• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Қаңтар, 2019

«Директормен бірге ақша жедім» деген бас есепші жұмыстан кетті

595 рет
көрсетілді

Атам қазақ «Жетім көрсең жебей жүр» деуші еді. Қазір жетімдерді жебеушілер емес, ақысын жеушілер көбейіп бара жатқандай ма, қалай?!

Жетімдер туралы бекерге айтып отырған жоқпыз. Осыдан бірнеше күн бұрын Өскемендегі мамандандырылған балалар үйінің бұрынғы есепшісінің «Мен ақшаны жеген, ақшаны менімен бірлесе жеген мұндай директормен жұмыс істей алмаймын» деп жаһанға жар салған мәлімдемесі әлеуметтік желілер арқылы көпшілікке тараған болатын.

Бұрынғы бас есепші ешкім күтпеген тосын мәлімдемені Жаңа жыл қарсаңында балалар үйінде осы мекеменің 160 қызметкерінің желтоқсан айындағы жалақысының берілмеуіне байланысты өткен жиында жасаған-ды. Ащы шындықты жасырмай жайып салған бас бухгалтер 27 желтоқсанда жұмыстан босатылыпты. Ал балалар үйінің директоры Гүлнар Даниярова бұл жағдайға байланысты басын ашып ештеңе айтпады, тек құқық қорғау органдарына ресми түрде арыз жазғанын жеткізді. «Бас бухгалтердің үстінен шағым жазылды. Енді сол кісілер бәрін тексеру керек» деп қысқа қайырды директор.

Балалар үйінің 160 қызметкерінің жалақысы, мекеменің одан арғы тағдыры не болады? Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов желтоқсан айы үшін жалақы қарызы 15 миллион теңгені құрайтынын, бұл мәселе бақылауға алынғанын, ай соңына дейін шешім табатынын айтады. «Мекеме қазір қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Тамақпен, әртүрлі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген» дейді ол.

Балалар үйінде бүгінде 5 жасқа дейінгі 78 балғын тәрбиеленіп жатыр екен. Ал Балалар үйінің басшылары мен есепшілерінің ісінің ақ-қарасын құқық қорғау органдары анықтайтын болады.

 

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН