• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
09 Қаңтар, 2019

Қатерлі дерттің емі – инновация

920 рет
көрсетілді

Адамзаттың өркениет игілік­теріне ұмтылуын ғылыми ізде­ністерсіз көзге елестету әсте мүм­кін емес.

Елімізде медициналық технологияларды енгізудің басты зертханасына айналған орталықтар бар. Айталық, JCI халықаралық сапа сертификаттауынан сәтті өтіп, Қазақстанды медициналық туризм орталығы ретінде танытқан Ұлттық медициналық холдингі қызмет көрсетуде. Әлемге әйгілі Ю.Пя, С.Ақшолақов, Н.Батпенов сынды дәрігер-ғалымдар қазақ медицинасының әлеуетін танытты. Бұл аға буынның жетіс­тіктері бүгінде Назарбаев Университет қабырғасында да жас ғалымдардың ізденісімен жал­ғасып, медицинаға қажетті инно­вациялық жұмыстар кеңінен жүр­гізілуде. Медициналық білім беру және биомедицина саласында Орталық Азия бойынша хаб құру мақсатында Питтсбург уни­верситетінің Медицина мек­тебімен әріптестік орнатылып, дә­рігер-зерттеушілерді даярлауға мүмкіндік алды. Бұл мектеп Астана қаласындағы Ұлттық ме­дициналық холдингтің алты ме­ди­циналық клиникасымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді.

Бүгінде отандық медицина ғылымын дамытудың бірінші ке­зектегі міндеті – озық әлемдік стан­дарттар мен тұжырымдамалар трансфертінің негізінде оның әдіс­­темелік тәсілдерін жаңғырту. Осы мақсатта отандық ғылыми-зерттеу бағдарламалары мен жо­баларының халықаралық бағ­дарламалар және жобалар интеграциясына үлкен назар аударылып, қазақстандық жобалардың халықаралық мультиорталықтық зерттеулер бағдарламаларына өтуі мен тартылуы үнемі ынталандырылып келеді. Соның бір айғағы – «Денсаулық сақтаудағы инно­вация» халықаралық ғылы­ми форумы. АҚШ, Аустрия, Гер­мания, Израиль, Италия, Люк­сембург, Куба, Оңтүстік Корея, Ресей, Украина, Өзбекстанның және елі­міз­дегі үздік дәрігерлер қатыс­қан форумда денсаулық сақтауды цифр­ландыру, ро­бот­­тандырылған хирургия, онкология салаларындағы ин­но­ва­циялық әзірлемелер, инно­вациялық өнімдер, ғылыми жә­не ғылыми-техникалық қыз­мет­тер нәтижелерін грантпен қар­жы­лан­дыру мәселелері тал­қы­ланды.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, соңғы 3 жыл ішінде отандық ме­дицинаға 100-ге тарта жаңа инновация енгізіліп, Еуразиялық кеңістікте роботтық хирургияны қол­дану арқылы операция жасайтын аз ғана елдің қатарына Қа­зақстан да кіріп отыр. Сала бас­шысы алда тұрған міндеттерді са­ралай келіп, науқастарды емдеу әдістерін жетілдіруде инновация мүмкіндіктерін пайдаланудың ма­ңыздылығына мән берді.

Дәрігерлер қандай да бір дерт­ті емдегенде пациенттің ерек­­шелігі болатынын айтады. Мә­селен дәрігерлер емдеу барысында жүргізілген зерттеулер адам­ның геномы мен метаболизм процесінің ағзада қалай жүруіне байланысты бірдей жасалынған емге әр пациенттің әртүрлі жа­уап беретінін айқындады. Біріне жаққан емнің екінші біріне қар­сы әсері болуы да мүмкін. Пре­­зидент Іс басқармасы меди­ци­налық орталығының басшысы Валерий Бенберин биомедицина мен биоақпараттанудың қа­рышты дамуы жасушааралық қатынастардың байланыстарын бұрынғыдан әлдеқайда тереңдете тануға мүмкіндік жасағанын айта келе, орталықтың молекулярлық-геномдық зертханасын іске қо­сып, әр адамның ДНК-сын секвенирлеуге, яғни ДНК-дағы азот­ты құрамдастар – нуклеотид тіз­бегінің картинасын жасауға то­лық даяр екенін алға тартты. Мұндай ем-шараны кәсіби тіл­де «имплантация алдындағы гене­тикалық скрининг» деп атап, биологтар мен генетиктер соның көмегімен молекулярлық эмбрион хромосомаларының санын анықтайды, сол арқылы гене­­тикалық патологияның да­муын ерте сатыда біле алады. Сондай-ақ ауру белгілерін анық­тауға және емдеу процесінде қол­­дануға мүмкіндік беретін био­­­маркерлердің жаңа түр­лерін пай­даланумен бірге робот­тан­ды­рылған хирургияның дәрі­гер­ге көмекке келуі әсіресе, онко­ло­гия­­лық операциялардың сапасын жақсартуымен қатар, пациент­терге қосымша тексерулерді жүр­­­гізуді және химиотерапияны жа­саудың қажеттігін азайтты. 

