• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Қаңтар, 2019

Туристер Тараздан таңдағанын табуы тиіс

931 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда туризмнің түрлі бағыттарын дамытуға Әулиеата өңірінің әлеуеті жетеді. Кеше мен бүгінді жалғаған құнды жәдігерлер мен көнеден сыр тартатын тарихи нысандардың өзі Жамбыл облысының даңқын асырып, атын аспандатуда. Негізінен көне Тараз өңіріне келіп, тарихын тамашалауға ниетті туристердің қатары қалың. Ұлы даланың ұлылығын танытатын балбал тастардың өзі – тағылымды тарихымыздың айқын көрінісі. Бұдан бөлек, аймақтағы қолайлы климат және сауда-саттық саласы да өңір туризмін дамытуға негіз бола алады.

Көне Тараз, әйгілі Әулиеата аймағында туризмді дамыту арқылы әлі де зерттеуді қажет ететін, танытуды керексінетін жерлер бар. Бұл орайда Әулиеата өңіріне келген әрбір турист көне мекен туралы тың деректерді таба алатын жағдайда болуы керек. Яғни, туристер Тараздан таңдағанын табуы тиіс. Дегенмен, өңір бо­йынша туристердің көмекшісіне айналуға тиіс делінетін туристік сайттың жұмысы қазір көңіл көншітпей тұр. «Тараз-Туризм» туристік ақпараттық орталығымен құрылған сайт не­гізінен техникалық шарттары бойынша қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде жұмыс істеуі қажет болатын. Аталған төрт тіл бойынша бұл сайттан мұнда келуші туристер өзіне керегін таба алуы тиіс еді. Алайда, бүгінгі таңда бұл келеңсіздікке шетелдік меймандар түгілі, жергілікті туризм саласының өкілдерінің өзі наразы болып отыр. Аталған мәселе турасында Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасында Жамбыл туристік индустрия қауымдастығы басшылығының қатысуымен отырыс та өткені белгілі. 

 «Мемлекет басшысы кез келген өңір үшін ең перспективалы табыс көздерінің бірі – отандық туризм және оны әрі қарай дамыту керектігін айтты. Бұл табысты салаға мемлекет тарапынан қолдау да еселенген. Енді Жамбыл облысы шетелдік меймандар үшін туристік бағыт ретінде танылуына қажетті жағдай жасауымыз қажет. Келушілер бірінші кезекте ақпаратпен қамтамасыз етілуі керек. Олар баратын маршрут қандай, өңірде қандай туристік нысандар бар деген сияқты өлкенің тарихи орындары мен танымды жерлері туралы ақпарат алу – басты мәселе. Бұл тұрғыда облыс­та алғаш рет туристік сайттың құрылғандығы кәсіпкерлер палатасы мен туризм жанашырлары үшін жағымды жаңалық болды. Алайда, қазіргі таңда бұл сайттың жұмысы тұралап тұр», дейді Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Аспандияр Сейсебаев.    

 Сонымен қатар Аспандияр Сейсебаев кезінде бюджеттің есебінен құрылған туристік «Taraz tour» сайтының дұрыс әрі үздіксіз жұмыс істеуіне кәсіпкерлер палатасының мамандары қажетті көмекті тегін ұсына алатынын да айтып отыр. Ал Жамбыл облыстық туризм басқармасының бөлім басшысы Жомарт Хажының айтуынша, сайттың жұмысы қазіргі таңда пысықталу үстінде екен. Сонымен қатар ол техникалық ерекшелікке сәйкес туристік сайттың жұмысын сапалы жаңарту бойынша ұйымдастыру іс-шаралары жүргізілетінін, туристік әлеуетке бай өңірімізде туризм саласын танымал ету мақсатында түрлі деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылып тұратынын жеткізді. 

 «Мәселен, Таразда жуырда ғана қалың бұқараның басын қосқан «Aspara fashion week», «Food tourism-2018» сияқты іс-шаралар жоғары деңгейде өтті. Алдағы уақытта туристік бағыттағы іс-шараларды уақтылы және сапалы өткізу мақсатында және конкурстық құжаттаманы дайындау кезінде ұсыныстар енгізу үшін өңірлік кәсіпкерлер палатасын, жергілікті туристік индустрия қауымдастығын алдын ала хабардар ету қажет», дейді Жам­был туристік индустрия қауымдастығының төрайымы Валерия Батуева. 

 Жалпы, тәуелсіздік жылдарында Әулиеата­ның мәдени тарихында да айтарлықтай оқи­ғалардың орын алғаны рас. Мәселен, осы уақыт­тарда ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра­лар тізіміне Әулиеата өңірінен бес бірдей тарихи нысанның енгені белгілі. Аталған нысан­дар бүгінде әлем қызыға қарайтын құнды қазыналар қатарынан саналады. Ендігі жерде ЮНЕСКО нысанына Жамбыл облысындағы «Баласағұн» қалашығы мен «Шәушен» кешені енетін болды. Бұл орайда аталған туристік нысандардың инфрақұрылымы мәселесіне келсек, қазіргі кезде жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қаражат бар екен. Енді мемлекеттік-жекешелік әріптестігі шеңберінде «Шәушен» кешеніне авто­жол құрылысын қаржыландыру тізбесі Жам­был облыстық жолаушыларды тасымалдау және автокөлік жолдары басқармасына ұсы­нылуда.

 Бар нәрсені көрсете білудің де маңызы орасан. Бүгінде Жамбыл облысында туризм саласына тиісті көңіл бөлінуде. Тек туристер үшін оның жарнамасының жартымсыздығы, сайт жұмысының тұралап тұруы қолайсыз, әрине. 

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы