Соңғы онжылдықта электронды сауданың қарқын алуы тауар бағасының арзандауына айтарлықтай ықпал етті. «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсеновтің айтуынша, Қазақстан азаматтарының дүкен мен базарлардан алып келген өнімдерін онлайн дүкендерден 2-2,5 есеге арзанға алуға мүмкіндігі бар. Халықтың электронды сауда мен оның артықшылықтары туралы сауатының ашылуы соңғы бірнеше жылда елімізде онлайн тұтынушылар санының геометриялық прогрессиямен өсуіне сеп болған. «Егемен Қазақстан» газетіне берген эксклюзивті сұхбатында «Қазпошта» басшысы елдегі электронды сауданың қазіргі тенденциясы мен болашақ әлеуеті туралы кеңінен әңгімеледі.
– Сәкен Сейітжаппарұлы, отандық нарықтағы электронды сауданың дамуына қалай баға берер едіңіз?
– Қазіргі таңда қазақстандық азаматтар шетелден, соның ішінде Қытайдан, Еуропадан, Ресейден және АҚШ-тан тәулігіне 60-70 мың зат сатып алады. Ішкі нарықта да отандық интернет дүкендер арқылы тәулігіне осыншалықты өнім сатылады. Бұл көрсеткіш жыл сайын екі есеге көбейіп келеді. Мәселен, былтыр қазақстандықтар шетелден тәулігіне 30 мыңдай зат сатып алған. Менің ойымша, ендігі жылдың аяғына дейін тәулігіне шетелден 150 мыңдай, ішкі нарықтан да осыншалықты сәлемдеме қабылдайтын болады. Сондықтан біздің бизнесмендер онлайн саудаға көбірек көңіл аударғаны жөн.
Өзіңіз байқасаңыз, шетелдегі ең бай адамдар осы интернет сауда айналасындағы азаматтар. Джеф Безос та, Джек Ма да онлайн сауданың әлеуетін дер кезінде байқаған адамдар. Мен өзім таяуда Қытайға жасаған сапарымда ірі логистикалық компания басшылығымен кездестім. Alibaba-ның ішкі нарықтағы ең басты бәсекелесі JD компаниясының өзі 300 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Amazon-ның үлгісімен құрылған бұл компания тек электронды дүкен ғана емес, сонымен қатар өзінің логистикалық компаниясы бар, соңғы технологияларға сүйенген, соның ішінде дрондармен тауар тасуды жолға қойған компания. Біз де бір кездері шалғай ауылдарға дрондар арқылы тауар жеткіземіз дегенде көпшілік келеке еткен. Қазір дрондар логистикасы «Қазпоштаның» тұрақты қызметі ретінде жұмыс істеп тұр.
– Электронды сауданың дамуымен өнеркәсіп пен өндірісте жұмысшылар саны азайып, есесіне сауда, қойма мен логистикадағы жұмыскерлердің саны артпақ. Тиісінше, ІЖӨ-дегі аталған салалардың үлесі артып, өз кезегінде Қазақстан өндірістік экономикадан сервистік экономикаға үлкен қадам жасайды деген сөз ғой?
– Қазақстандағы электронды сауданың 60 пайызы Алматы қаласына тиесілі. Қалған 40 пайыз негізінен Астана, Шымкент, Қарағанды тұрғындарының үлесінде. Соның ішінде халық негізінен электроника, телефонның қосымша бөлшектері, киім-кешек, косметика және ойыншықтар мен кәдесыйларды онлайн түрде сатып алады. Ішкі нарықтағы келесі қадам – тамақ өнеркәсібі. Мұның барлығы жаңа жұмыс орындарын тудыратыны анық.
Джек Ма өзінің Alibaba экожүйесінің басты жетістігі ретінде жаңа жұмыс орындарының ашылуын айтады. Alibaba компаниясы құрылғалы бері 11 млн жаңа жұмыс орнын ашқан екен. Ал Қазақстанда, менің есебімше, алдағы бес жылдың ішінде электронды сауда саласы жаңадан 220 мың жұмыс орнын ашуы тиіс. Қазірдің өзінде 2018 жылдың басынан бері Қазақстанда осы салада 42 мың жұмыс орны ашылды. Негізінен бұлар аралас сала өкілдері: жүргізушілер, курьерлер, қоймашылар, сұрыптаушылар, бағдарламашылар, call-орталықтардағы қызметкерлер. Электронды сауда енді жыл сайын жаңадан 40-50 мың жұмысшыны қажет етеді деп болжап отырмыз. Цифрландыру аясында автоматтандыру мен роботтандыру негізінде жұмыстан босап қалған азаматтар үшін бұл жаңа мүмкіндік. Оның үстіне, бұл саладағы орташа айлық жаман емес, шамамен 120-150 мың теңге.
– Нарықтың тең жартысына иелік ету қызмет сапасына зардабын тигізбей ме?
– Қазіргі таңда Қазақстанға шетелден келетін сәлемдеменің 90 пайызын «Қазпошта» жеткізеді. Мәселен, АҚШ-тан сатып алынған зат Портланд деген қалада жиналып, Қазақстанға жеткізіліп, ары қарай Алматы, Астана мен Ақтөбеден ел ішінде таратылады. Алдағы уақытта Шымкентте де осындай сұрыптау орталығын ашуымыз мүмкін. Сәлемдемелер Қазақстанға кіргеннен кейін соңғы тұтынушыға 5-6 күнде жеткізіледі. 2019 жылдан бастап шетелден келетін сәлемдеменің 90 пайызының жеткізу мерзімін 3 күнге дейін қысқартуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін біз республика бойынша сұрыптау орталықтарының санын арттырып, тауарларды жергілікті авиациялық компаниялар арқылы жеткізу жағын жетілдіру үстіндеміз.
