Бүгінде жағымсыз естілетін, тыңдай қалсаң, аза бойыңды қаза қылатын арзан әнсымақтар көбейіп барады. Әуені қандай әлсіз болса, сөзі де сондай сылдыр. Осылай кете берсе, халық сүйіп тыңдайтын әндер шығарылмаса, ән өнерінде қандай қадір-қасиет қалмақ? Келешекте ел-жұрттың талғамынан шығатын, әрі оларға рухани нәрі мен сыршыл сезім күйін сыйлай алатын құнды дүниелер қатарын қалайша толықтыруға болады?
Бұл сауалдарға біржақты жауап қайтару қиын-ақ. Дегенмен Ақтөбе облыстық филармониясының директоры Елубай Кенжалиевтің бастамасы бойынша қолға алынған ежелгі халықтық ән-жырымыздың жаңа тынысын ашу жөніндегі мәселе бізге осы сауалдың бір шетін ұстатқандай көрінді. Ықыластың, одан берідегі Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұбанованың кіші отанында кәсіби өнер жолындағы сабақтастықтың тіні үзілмей жалғасып келеді.
Мұнда халықтық музыканың қайнарынан қанып ішкен, оны қай кезде де пір, кие тұта алатын өнер тарландары мен майталмандары жетерлік. Олардың қатарында белгілі композитор Бейбіт Оралұлының, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімовтің және бұрынғы дәстүрлі әндер мен фольклорлық жанрларды бүгінгі заман талғамына сай әрлеп, өңдеп беріп жүрген танымал өнер иесі Бақытбек Зейнеловтің есімдерін атай кетуге болады.
Бұрынғы ақын-жыраулардың туындылары мен бүгінгі эстрадалық әндер және патриоттық рухтағы дүниелердің арасында тығыз тұтастық бар. Ендеше дәстүрлі әндер мен терме-толғауларды жаңаша форматта өңдеп, ел-жұртқа ұсынудың ешқандай сөкеттігі болмайды. Әрине, бұл істе халықтық шығармалардың бұрынғы бояуы мен реңіне ұлттық колориттерге толы нақыштар мен иірімдерге нұқсан келмегені жөн.
– Әр заманның талғамы мен талабына сай ұлттық ән өнері туындыларын ел-жұрттың сана сезіміне жеткізудің өзіндік тәсілдері мен әдістемелері бар. Айталық мұндайда бұрынғыдай тек бір ғана домбыраның мүмкіндігіне арқа сүйеу аздық етуі мүмкін. Сондықтан ежелгі ән-жырды әрлеу кезінде өзге де музыкалық қондырғыларды қолданудың артықшылығы болмайды. Тек мұндайда бұрынғы әуендердің ырғағы мен мақамына және мәтініне орынсыз ұрынбау қажет. Әйтпесе мұның өзі артық қыламын деп, тыртық қылу болып шықпай ма, – дейді композитор Бейбіт Оралұлы.
Ал дәстүрлі ән туындыларын өңдеуден өткізіп жүрген саңлақ өнер иесі Бақытбек Зейнелов тыңдармандардың талғамы мен сұранымынан шыға алмаған нұсқаларды қайта-қайта сахнаға тықпалай берудің қажеті жоқ деп есептейді. Мұндай кемшіндік екі жақтан да болуы мүмкін. Оның біріншісі өңдеудегі сәтсіздік болса, кейінгісі орындаушының ән ажарын аша алмауынан әрі оның әуенін бұзып айтуынан орын алатын келеңсіздік. Бұған дейінгі тәжірибе мұндай сүреңсіздік, классикалық сипаттағы ұлттық ән туындыларының екінші тынысының ашылмай қалуы көптеген жағдайларда орындаушының кінәсінен болатынын көрсетеді.
