• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
04 Қаңтар, 2019

Дәстүрлі «Кел, шәй ішейік» акциясы жалғасын тапты

1259 рет
көрсетілді

Жастар үшін жаңа жылдың алғашқы жұмыс аптасы қайырымдылық шарамен басталды. «Жас Отан» Жастар қанатының белсенділері аязда таңнан кешке дейін елорданың көшелерін қардан тазартып жүрген коммуналды қызметкерлерге ыстық шәй ұсынды.

Белсенді жастар таңертеңнен шағын автобуспен қала ішін аралап, жұмыс жасап жатқан қызметкерлерге тіскебасар ұсынып, шәйға шақырды. Одан бөлек жұмыс тоқтап қалмас үшін қолдарына күрек алып, жол жиектеріндегі қарды тазалап, жаяужолдарды мұздан тазартуға көмектесті.

«Былтыр жастар Жаңа жылдық мереке кезінде өзгелер демалып жатқанда жұмысы тоқтамайтын коммуналды қызметкерлердің жұмысына алғыс айту  мақсатында осы акцияны бастап еді. Кейінірек еліміздің барлық жастары қосылып, әр аймақта ыстық шәй беру шаралары көбейді. Әсіресе Астана, Ақмола, Солтүстік, Шығыс Қазақстан секілді қысы қатты аймақтарда аяз кезінде бір топ жастар көшелерге шығып, өзгелерге көмектескені қуантады» - деді «Жас Отан» Жастар қанатының Төрағасы Данияр Сүндетбаев.   

Естеріңізге сала кетсек, акция Астана қаласында былтыр тура осы уақытта басталып, еліміздің барлық аймақтарында жалғасын тауып еді. Жастар Жаңа жыл секілді отбасылық мерекені әр адам жақындарымен қарсы алса дейді, ал ол мүмкін болмаған жағдайда жақсы адамдармен және керемет көңіл күйде болу керектігіне сенімді.

Қатысушылар үшін шараның ең керемет кезі қызметкерлердің күтпеген жерден пайда болған бізге шынайы күлкі сыйлап, алғыстарын жаудырған сәті дейді. Арасында батасын беріп, күнделікті кездесетін қиындықтарымен бөлісетіндері де аз емес екен.