Медицинадағы онкоауру­ларды дер кезінде анықтау мен емдеудегі перспективалы бағыттың бірі – радиоизотоптар көмегіне жү­гіну. Президенттік клиника он­­­ко­логиялық ауруларды емдеу ая­сын кеңейту мақсатында ауру­ханада радиоизотоптық фар­ма­кологиялық препараттарды да­йындауға да қам жасауда. Бұл жайында былтыр қазан айында елімізге келген жапондық профессор Джун Хатазаваның былай дегені есте. Ол «Дүние жүзіндегі ядролық медицинаның озық клиникалары, оның ішінде Жапония қолданатын препараттарды Қа­зақстанда жасауға әбден болады. Оған ядролық физика, химия саласы бойынша мамандар, зерттеуді клиникада жүзеге асы­руға пейілді білікті дәрігерлер бар. Сондықтан Қазақстандағы ядро­лық медицинаның радиоизотопты препараттар дайындауда келешегі зор», деген-ді. Сол жо­лы профессордың радиоизотопты препараттарды қан тамыры арқылы жіберіп, метастазаның бетін қайтарып қана қоймай, обыр жасушалары көзінің толық жойылғанын және оның бас-аяғы бірнеше айдың жүзінде мүмкін болуына көз жеткен. Әдетте метастаза басталып кетсе, үміттің үзілгені, дерттің бойға дендегені дейтін ұғымға өзгерістің енуі қан­шалықты қымбат десеңізші!

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты­ның директоры Диляра Қайдарова патоморфология және иммунды гистохимия (лаборотория) зерт­ханаларының диагноз қою­мен қатар, қатерлі ісіктің құры­лы­мын және биологиялық структурасын анықтауының нәтижесінде пациентке қажетті таргетті препараттар қолдану жайында берген ақпараты назар аударған. Жал­пы таргетті терапия термині ағыл­шынның  the target – нысана сөзінен шыққанын айта кеткен жөн. Д.Қайдарованың айтуынша, пациенттің бойындағы белгілі бір кеселге, ол тіпті белгілі бір му­тацияға ұшыраған жағдайда тек сол ауруға ғана бағытталып, оны жойып, өзге сау органдарға за­­лалы тимейтін таргетті дәрілерді пай­даланудың елімізде тегін жүр­гізілуі мақтаныш сезімін тудырады. Және таргетті терапияның ба­ғасы соншалық арзан да емес көрінеді. Мәселен, бір таргетті дәрінің құны 500-600 мың теңге шамасында. «Интероперациялық сәулелік терапия үшін, хайпек, электрохимиялық терапия, гипертермия қолдануға қажетті және балалар миының онкоауруларында әрі нысаналы және қауіпсіз саналатын протонотерапияға керек құралдарды алуға мемлекет кең көлемде қаржылық қолдау көр­сетуде», дейді бас онколог-дәрігер. Болашақ медицинасы немесе медицинадағы 4 Пи әлемде қар­қынды дамып отырған үрдіс. Бұл 4 Пи де еліміз үшін тосын емес. Форум аясында біз әңгі­меге тартқан Президент Іс бас­қармасы медициналық орта­лығы басшысының орынбасары Ажар Төлеғалиева оны жіліктеп тұрып айтып берді. «Бірінші Пи бойын­ша адамдардың болашақтағы ықтимал ауруын алдын ала бол­жау геномдық зертханада жүр­гізіледі. Екінші Пи – сол ауруды болдырмау жайында кеңес беруді жолға қойса, үшінші Пи – әр пациентке тиімді ем жо­лын және дәрі-дәрмектерді анық­тау, төртінші Пи – науқастың қатысуымен атқарылатын пара­сим­пативтік жолды қолдану. Осы төртеуі жүргізілгенде әрбір адам­ның генетикалық паспорты жасалады. Осындай жеке пациентке бағытталған дербес медицина даму үстінде», дейді ол. Әр қазақстандықтың генетикалық паспортпен қамтылу мүмкіндігі және оны алу үшін қаншалықты қаражат қажет? 10 жыл бұрын оны жасату әлемде қымбатқа түс­ті, ал қазір диагностикалық ап­па­раттардың жетілуіне, көптеген ме­дициналық орталықтарда бұл тәсілдердің енгізілуіне байланыс­ты баға айтарлықтай қолжетімді бола түсуде. Еліміздегі емдеу ме­кемелерінде дербес (персоналды) медицина енгізілетін болса, бұл кім-кімге де мүмкін болады деген ойларын айтты. Дәл қазіргі уақытта генетикалық паспорт жасату құны 500 АҚШ доллары көлемін құрайды.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»