Ал орындалуы келіссе ше? Ендеше мұндайда халықтық туындының бағы қайта жанды деп есептей беріңіз. Дәл осы арада бұған айқын да жарқын бір мысал келтіре кетудің орайы келіп тұрғандай. Айталық, халық әні «Дайдидау» бұған дейін соншама сәнденіп, соншама мәнденіп қыр қызғалдағындай құлпыра айтылып па еді, тыңдалып па еді? Қаншама ойлансақ та бұл жағдай есімізге түспей отыр. Жоғарыда айтылған ақтөбелік ән әуенін өңдеуші Бақытбек Зейнеловтің сүзгісінен кейін және Димаш Құдайбергеновтің орындауында «Дайдидау» төрткүл дүниені тамсандырып кете барды емес пе? Міне, әнді өңдеу мен орындаудың, оны бүгінгі талғамы биік тыңдармандардың жүрегіне жеткізудің эталоны мен үлгісі осындай.
Ел ішіне кеңінен таралып кеткен ақындардың туындыларын сәл жөндеп, ел назарына қайта ұсыну Мұқағали Мақатаевтың: «Қазақтың күпі киген қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын», деген өлең жолдарын еріксіз еске түсіреді. Дәл солай емес пе? Халықтың ән-жыр қазынасы – мәдени мұраның кесек бір бөлігі. Ендеше оған жаңаша әр беріп, ел-жұрттың қайта сусындауына жағдай туғызу өміршең ойдан туған қадам деп білеміз. Бұл қазіргі қоғамға керек істің бірі десек те, қателесе қоймаспыз. Әрі осы арқылы ақындар мен композиторлардың шығармаларын келешек ұрпаққа табыстаудың өзгеше бір жолы мен үлгісі ашылар еді деген ойдамыз.
Қазіргі күні Ақтөбе аймағында ұлттық өнеріміздің жанашырлары мен кәсіби мамандары осы топырақтың төл перзенттері, барша қазақ халқының ықыласына бөленген даңқты өнер иелері Тәңірберген Молдабай, Әбубәкір Кердері, Нұрпейіс Байғанин, Шернияз Жарылғасұлы, Қызыл Тұрдалыұлы, Сары Батақұлы және Наурызбек жыраудың шығармаларының екінші тынысын ашып, келер ұрпаққа табыстаудың ұтымды жолдарын іздестіруде. Олар бұл ретте халықтық сипаттағы терме-толғаулар мен әндерді көпшіліктің назарына жаңаша форматта ұсынып жүрген, елге есімдері кеңінен танымал өнер шеберлері Рамазан Стамғазиев, Айгүл Қосанова және Өмірқұл Аиниязовпен тығыз шығармашылық байланыс орната отырып, өздері қолға алған істің тамырын тереңдете түсуде.
Осы орайда Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының директоры Елубай Кенжалиевтің бастамасымен эстрадалық және патриоттық әндер жанрында шырқайтын әншілердің республикалық «Жібек жолы» байқауы ұйымдастырылып келеді. Бұған кәсіби өнер ұжымдарында жұмыс жасайтын 17-35 жас аралығындағы еліміздегі барлық этностың өкілдері қатыса алады. Мұндағы басты талап – орындалатын халықтық шығармалардың ережедегі талаптарға сәйкес келіп, жаңа форматта болуы.
Бұған қоса байқауға қатысушылардың орындаушылық шеберлігі мен мәнеріне, дауыс диапазонының кеңдігі мен ашықтығына, сондай-ақ сахна мәдениетін сақтай білуіне ерекше мән беріледі. Биыл республикалық «Жібек жолы» эстрадалық әншілер байқауы екінші рет өткізіліп, оған облыстардан және Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе қалаларынан дарынды жастар қатысты. Жаңаша өңдеудегі халық әндерін орындауда Атырау облысынан келген жас әнші Айбар Ғаниұлы бас жүлдеге ие болды. Міне, осылайша шетсіз де шексіз үлкен дария іспеттес дәстүрлі жыр-термеміздің жаңаша тынысын ашу жөнінде екі-үш ауыз ой өрімдері айтылған секілді. Халықтық ән өнеріміздің ғұмырын одан әрі жалғау мен жаңғырту рухани-мәдени даму тұрғысынан қарастырғанда жаһандық бәсекеге төтеп бере білуіміздің бір төте жолы екені анық.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