Швейцариялық Stadler компаниясы шығарған алғашқы жолаушылар вагондары Қазақстанға 2026 жылдың маусым айында жеткізілуі мүмкін. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Айдар Рысқұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мәжілісте Үкіметтің 2025 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы есебін талқылау барысында депутат Қарақат Әбден жолаушылар вагондары паркін жаңартуға өткен жылы 65,5 млрд теңге бөлініп, толық игерілгеніне назар аударды.
Бастапқы жоспар бойынша 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға берілуге тиіс 68 вагон сатып алынуы керек еді. Кейін бұл көрсеткіш 51 вагонға дейін қысқарып, жеткізу мерзімі кейінге шегерілген.
Қазақстанда әр пойызға ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған вагон қосылады
Айдар Рысқұловтың айтуынша, алғашқы партиядағы вагондар техникалық талаптарға толық сәйкес келмегендіктен қабылданбаған. Атап айтқанда, тежеу жүйесіне қатысты бірқатар өзгеріс енгізу қажеттілігі анықталған.
Қазіргі уақытта Stadler компаниясы анықталған кемшіліктерді өз қаражаты есебінен түзетіп жатыр. Сондықтан вагондарды жеткізу мерзімі барлық техникалық сәйкессіздіктердің жойылуына байланысты болмақ.
Егер қажетті жұмыстар уақытында аяқталса, алғашқы вагондар Қазақстанға осы жылдың екінші тоқсанында жеткізіледі.
Еске салсақ, 2022 жылы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен Stadler арасында ұзақ мерзімді келісімшарт жасалып, оған сәйкес еліміздің жолаушылар вагондары паркін 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен жаңарту жоспарланған.
Қазақстанда әйелдерге арналған вагондар қай бағыттарда қатынайды?
Сондай-ақ жаңа вагондарда интернет желісіне қосылу мүмкіндігі қарастырылған. Интернет қызметі вагондар бағыттарға шығарылғаннан кейін кезең-кезеңімен енгізіледі.