Жаңа бастаған жылда да қызылордалық байырғы фототілші Болат Омарәлиевпен шығармашылық байланысымыз баянды болсын дей отырып, селт еткізер сәттер, сирек суреттерді сөйлете бермекпіз.
Сонымен жарты ғасыр бойы фотоаппаратын қолынан тастамаған жанның өзі үшін де құнды саналатын суреттерінің бірі Мұстафа Шоқайдың ауылына барғанда түсірілген – «биші» ағаш болса, біз осы айдарымыздың алғашқы беттерін сол «Өртенген ағаш» фотосымен ашқанымыз есте. Болат Омарәлиев өзінің жанына ең жақын суреттерді 1975-1985 жылдары түсірген болса, соның ішінде екі жыл уақытын жеген «Соғыс жесірлері» деген сериясы да ширек ғасырдан асқанда бұрнағы жылы «Егемен Қазақстан» оқырмандарымен қайта қауышты.
– Ол кезде соғыс жесірлерінің көбі тірі еді. Олардың көл болған көз жасын көргенде мен де фотокамерамды құшақтап, еріксіз жылап жібергенмін. Мен үшін «Соғыс жесірлері» ерекше ыстық, – дейді фототілші.
Сонымен бүгінгі сурет төмендегідей сыр шертеді.
– 1982 жылдары іссапармен жолға шығып, қарт Қаратаудың етегін жайлаған бір жылқышының үйінде сусын ішіп отырсам, ашық тұрған киіз үйдің есігінен алыста бір аттың жалына жабысып, міне алмай жатқан бала көзіме түсті. Бар болғаны төрт жастағы жылқышының баласы қайтпай атқа мінуге әрекет жасап жатыр. Мен де сөмкемнен жалма-жан фотокамерамды алып, балаға қарай жүгірдім. Жетемін дегенімше аттың алдыңғы аяғына өз аяғын салып, жалына жабысқан күйде тұрған бала жерге құлап түсті. Аяғын жырып алған сыңайлы. Жыламсырап отырған жерінде суретке түсіріп үлгірдім. Бірақ ол менің суретке түсіргенімді ұнатпай, қайқаңдап орыннан атып тұрып жылап ала жөнелді.
Егер бұл бала өмірлі болса, қазір қырықтың қырқасына құлаш ұрған, асауға бас білдіретін нағыз ер азамат болған шығар?! – дейді Болат Омарәлиев.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