Біз сынаптай сырғыған уақытта, жаңалығы желмен жарысқан кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Жаһандану һәм бұралаңы көп заман иммунитеті мықты, тіні берік, мақсаты зор ұлттың ғана өзіндік болмыс-бітімін сақтайды. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.
Мыңжылдықтар өтіп, қоғамдық құндылықтар мен қағидаттар алмасса да өзгермейтін, уақыт шеңберімен өлшенбейтін нәрсе бар. Ол – бабадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық мұра, тасқа басылған төл тарих. Өзіндік дара тарихын ұлықтау – түбегейлі жаңғыруға бет алған қоғам үшін үлкен маңызға ие. Бұл тұрғыда Қазақстан Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында келтірілген деректер мен дәйектер, құндылықтар мен мәдени мұралар ұлтымыздың әлем өркениетіндегі орнын айшықтауға бағытталған ауқымды қадам болды деп ойлаймыз.
Мемлекет басшысының қоғамда үлкен пікірталас тудырған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының заңды жалғасы іспеттес болған бұл мақала – ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуімізге серпін береді. Бұл мақала – кешегі әлем өркениетінде өзіндік орнықты орны бар көшпенділердің салт-дәстүрін, дара мәдениетін бүгінгі күн тұрғысынан қайта жаңғыртуға негіз болады.
Мақалада түркі әлемінің генезисі туралы жазылды. Осыған байланысты, «Түркі өркениеті: түп-тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алу қажеттігін атап өтті Елбасы. Аталған жоба аясында Түркологтардың дүниежүзілік конгресін және әртүрлі елдер музейлерінің экспозицияларына ежелгі түркі жәдігерлері қойылатын Түркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыру қарастырылмақ. Сонымен қатар түркі халықтарына ортақ туындыларының бірыңғай онлайн кітапханасын ашу да көзделіп отыр. Мұның барлығы да жайдан-жай қолға алынып отырған шаралар емес. Тарихтың тереңіне үңілер болсақ, асқақ Алтай мен Анадолының арасындағы кең-байтақ аймақ – түбі бір түркі баласының қастерлі қонысы, қасиетті мекені болғанын аңғарамыз. Қазақстан Президентінің бастамасымен қайта дүниеге келген «Мәңгілік ел» мұратының да негізгі өзегі – Ұлы дала елін түркі халықтарының ата жұрты ретінде қабылдауға негіздеу, тамыры терең ұлттық мәдениеттің сақталуын және дамуын қамтамасыз ету. Бүгінде Қазақстан туысқан халықтар ынтымақтастығының нығаюына негізгі ұйытқы болып келеді. Бұған негіз де жоқ емес. Өйткені, Қазақ жері – ежелден Шығыс пен Батысты, Еуропа мен Азияны жалғайтын алтын көпір саналып келген. Құрлықтар мен құндылықтар тоғысқан Ұлы дала елі – түркі әлемінің алтын бесігі, қастерлі қонысы.
Түркі халқының мәңгі мақсат-мұраттарын көздейтін Күлтегіннің «Тұтас түрік елі» идеясы бүгінде жаңа белеске көтерілді. Бұған жоғары білікті педагог кадрларды даярлайтын іргелі жоғары оқу орны, білім мен ғылымның қарашаңырағы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті де өзіндік сүбелі үлесін қосуда. Білім ордасының бастамасымен дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан Халықаралық түркі әлемі зерттеулері симпозиумы – түркі әлемінің әдебиеті мен мәдениетінің дамуына, дәуірлер жалғастығына алтын арқау болып келеді. Түркі дүниесі әлі сыры ашылмаған асыл мұраға бай. Осыған орай туыстас елдер ғалымдары мен зерттеушілері түркі халқының бай рухани мұрасын, әдебиеті мен мәдениетін, тарихы мен тілін зерттеп-зерделеуге, бабалар дәстүрін жалғастыруға симпозиум аясында өз үлестерін қосуда. Сондай-ақ Қыздар университетінің оқу бағдарламасына биылғы оқу жылынан бастап «Ұлы дала тарихы» атты таңдау пәні енгізілді. Мақсат – киіз туырлықты қазақ халқының аса бай рухани қазынасын өскелең жас ұрпақтың санасына сіңіру, жастарды отаншылдық сезімде тәрбиелеу, олардың тарихи санасын жаңғырту.
Тарихты тану – тағылымды іс. Тарихты тану – ұлттың рухын көтереді, мерейін тасытады. Ұлы даланың мақтан тұтарлық төл тарихы, мәдениеті мен өнегесі бар. Оны ұлықтау ұлтты ұйыстыруға бастайды. Бұл орайда Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы басты бағдар болмақ.
Гаухар АЛДАМБЕРГЕНОВА,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор
АЛМАТЫ