақ тілі және әдебиеті; докторантураның – құрылыс материалдары, бұйымдары мен құрастырмалары өндірісі сияқты білім бағдарламалары енеді.
Елбасымыздың 2018 жылғы Жолдауында жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман даярлау сапасына қатысты талаптар күшейтілетінін қадап айтқаны белгілі. Бұдан былай оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы жоғары оқу орнының бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын басты көрсеткіші болмақ.
Болашақ мамандарды еңбек нарығына даярлау сапасын арттыру мақсатында Қорқыт Ата атындағы ҚМУ 2015-2016 оқу жылынан бастап нақты-бағдарлық оқыту жүйесін кезең-кезеңмен енгізу және өндірісте кафедра филиалдарын ашу процесін қолға алды. Қазіргі кезде университет кафедралары мен өндіріс орындарының ынтымақтастығы негізінде 41 филиал ашылды. Мамандарды нақты-бағдарлық даярлау университет түлектерінің еңбек нарығына енуін және олардың кәсіби құзыреттерінің сапалық өсуін қамтамасыз етуде. Түлектердің еңбекке орналасу көрсеткіші 2013-2018 жылдар аралығында сәйкесінше 71%-дан 85%-ға дейін өсуі – атқарылған жұмыстың жарқын көрінісі.
Соңғы үш жылда студенттердің кәсіби шыңдалуын қамтамасыз ететін кәсіптік іс-тәжірибе базасының саны екі есе өсті. Кәсіптік іс-тәжірибелер Назарбаев зияткерлік мектебі, №9, №10 «Білім-инновация» облыстық лицей-интернаттар, жалпы білім беру мектептері, облыстық балалар сауықтыру орталығы, коррекциялық мектептер, жасөспірімдерге арналған мамандандырылған жасөспірімдер спорт мектептері, колледждер, балабақшалар, еліміздің бірқатар ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары: «Кентау трансформатор зауыты», «Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты» АҚ, «Каспий құбыржелілік консорциумы-К» АҚ, «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» АҚ, «ҚазҚайтаЖаңарту» Қызылорда филиалы, «НУР Строй LTD» ЖШС, Қызылорда механикалық «Квант» зауыты және т.б. ұйымдар мен мекемелерде ұйымдастырылып өткізіледі.
Үш тілде білім беруді дамытудың 2015-2020 жылдарға арналған Жол картасын іске асыру аясында қазіргі таңда 16 білім бағдарламалары бойынша үш тілде мамандар даярлануда. Студенттердің елеулі бөлігі ауылдық санатқа жатады, олардың тілдерді игеру деңгейі де әртүрлі. Осыған орай, 2017-2018 оқу жылында студенттерді ағылшын, орыс тілдеріне үздіксіз оқыту және мемлекеттік тілді білуін жетілдіру тұжырымдамасы қабылданды. Сондай-ақ Ш.Есенов атындағы ғылым-білім қорымен келісімшарт негізінде 44 оқытушы мен 90 студент ағылшын тілін қарқынды оқыту курстарында білімдерін жетілдіруде.
Білім сапасын арттыру мақсатында халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейту – білім беру қызметінің басым бағыттарының бірі. Осы салада 50-ден астам отандық және АҚШ, Аустрия, Түркия, Польша, Корея Республикасы, Бельгия, Болгария және т.б. шетелдердің 95 жоғары оқу орнымен жасалған ынтымақтастық туралы келісімшарттар негізінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы жүзеге асуда.
Шетел азаматтарын оқуға шақыру – заман талабы. Осыған сәйкес аталған үдерісті жүйелендіру үшін алдын ала бірқатар ұйымдастыру-әдістемелік шаралар атқарылды. Қазіргі күні Байқоңыр, Нөкіс (Өзбекстан), Орынбор (Ресей Федерациясы), Ош (Қырғызстан), Үрімші (ҚХР) қалаларында университет өкілдіктерін ашу жұмыстары басталып кетті.
2017-2018 оқу жылының өзінде 15 шетелдік университетпен, білім орталықтары мен халықаралық қорлармен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылуы нәтижесінде Түркия мен Болгариядан шақырылған топ-менеджерлер стратегиялық жоспарлау, академиялық мәселелер мен интернационалдандыру бойынша қызмет тәжірибелерімен бөлісті. 2018 жылы Ресей, Болгария, Жапония, Германияның жетекші жоғары оқу орындарынан шақырылған 10 ғалым магистранттар мен докторанттарға дәріс оқып, диссертациялық жұмыстар тақырыптары бойынша оқу үдерісіне инновациялық технологиялар мен ғылыми-зерттеулер нәтижелерін енгізуге байланысты кеңестер берді.
Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарының магистратура және аспирантура, PhD докторантураларында университет есебінен 30-ға тарта жас оқытушы білімін шыңдап, ғылыми-зерттеулермен айналысса, еліміздің жетекші университеттерінің докторантураларында мақсатты негізде 15 докторант білім алуда. Соңғы 4 жылда 26 жас ғалым диссертацияларын сәтті қорғады.
Алдағы 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражат үлесі әлемдегі ең дамыған елдердің көрсеткіштеріне сәйкес деңгейге, яғни ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізілетін болады. Бұл, ғылымның экономикадағы маңызын еселеп арттыруға, әсіресе жас ғалымдар мен мамандарды дайындау ісіне жасалған теңдессіз қамқорлық. Осы ретте Қорқыт Ата атындағы университет бірінші кезекте білім, ғылым және бизнесті интеграциялау үдерісін пәрменді жүзеге асыра отырып, өндіріс сұранысы мен еңбек нарығына сай іргелі зерттеулер аясын кеңейтуді өзінің басты бағдарының бірі етіп қоюда. Халықаралық рейтингтердің де талабы осыған саяды. Межелі белес биігінен көрінетініне ұжым мүшелерінің сенімі мол. Өйткені ғалымдардың зерттеулері мен инновациялық идеялары нәтижелі болып отыр.
Атап айтқанда, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы негізінде қазіргі күні 2018-2020 жылдарға арналған 9 жоба (жалпы құны 183 млн теңгеден астам) жүзеге асуда. 2012-2017 жылдар аралығында, яғни, алты жыл ішінде, осындай 15 жобаның табысты орындалғанын айта кеткеніміз орынды. Бизнес-әріптес «ФракДжет» ЖШС бірлесіп «Ғылым қоры» АҚ гранты негізінде (жалпы құны 270 млн теңге) «Мұнай қалдықтарын инновациялық технология бойынша өңдеу» жобасын коммерцияландыру іске асырылуда. Студенттік бизнес-инкубатор аясында 25 жоба бойынша 80 білім алушы өз кәсіптерін ашып жалғастыруда. Мұндай көрсеткіштер университет тарихында бұрын-соңды болмаған еді.
Халықаралық рейтингте профессорлық-оқытушылар құрамының ғылыми шығармашылығының алатын орны елеулі. Университет ғалымдарының бұл бағыттағы жетістіктері де айтарлықтай. 2017-2018 оқу жылында 15 монография, 43 оқулық пен оқу құралы, халықаралық рецензияланатын басылымдарда 950-ден астам мақала жарық көріп, өнертабыстарға 27 патент алынды. Сонымен қатар халықаралық компаниялар (Web of Science Core Collection, Scopus, т.б.) базаларында беделді 50 ғалымның Хирш-индексі айқындалған.
«Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институты, «Археология және этнография», «Мұстафа Шоқайтану» ғылыми-зерттеу орталықтары, «Елбасы және тәуелсіз Қазақстан» оқу-көрме залы, «Мәңгілік Ел» оқу-тәрбие орталығы, «Рухани жаңғыру» оқу-әдістемелік орталығы еліміздің және Сыр өңірінің тарихы, әдебиеті және рухани мұраларына кешенді зерттеулер жүргізумен қатар, жастардың бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастыруға белсене атсалысып келеді.
Барлық құрылымдық бөлімдердің қызметін цифрландырумен бірге, қашықтықтан оқыту технологиясы мен ашық білім беру ресурстары арқылы оқу үдерісін ұйымдастыратын «E-UNIVER» электронды университет жүйесі қызмет етуде. Бұған компьютерлік технологиялар кафедрасы базасында ашылған CISCO, ORACLE халықаралық академиялардың филиалдары үлкен септігін тигізуде.
Білім алушылардың жетістіктері рейтингтерде жоғары бағаланады. Соңғы 5 жылда 367 білім алушы ҚР БҒМ өткізетін Үздік студенттік ғылыми жұмыстардың республикалық конкурсы мен пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды.
Өткен оқу жылында ҚР БҒМ қолдауымен ұйымдастырылған «Hackday (хакдэй): идеядан прототипке дейін 24 сағат ішінде» атты ақпараттық технологиялар саласындағы студенттер мен оқушылардың байқауында университет жобасы бірінші орын иеленсе, бизнес-жобалардың («Startup Bolashak – Menin Armanym») облыстық конкурсының финалына 1 жоба шықты.
2017-2018 оқу жылында студенттер «Сыр сымбаты» спорт клубына 16 спорт секциясы бойынша қатысты. Олардың арасында бір Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, 14 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 21 спорт шебері және 40 спорт шеберлігіне үміткер бар.
Университеттің құрама командасы жоғары оқу орындары арасындағы ІХ жазғы Универсиадаға спорттың 15 түрі бойынша қатысып, 6 алтын, 2 күміс, 17 қола медаль жеңіп алды. Сонымен бірге VII қысқы Универсиадада 1 күміс және 2 қола медаль еншіледі.
Мини-футбол мен баскетбол құрамасы еліміздегі студенттік лигалардың финалдарына қатысты. Жалпы, 33 студент спорттың әртүрі бойынша Ұлттық штаттық командалардың мүшесі. Жоғары лигада өнер көрсететін «Қайсар ҚМУ» волейбол және «Сейхұн ҚМУ» гандбол командаларының құрамында студенттеріміздің көп болуы халықаралық рейтингтерде жоғары ұпайлар әкелді.
Университет ұжымының жетістіктері – сараланған бағдарламалардың, байыпты қадамдардың, жүйелі жұмыстардың қорытындысы. Өзінің стратегиялық жоспарларын лайықты атқара отырып, университет жоғары оқу орындарының халықаралық рейтингтерінде үздіктердің ең алдыңғы легіне енуге ұмтылуда.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ұлттың рухани құндылықтарын қадір тұтатын, өз Отанын сүйетін, әлемдік өркениеттің үздік білімі мен озық ғылымынан нәр алуға ұмтылатын, жаңалықтарды игеруге барынша бейім парасатты тұлға, бәсекеге қабілетті маманды тәрбиелеу арқылы қоғам алдындағы мәртебелі міндетін болашақта да абыроймен атқара бермек.
Қали ОМАРОВ,
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ғылым департаментінің директоры
Қызылорда облысы