• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Қаңтар, 2019

Оралда 126 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді

661 рет
көрсетілді

Орал қаласында 126 пәтерлік 9 қабатты жаңа үй пайдалануға берілді. Бұрынғы апатты үйдің орнына көтерілген, мемлекет пен жекеменшіктің әріптестігі негізінде салынған бұл үйдің 12 пәтеріне осы жердегі көне үйдің тұрғындары тегін кіріп отыр.

Тозығы жеткен, апатты үйлер – кез келген қала басшысының бас ауруы. Өйткені ондай ғимараттар шаһар сәнін бұзғанынан бөлек, үй тұрғындарын баспанамен де қамтамасыз ету керек. Үйреншікті үй, бауыр басқан ауданынан кеткісі келмейтін адам көңілі тағы бар. Осының бәрі Орал қаласында орайымен шешіліп жатыр. Апатты үйлерді ауыстырудың оралдық тәжірибесі бүгінде еліміздің барлық өңіріне ұсынылуда.

Өткенге көз салсақ, 2016 жылы Орал қаласында тозығы жеткен, құлағалы тұрған 52 үй болатын. Онда 1448 отбасы алаң көңіл болып тұрып жатты.

Елімізде мемлекет пен жекеменшіктің әріптестігі бағдарламасы қолға алынған тұста тың идея туды: Қаланың қақ ортасында, коммуникация желілерін тартуға шығын кетпейтін ыңғайлы жерде тұрған апатты үйді қиратып, орнына жаңа ғимарат тұрғызуды құрылыс компаниялары қолдап алып кетті. Үй тұрғындары уақытша, құрылыс аяқталғанша басқа жерде тұра тұрады, олардың баспана жалдау шығынын жергілікті атқарушы органдар немесе құрылыс компаниясының өзі көтереді. Жаңа үй салынып біткен соң ол тұрғындар өзінің бұрынғы пәтер көлеміне сай баспанаға тегін ие болады. Қалған пәтерлерді компания өзі сатады. Екі жаққа да тиімді деген осы емес пе?!

Міне, соңғы төрт жыл ішінде Оралда осындай 11 апатты үй сүрілген екен. 113 пәтердің тұрғындары басқа жерге көшіріліп, көне үй орындарында құрылыс қайнап жатыр. Екі үй құрылысы аяқталып, жаңа тұрғындарын тауып та үлгерді: 2017 жылы Депо көшесіндегі №18-үйдің құрылысы бітіп, 16 отбасы жаңа пәтер кілтін алса, өткен жылы 2-шақырым көшесінде де көне үйдің орнына жаңа ғимарат бой көтеріп, апатты үйдегі 32 отбасы жаңа пәтерге көшті. Сөйтіп, екі жылда Орал қаласы әкімдігінің баспана кезегінде тұрған апатты үйлердің 48 тұрғыны пәтерін жаңартып алды.

Бүгін пайдалануға берілген 9 қабатты, 126 пәтерлік зәулім үйдің орнында 12 пәтерлік жертабан үй болды деудің өзі қиын.

- Мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан бастап Елбасымыздың парасатты саясаты арқасында экономикалық, саяси, әлеуметтік жетістіктерге жетуде. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру»Жолдауында еліміз үшін маңызды міндеттерді жүктеп, еліміздің дамуы мен экономикалық ілгерлеуіне барша қазақстандықтарға жол көрсетіп берді. Бүгінгі күнде жүзеге асырылып келе жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар шеңберінде азаматтарды жұмыспен қамту, тұрғын үйге қол жеткізу, өз әлеуетін жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалған. Бүгінгі шара осының дәлелі, - деді жаңа үйдің пәтер кілтін табыс етуге арналған салтанатты шарада Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов.

Өңір басшысының айтуынша, тұрғын үй құрылысы – Қазақстан даму стратегиясының басты бағыттарының бірі және жалпыұлттық мәнге ие маңызды жұмыстар қатарында.

Жоғарыда айтқанымыздай, Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асыру аясында 7-20-25 бағдарламасы Орал қаласында біртіндеп іске асырылуда. «Караванный путь» құрылыс компаниясы бүгін тапсырып отырған 126 пәтерлік тұрғын үй 11 айдың ішінде салынып біткен. Ол «Нұрлы жер» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы бойынша апат жағдайында тұрған үйдің пәтер иелеріне, тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға және «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» салымшыларына берілетін болды.

Пайғамбар жасынан асқан Өтеген Сұлтанғалиев ақсақал бұрын Орал ет комбинатында дәрігер болып қызмет еткен екен. Өзі де, жары да зейнет демалысына шыққан қариялар осы жердегі көне пәтерде үш бала тәрбиелеп өсіріпті. Бүгін апатты үй орнында бой көтерген су жаңа үйдің №102 пәтері Өтеген Аюпұлына тиіп, ерекше қуанышты.

Бүгінде Орал қаласында осындай көппәтерлі 5 үй салынып жатыр. Ол үйлердің құрылысы 2019-2020 жылдары аяқталмақ.

«Болашақта құлағалы тұрған 7 көне үйдегі 76 пәтер тұрғындары да осындай жолмен жаңа баспанаға ие болады» дейді облыстық құрылыс басқармасы мамандары.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