Соңғы уақытта сусамырдың 1-түріне шалдыққан балаларды дәрі-дәрмекпен қамту біраз қиындық туғызып отыр. Басына түскен адам ғана біледі. Қант диабетінің 1-түріне шалдыққан адамның өмірі қандағы глюкоза деңгейін бақылап, ұстап отыруға тәуелді. Ешқандай демалыс күндерінсіз, аптаның 7 күнінде және жылдың 365 тәулігінде өмір үшін күрес жалғаса береді. Қант диабетінің осы түріне шалдыққандардың қанындағы глюкозаны жүйелі түрде реттеп, ем-домы үзілмеген жағдайда ғана оның ауыр салдары мен асқынуларынан сақтануға болады. Мұны баласы дертті әке-шеше ғана жақсы біледі.
Қысқасы, тас түскен жеріне ғана ауыр. Осы мәселе төңірегінде кезекті рет ата-аналар БАҚ өкілдеріне жүгініп, өздерінің мұң-мұқтаждарымен бөлісуге мәжбүр болуда.
Бұған дейін жаздағы Алматыдағы менингококк жұқпасына қатысты ахуалға байланысты Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мегаполиске келіп, баспасөз мәслихатын өткізген кезде осы мәселе көтерілген болатын. Мұндай жағдай еліміздегі Денсаулық сақтау министрлігі «Қант диабетінің 1-түрін» әлеуметтік маңызға ие аурулар тізімінен алып тастағаннан кейін туған. Салдары жоғарыдағыдай.
Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігінің 2017 жылдың 11 желтоқсанындағы №935 бұйрығына сәйкес «Глюкаген гипокит» (белсенді заты – «Глюкагон H04AA01») препараты кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі аясында амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету тізімінен алынып тасталған еді. Ата-аналардың министрлікке білікті отандық эндокринолог-мамандардың дәлелді уәждерін алға тарта отырып, электронды үкімет порталы арқылы сұрау салуы да әлі жауапсыз қалып отыр.
Оған қоса бірқатар өңірде инсулин препараттары дер кезінде жеткізілмегендіктен, жағдай қиындай түскен. Фармация комитетінің басшысына жеке шығып өтініш жасаған кезде ғана, сусамырға шалдыққан балалар амбулаториялық дәрі-дәрмекке қол жеткізген еді.
Тура осы жағдай инсулин сорғыларына да қатысты орын алып отыр. Естеріңізге салсақ, 2017 жылдың екінші жартысында Денсаулық сақтау министрлігінің кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі аясында амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамту тізімінен инсулин сорғыларын алып тастау бастамасына наразылықтың нәтижесінде министрлік сорғыға мұқтаж балалардың барлығы бұл құралмен қамтамасыз етіледі деп уәде еткен. Былтыр жыл басында елімізде «Қант диабетінің 1-түрі» диагнозы қойылған 3076 бала тіркелген. Сол кезеңде тек 1071 бала ғана сорғымен қамтамасыз етілген. Біраз дау-дамайдан кейін 180-дей бала сорғымен қамтамасыз етіліпті. 2019 жылға жоспарланған 352 инсулин сорғысы 2018 жылы анықталған науқастардың ғана қажеттілігін қамтамасыз ете алады. Осылайша бізде 1800-ден аса инсулин сорғысы жетпей тұр. Демек, қант диабетіне шалдыққан балалардың үштен бірі биыл да сорғымен қамтамасыз етілмейтін түрі бар, дейді науқас балалары бар ата-аналар.
Олардың сабырын тауысқан ең қиын жағдай – глюкометрге арналған тест-жолақпен байланысты тендер мәселесі әлі белгісіз болып отыр. Тендерге өз өнімін ұсынған компаниялардың екеуі де жергілікті өндірушілер және бір бағада өз өнімдерін ұсынады. Өндірушінің біреуінде өнімді сақтау мерзімі 6 ай болса, екіншісінде – 24 ай. Ал тендерді өнімді сақтау мерзімі қысқа компания ұтады. Тұтынушылар шенеуніктердің осы қателігін анықтаған кезде, «СҚ Фармация» тарапынан қарама-қайшы әрекеттер басталады. Алдымен жеңімпаз компания өнімді ай сайын жеткізеді деген мәлімдеме жасалады. Көп ұзамай өнімнің сақтау мерзімі өзгеріп шыға келген. Сонымен қатар тіркеу куәлігін ISO 13485 сертификаттары негізінде алған осы медициналық мақсаттағы бұйымдардың қаншалықты заңды екендігі жөніндегі БАҚ-тағы жарияланымдар да көп сұрақ туғызады дейді бұл мәселені бүге-шігесіне дейін білетін ата-аналар.
Осыған байланысты қант сусамырының 1-түріне шалдыққан балалардың ата-аналарының бастамашыл тобының жанайқайын жеткізуді жөн санадық.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