• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Қаңтар, 2019

Шекарадағы Сұлукөлге неге ешкім көшіп келмейді?

934 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстан» газеті шекаралық ауылдар мәселесін үнемі көтеріп келеді. Шекара демекші, Батыс Қазақстан облысы Ресейдің 5 губерниясымен іргелес жатыр. Шекарада тұрған ауыл көп. Олардың бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай?

Жақында Бәйтерек (бұрынғы Зеленов) ауданының Сұ­лукөл ауылына арнайы бардық. Аудан ор­талығынан − 150, Орал қаласынан 76 шақырымдық жерде жатқан бұл ауыл­дың іргесінен – 2-3 шақырым жер­ден мемлекеттік шекара өтеді. Кезін­де Приурал ауданына қараған ұжым­шар­дың атауы Чесноков болса, 2010 жылы елді мекен Сұлукөл болып өзгерген. 

– Біздің ауданның ең алыс нүктесі – осы Сұлукөл, – дейді сапарласым, Бәйтерек аудандық мәслихатының хатшысы Рамазан Исмағұлов. 

Бәйтерек ауданына 1997 жылы оң­тай­ландыру кезінде бұрынғы Приурал ауданы қосылған. 22 ауылдық округ, 68 елді мекені бар ауданда ресми есеп бойынша 57,2 мың адам тұрады. Об­лыс орталығына жақын, егінді өңір бол­ғандықтан тұрғындары бақуатты саналады. Тоқсаныншы жылдары алыс ауыл қазақтары жаппай қалаға көшкен тұста Оралдың айналасындағы елді мекендер де әжептәуір қазақтанып қалды. 

«Әйтпесе отарлау, орыстандыру саясаты әбден сіңіп, қаракөздерінің өзі ана тілін ұмытып кеткен ауылдар ғой» дейді осы сапарды ұйымдастырушы әріптесім Нұржан Дүзбатыр.

«Жол азабы азаяды»

Оралдан Сұлукөлге баратын жолдың жартысы асфальтсыз. Елді мекен тұр­ғын­дарының ең бірінші мәселесін көзі­мізбен көріп келеміз. «Қазақтанып қал­ды» дегенмен, жолда кездескен ауыл атаулары Трекино, Володарское, Даринс­кое, Озерное, Рубежинское, Хами­но, Чеботарево болып келеді. Сұлу­көл­ге жақындағанда грейдер жол­дың екі жағындағы тал-бұтаны тазалап, та­мы­рымен қопарып тастағанын көрдік.

– Өткен жылдың басында Бәйтерек ауда­ны­ның әкімі Асхат Шахаров ауыл тұр­ғындарымен кездескенде дәл осы жол жиегіндегі тал-теректі күзеп, жүру алаңын кеңейту мәселесі айтылған еді. Өйткені күтімсіз жабайы ағаш қаулап өсіп, жолды жауып тастай жаздаған. Мына жол жазда дәліз сияқты болып тұратын. Қыста қар ұстап, ауылдан ұзап шығу мұң болатын. Аудан бюджетінен қаржы бөлініп, осындай жұмыс атқарылуда. Бұл аудандық мәслихатқа осы ауылдан сайланған депутат Әсия Қайдашованың да еңбегі, − дейді Рамазан Тастайұлы.

Жоғарыда айтылған кездесуде сұлу­­көлдіктер Орал қаласы мен ауыл арасына қатынайтын қоғамдық көліктің тұрақсыздығы туралы да мәселе көтерген екен. Мұның да бір ұшы жол жағдайына тіреліп тұрғанын Әсия Молданқызы да айтты. «Жолымыз жөнделген соң жеке так­си­лер де көбейетін шығар. Ауылда екі үй­дің бірінде көлік бар ғой» дейді депу­тат. 

Әкімнің әңгімесі

Сұлукөл ауылының әкімі Ерсайын Сайхаденовтің қызмет­ке тағайындалғанына бір жыл­дан жаңа асыпты. Бірақ ал­пыс­тың асқарына шыққан тәжі­рибелі азамат бұған дейін талай жауапты қызмет атқарған. 1991 жылы Бөрлі ауданындағы Бумакөл ауылында орыс орта мектебін бір күнде қазақ тіліне ауыстырған ерлігін айтсаңызшы. «Үгіт-насихат, түсіндіру жұмыс­тарының нәтижесінде орыс балаларының өзі қазақ сыныбына оқып кетіп еді» деп еске алады сол күндерді.

– Сұлукөл ауылында 355 адам тұрады. Ал тіркеуде 561 адам бар. Тұрғындардың көбі Оралда, Трекинде, Ресейде жүр. Бірақ ауылдағы тіркеуінен шықпайды. Өйткені «іргеде мұнай өндіріп жатқан «Жайықмұнай» компаниясы ауылды түгел көшіреді екен» деген сыбыс талай жылдан бері айтылып келе жатыр. Қарашығанақта Тұңғыш, Бере­зовка деген ауылдар эколо­гия­лық аумақта қалғаны үшін көші­ріліп, тұрғындарға А­қсай мен Орал қаласынан тегін үй берілді ғой. Сондай жақсы­лық­тан үмітті − дейді, ауыл әкімі.

Экология мәселесі ауылда ауық-ауық көтеріліп тұрады екен. Ерсайын Сайхаденов Батыс Қазақстан облыстық эко­ло­­гия департаментіне тұр­ғын­­­дар­дың шағымын жеткіз­ген. Депар­тамент тарапынан биыл­ғы 28 маусымда мамандар арна­йы келіп, ауа сынамасын алып, лабо­ро­ториялық зерттеу­ден өт­кіз­гені­мен, улы заттар мөлшер­ден ар­тық көбейгені дәлелденбепті. 

– Осы бір белгісіз ахуал ауыл­дың болашағына әсер етіп тұр. Көшіп кетушілер бол­ғаны­мен, үй сатылмайды. Жаңадан көшіп келетіндер жоқ. Ауылды қазақыландыру үшін оңтүстік аудандардан он шақты жас отбасыны көшіріп әкелуді армандаймыз. Көп нәрсе өзгеріп-ақ кетер еді. Бірақ жылы орнын суытып келген кезде бұл жақтың болашағы баянды болмай қалса қиын бола ма деп те ойлаймын. Компания басшыларынан сыр тартып көрсем, таяудағы он жылда мұндай жоспар жоқ еке­нін айтады. Кім білсін?! Өзім­нің зейнетке шығуыма бір жыл ғана қалды. Осылай тәуе­кел ете алмай жүрміз, – дейді Ерсайын Аманғалиұлы ағынан жарылып.

Бақуатты ауыл

Анау жылдары Астанадан келген бір әріптесіміз Батыс Қазақстан облысының біраз ауылын аралап шыққан соң: «Барлық ауылда табиғи газ бар, жақ­сы тұрасыздар ғой» деп таң­ғалған еді. Рас, Ақ Жайық өңі­рінде көгілдір отын күнделікті көрі­ніс­ке айналып кеткен. Осы Сұлукөл ауылына да газ 2005 жылы тартылған екен. «Ал ауыз су ұжымшар кезінен бар. Өзен-көлі көп өлке ғой. Ауыз су құбыры жүйесі 2016 жы­лы толық жаңғыртудан өтті. Ауыл­дағы 140 үйдің жартысына жуы­ғы суды үйіне дейін тартып алды. Қалғаны көшедегі колонкадан алады» дейді әкім.

Шағын ауыл болғанымен, Сұлукөлдің шаруасы тап-тұйнақтай. Округтегі жеке үйлер мен шаруа қожалығын қосқанда 596 ірі қара, 823 қой-ешкі, 2761 құс, 144 жылқы бар. Жем-шөп те жеткілікті. Тұрғындар негізінен сиыр ұстап, сүтін тапсырады. Е.Сайхаденовтің айтуынша, күн сайын 43 үйден 830 литр сүт тапсырылады. Сүт өңдеуші фирмалар қазір сүттің литрін 100 теңгеден алса, қыста 110 тең­ге болады. Апта сайын қолма қол ақшамен есептеседі. Бұдан бө­лек, екі үйдің бірі баспақ байлап, мал бордақылайды. Тауық пен үйрек-қаз да табыстың бір көзі. 

– Сұлукөлдің топырағы құ­нар­лы, түгін тартсаң май шы­ғады. Ауыл тұрғындарының бір кәсібі – бау-бақша егу. Көкөніс өз ауламызда, − дейді Әсия Мол­данқызы.

