• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
08 Қаңтар, 2019

Хан Кененің қаруы

1359 рет
көрсетілді

Елорда төрінде орын тепкен Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әскери-тарихи музейінің ауыспалы экспозициялық жәдігерлер көрмесі орналасқан төменгі залында, қазақ халқы үшін құнды заттың бірі – Кенесары Қасымұлының мылтығы тұр. ХІХ ғасырдың ортасында Ұлы  далада өрістеген ұлт-азаттық  қозғалыстың көсемі, атақты Абылай ханның немересі Кенекең осы мылтықпен жау түсірген.

Айталық, 1838 жылы Кенесары Ақмола бекінісін басып алып, орыс әскерін қуып шыққанын тарихтан жақсы білеміз. Осы оқиға туралы ел-жұрттың аузынан естіп, хатқа түсірген Мәшһүр-Жүсіп Көпеев өзінің «Қазақ шежіресі» атты жазбасында: «Қараөткелде аға сұлтан Қоңырқұлжа дуан басы болған. Кенесарыға қарсы тұрып соғыс салған. Қараөткелді (Ақмола бекінісін айтады) қамағанда Кенесары күлдірмамай деген мылтығымен Тайтөбенің басында тұрып, орыстың қарауылшы балсәйкесін (полицейін) атып мұрттай ұшырған» дейді (А.Смайыл «Астана ғасырлары» Астана., 2010., 149 бет).

Мылтықтың  негізі нұсқасы Ресей Федерациясы Омбы облысының орталығы Омбы қаласында орналасқан тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр. Осындағы мәліметте: «Мылтық ХVІІІ ғасырдың аяғы, ХІХ ғасырдың басында Орта Азия ұсталарының қолынан шыққан. Жалпы ұзындығы – 1670 мм, ұңғысының ұзындығы – 1320 мм, дүмі ағаштан жасалған» делініпті. Мылтықты аталмыш музейге Дала өлкесінің генерал-губерноторы Г.А.Колпаковский 1882 жылы тапсырған екен.

Осы орайда, «Бұл қару Колпаковскийдің қолына қалай түскен?» дейтін заңды сұрақ туындауы сөзсіз. Бұған жауап ретінде айтармымыз: «Қазақ әдебиеті» газетінің 1991 жылғы 3 мамыр күнгі санында жазушы Талаптан Ахметжановтың аудармасымен «Кенесарының қазасы» атты көлемді мақала жарияланыпты. Нақтырақ айтқанда, халық ағарту ісінің ардагері Әуесхан Қанафин дейтін ұстаз 1991 жылы фотоға түсірілген көне жазбаны академик Манаш Қозыбаевқа әкеліп береді. Жазба орыс тілінде. Авторы  К.Степняк деген адам. «Степняк» дегеніміз алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың («Қыр баласы») псевдонимі.

Газетте жарияланған мақаладан үзінді келтірсек: «Шу өзені Тоқмақ маңында бірнеше салаға бөлініп ағатын еді. Соны пайдаланып қырғыздар өзенді бұрып жіберді. Кенесарының әскері қиын жағдайға тап болды. Үш күн сусыз қалған ханның сарбаздары қиналып отырғанда, Орман манаптың қырғыздарға қалың қолмен көмекке келе жатқаны туралы хабар жетті. Кене хан күші басым қырғызбен шайқасуды қолай көрмей барлық жасаулы дүниесін тастап, Шуды бойлап, Алмалыға қарай шегініп кетті. Мыңдаған мал, мыңнан астам білтелі мылтық, көп кілем, жібек шатыр, осылармен бірге Кенесарының өзі ұстаған мылтығы да олжа болып Орман манаптың қолына өтеді. Қолына түскен ханның қаруын Орман манап Жантай Қарабековке сыйлайды. Мылтықты Қарабековтер әулеті Пішпек бекінісін орыстар жаулап алғанға дейін сақтаған. Одан кейін Жантайдың ұлы Молламырза мылтықты отарлаушы генерал Колпаковскийге сыйға тартқан. Соңынан бұл мылтық Бүкілресейлік Нижегород көрмесінің бас генерал-губернатор бөліміне өткізіліп, ақыры Омбыдан бірақ шыққан» депті.

Ал мына елорда төрінде музейде тұрған қару осы Омбыдағы мылтықтың айнатпай көшірген түп нұсқасы. Қарудың сипаты осындағы мақалада айтылған барлық өлшемге дәл келіп тұр. Оның сыртында қарудың ортаазиялық ұсталар қолынан шыққанын айғақтайтын белгі –  ұзын үңғының қыр арқасы көне парсы стиліндегі сәндік өрнекпен бәдізделген. Ағаш дүмінің иықтиер түбірі төрт жағынан темір өрнекпен бітеуленіп, шүріппебасардың жоғары тұсы гүлденген алты бұрышты сүйекпен көмкерілген. Қарудың ағаш діңіне қобы тартып жымдастырған ұзын ұңғысы мылтық атылғанда босап кетпес үшін төрт жерден мықты құрсау салыныпты. Сондай-ақ мылтықтың от алатын шақпақ тұсының қос бүйірі берік металлмен қапталып, бес жерден шегеленіп, бекітіліпті. Хан қаруының біз аңдаған сипасы осы.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