Ішкі нарыққа келер болсақ, «Қазпоштаның» үлесі шамамен 40 пайыз. Республика бойынша 70 логистикалық-курьерлік компания болса, ішкі нарықтың қалған 60 пайызы соларға тиесілі. Соның ішінде бәсекелестік негізінен қалалық жерлерде. Ал ауылдық елді мекендерде тек «Қазпошта» қызмет еткенімен, ауылдағы бөлімшелер керісінше компанияны шығынға ұшыратып отыр. 500 мыңдай ғана халқы бар, ауылдық әкімдігі де жоқ елді мекендер үшін «Қазпошта» – қаламен байланыстың жалғыз көзі. Тіпті ХҚКО-лардың кей қызметтерін «Қазпошта» мемлекеттен субсидия ала отырып көрсетуі мүмкін.
– Экспортқа шығу ниеті бар кәсіпкерлерге қандай көмек көрсете аласыздар?
– Мен таяуда Алматыдағы «барахолканың» сатушыларымен кездестім. Дүкенге күніне 20 адам келіп, оның 5-еуі сауда жасайтын болса, онлайн дүкенде оны миллиондаған халық көрер еді. Қазір бұл базар цифрландырылып жатыр. Базар онлайнға шыққан кезде сауда бұрынғыдан да қызар еді.
Екіншіден, таяуда Қытайға барғанда ол жақтағы кәсіпкерлер біздің ауылшаруашылық өнімдерімізге қол жеткізе алмай отырғанын айтты. Қытайдың қалың тұтынушылары біздің органикалық таза сүт және ет өнімдерін, жалпы тамақ өнеркәсібі өнімдерін интернет дүкендерден сатып алуға дайын отыр. Жалпы, электронды коммерцияның экспорты анау айтқандай қиын емес, отандық қолөнершілер жасаған кәдесыйлар қазірдің өзінде Amazon арқылы дүниежүзілік нарықта үлкен сұранысқа ие болып отырғаны осының мысалы. Кәдесый сататын қазақстандық бір компанияның өзі айына 150 мың АҚШ долларының тауарын сатып отыр.
«Қазпоштаның» қазір Алматы мен Астанада электронды коммерция орталықтары бар. Қазір тағы бір орталықты Қарағандыда ашқалы отырмыз. Алдағы уақытта Ақтөбе мен Шымкентте де осындай ағарту орындарын ашу жоспарда бар. Бұл орталыққа кез келген азамат келіп электронды сауда туралы сауатын аша алады. Тұтынушылар интернет дүкендер арқылы тауар сатып алуды үйренсе, кәсіпкерлер өз өнімдерін интернет арқылы сатуды меңгеріп шығады. Биыл біз жыл басынан бері 2 500 бизнесменді оқыттық. Соның нәтижесінде биыл шағын кәсіпкерлердің интернет арқылы сатқан өнімдерінің саны 1 млн-ға жетті. 1 млн-ның барлығы ішкі нарыққа сатылды, әзірге электронды экспорт жоқтың қасы. Келесі жылы бұл көрсеткішті 8 млн-ға жеткізуді көздеп отырмыз. Әрине бұл үшін қолданыстағы бірнеше заңға өзгеріс енгізу қажет. Мысалы, қазір интернет арқылы тауар сатам деген кәсіпкер үш-төрт құжат толтырады. Біз осы бюрократияны алып тастағымыз келеді. Осындай өзгерістерді қарастырған жаңа заң жобасы қазір Мәжілісте жатыр. Осы заң ақпан айында күшіне енсе, кәсіпкер қосымша құжат толтырмай, сауданы офлайндағыдай жасай береді, ал оны интернетте тарату, жеткізу секілді қосымша жұмыстар «Қазпошта» секілді компаниялардың жұмысы болады.
– Онлайн дүкендердегі тауарлардың сапасы мен затты кері қайтару үдерісі жолға қойылған ба?
– Электронды сауданың жаппай тарай бастаған кезінде затты қайтару мен жеткізілген тауардың дұрыстығын бақылау бойынша кейбір келеңсіздіктердің болатыны да белгілі. Бәтеңкеге тапсырыс берген азаматқа кебіс салып жіберген жағдайлар да болған екен. Нәтижесінде «Қазпошта» ол кәсіпкермен әріптестікті үзіп, оның өнімдерін платформадан алып тастаған. Қазір осындай келеңсіздіктердің болмауы мақсатында «Қазпоштаның» сауда алаңына шығу үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «адал кәсіпкерлер» реестріне тіркелу шарт.
2015-2016 жылдары электронды сауда «Қазпошта» АҚ-ның жалпы табысының тек 10 пайызын ғана қамтамасыз етіпті. Ал 2017 жылы бұл көрсеткіш 15-16 пайыз болған. Былтыр компания табысының 25 пайызын электронды сауда құрағалы отыр. Алдағы бірер жылда «Қазпоштаның» ішкі нарықта Amazon мен Alibaba секілді электронды сауда саласындағы ірі компанияға айналу мүмкіндігін жоққа шығармаймыз.
Әңгімелескен Бауыржан МҰҚАН,
«Егемен Қазақстан»