Ауылда дәрігерлік пункт был­тыр күрделі жөндеуден өткен. Шағын клуб ғимараты да сырты қораш болғанымен іші ұядай. Сұлукөл ауылының ішкі-сыртқы мәселелерін шешуге жергілікті кәсіпкерлер де, іргедегі мұнай өңдеуші «Жайықмұнай» ЖШС да үнемі қол ұшын созатын көрінеді. Біз жолыққан ауылдықтар «Агросервисбатыс» ЖШС жетек­шісі Ғазиз Рабаевқа, «Агро­реммаш» зауытының басшысы Ғимран Бисеновке, әсіресе «Жайықмұнай» ЖШС бас директоры Жомарт Дәркеевке ерекше ризашылығын білдірді. Соның ішінде «Жайықмұнай» компаниясының бұқарамен байланыс жөніндегі департамент басшысы Асхат Сейітқазин Сұлукөлдің өз адамындай етене араласып, ауылдың күші жетпей жатқан мәселелеріне үнемі көмектесіп тұрады екен.

Бала күткен мектеп

«Егемен Қазақстан» талай көтерген шекаралық ауыл мектебінің мәселесі Сұлукөлге де ортақ. 230 балаға арналған екі қабатты, типтік үлгідегі мек­тепте 41 оқушы ғана оқып жатыр. 1976 жылы салынған мек­теп ғимараты содан бері күр­делі жөндеу көрмепті. Бірақ мект­еп ұжымы демеушілердің көмегі­мен, өз күшімен ғимаратты тоздырмай ­ұстап отыр екен. 

Әсия Молданқызы Сұлукөл негізгі мектеп-балабақша кеше­ні­нің директоры болып 2012 жылы тағайындалған. Сол жылы күзде орта мектепте бала саны жетпей, тоғызжылдық негізгі мектепке айналған.

– «Орта мектепті жаппаймыз» деп 31 тамызға дейін жүгір­дік-ау! Болмады. Орта мек­теп статусына үш-ақ бала жет­педі, 78 бала еді. Дәл 31 тамыз күні орта мектепті жабу тур­алы бұйрық шыққан кезде жы­лап алдым. Балалар жан-жақ­қа кетті. Шекаралық ауыл мектебінің бала санын шектеп керегі жоқ еді. Қанша болса да оқы­ту керек еді. Бір жыл күт­кен­де келесі жылы толатын еді. Мұғалімдердің сапалық жағы күшті еді. Шәкірттеріміз ҰБТ-дан 112-114 ұпай алып, аудан­ның мәртебесін көтеріп жүрген. Амал қанша, – деп күйінеді директор.

Қазір мектепте 20 мұғалім қыз­мет етеді. Ұстаздардың еш­қай­сысында толық ставка жоқ. Бәрі жағдайды түсініп, осы жағ­дайына шүкірлік етеді. Мұға­лім­дердің орта жасы 45-те, біреуі – жоғары санатты, сегізі – 1 категориялы ұстаз. 

– Биылғы оқу жылында негізгі мектепке тиісті бала санын жеткізе алмай қиналдық. Сөй­тіп, Атырау қаласында тұра­тын қызымның баласын – жие­нім­ді алып келіп, 41-інші оқушы етіп алдым. Әйтпесе бастауыш мектеп болып қалар ма едік?! 

Ә.Қайдашова мектеп туралы сағаттап айта беруге бар. «Бізге бала ғана керек! Басқа жағдайы­мыздың бәрін өз кү­шімізбен түгендеп жатырмыз» дейді ол. 

«Жайықмұнай» компаниясы бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігі аясында жыл сайын мектепке 2 млн теңге көлемінде демеушілік жасайды екен. Оны қамқоршылар кеңе­сі ақылдаса отырып жұмсай­ды. Алдыңғы жылы мек­теп асхана­сы түгелдей жаңар­тылған. «Бө­ліп-жарып қайтеміз, мек­тебі­міз­дің 41 оқушысы түгел ыс­тық тамақпен қамтылған» дейді директор. Мұнайшылар биыл әдеттегі 2 млн теңгенің үстіне 1,1 млн теңге қосып, спорт­залдың терезесін ауыс­ты­рып беріпті. Спорттық ин­вентарь, шаңғы т.б. жабдық­тар тү­гел­дей жаңа екенін көр­­дік. Оның үстіне балаларды ең­бек­ке баулитын тігін маши­налары, ағаш күйдіретін аппарат секілді бұйымдар­ды директор демеушілер­дің көмегі­мен алдырған. «Орта мек­теп деген статусы­мыз болмаса да материалдық мүм­кін­дігімізді сол деңгейден түсір­мей келеміз» дейді мектеп басшысы. Мек­теп­тің толықтай компьютер­лендірілгенін, 4 интерактивті тақта жұмыс істеп тұрғанын көріп, директордың сөзіне күмән келтірмедік. Ат шаптырым мектеп ғимараты­ның кеңдігін пай­дал­анып, бірін­ші қабат­ты толы­ғымен бала­бақшаға айнал­дыр­ған. Сәбилердің ұйық­тайтын, ойнайтын, тамақ ішетін жері осында. 

