Батыс Қазақстан облысында тыйым салынған аумаққа шомылуға барған үш жасөспірім суға батып кетті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 2008 және 2009 жылы туған үш жасөспірім арнайы жабдықталмаған аумақта суға батып кеткен. ТЖМ бөлімшелері жеткенге дейін қаза тапқандардың денесін жергілікті тұрғындар судан алып шыққан.
«112 пультіне Батыс Қазақстан облысы ТЖД жедел кезекшісіне полиция бөлімінің кезекшісінен хабарлама түсті. Оқиға орнына ТЖД күштері жедел түрде жіберілді. Оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталып жатыр», делінген хабарламада.
Өкінішке қарай, жаз келісімен шомылу аймақтарында бала өлімі жиілеп барады. Бір ай ішінде Түркістан, Ақмола, Қарағанды, Қостанай мен Қызылорда облыстарында бүлдіршіндер суға кеткен оқиғалар болды. Осыған сәйкес, ТЖМ қызметкерлері шомылу аумақтарында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.