Тіл мен діл

Сұлукөл мектебі орыс тілінде оқытады. Жалпы Зеленов ауданы бойынша 46 мектеп бар, оның 30-ы – орта, 9-ы – негізгі және 7-еуі – бастауыш мектеп. 46 мектептің 7-еуі қазақ тілінде, 10-ы орыс тілінде оқытса, 29-ы аралас тілді мектеп саналады. Ауданда барлық оқушы саны – 8179, қазақ тілінде – 4085, орыс тілінде – 4094 оқушы оқиды. Сұлукөл – таза орыс тілінде оқы­татын он мектептің біреуі.

– Ауыл тұрғындарының 55%-ы – қазақтар, − дейді Е.Сай­хаденов. – Бұрын өзге ұлт өкілдері басым болғанымен, көбі қоныс аударып кетті. Со­ның өзінде ауылымыз көп ұлтты – қазақ, орыс, украин, поляк, марий секілді ұлт өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Бізге сырттан, таза қазақы ауылдан көшіп келушілер жоқ.

– Әуелгі кезде бастауыш сыныптарды қазақ тілінде оқытып жүрдік. Бірақ бесінші сыныпқа келгенде тығырыққа тірелеміз – мұғалім жоқ. Амалсыздан орыс тіліне көштік. Қазір сәбилер бала­­бақшада қазақ тілінде тәр­бие­ленеді. Ұжымдағы қазақ тілі пәнінің мұғалімдері – өте білікті, белсенді жастар. Олар мем­л­екеттік тіл үйірме­сін ашып, тіл үйретеді. Мемлекет­тік, ұлт­тық мейрамдарды, нау­рыз­ды, айтты ерекше белсен­ділік­пен атап өтеміз. Біздің қол­дан ке­летіні – осы, − дейді Ә.Қайдашова. 

Тіл мәселесіне тоқталып отырғанымыздың себебі де бар. Жол үстіндегі әңгімеде Зеленов аудандық мәслихатының хатшысы Р.Исмағұлов өңірдегі орыс мектебін бітірген бала­лар­дың көбі елдегі ҰБТ сына­ғына қатыспай, ресейлік ЖОО-ларына кететінін айтқан еді. Әлбетте, ол жақтан қайтып келіп, білімі мен еңбегін туған жері­не беретіндер саны аз. 

– Біздің аудандық бюджеттің 70 пайызға жуығы білім саласына кетеді. Бұл үлкен қаржы ғой. Бірақ орыс мектептеріне салынған инвестиция қайтпай тұр. Балалар өзге мемлекеттің білімін алып, сол елге қызмет етіп кетеді. Тіпті әскери борышын Ресейде өтейтіндер бар, − дейді Рамазан Тастайұлы.

Зеленов аудандық білім бөлі­мі берген мәліметке қарағанда 2018 жылы білім саласына 4 830 209 000 теңге бөлінген екен. Бұл 2017 жылға қарағанда 300 млн теңгеге артық. 2018 жылы ауданда 11 сынып бітірген оқушы саны 417 болса, ҰБТ сынағына соның 62%-ы, яғни 256 оқушы ғана қатысқан. 

P.S.  Жақында ғана Елбасы Жарлығымен атауы өзгерген ауданда мемлекеттік тілді дамыту мен ономастика, ұлттық идеология саласында жасалуы тиіс кешенді шаралар әлі де көп. Шыны керек, тоқсаныншы жылдары Қазақстанның ірі қалалары мен олардың айналасын қазақтандырған – ауылдан жаппай көшкен ағайын еді. Қазір Батыс Қазақстан облысында бұл құбылыс, ішкі көші-қон тоқтады деуге болады: өңірдегі елдімекендер түгелге жуық табиғи газ желісіне қосылды, ауыз сумен қамту да соңғы жылдары қарқынды жүруде. Сондықтан шекара бойындағы елдімекендерге халықты шақыру, қызықтыру үшін арнайы бағдарлама, қосымша шаралар керек сияқты.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы