Бикен Римова атындағы Талдықорған театрында драматург Тұрлыбек Мәмесейіттің «Құлқынның құлы» атты драмасы сахналанды. Бүгінгі қоғамның өзекті мәселесін көтерген уытты шығарма актерлер құрамының шеберлігімен әдіптеліп, көрермендер тарапынан ілтипатқа ие болды.
«Құлқынның құлы» – сыбайлас жемқорлық жайлаған ортаның шындығын ашқан шығарма екен. Автор пьесаның негізгі кілті ретінде ауылдағы әлеуметтік жағдай мен жең ұшынан жалғасқан жемқорлардың іс-әрекетін шенейді. Бұл шығарманың тағы бір ерекшелігі бар. Осы кезеңге дейін сахналық қойылымдарда жергілікті билік өкілінің жағымсыз бейнесін көрсететін образ жоққа тән еді. Мысалға, ауыл әкімінің жер сатып, пара алып, одан қалды қорғансыз қызды қорлауы жайлы ащы сюжет әдеби жазбаларда кездеспегені анық. Бұл тұрғыда Тұрлыбек Мәмесейіттің драмасы заман адамының бейнесін ашып, қоғамның кеселін дөп басып көрсете алуымен құнды.
...Ауыл әкімі Қайырбек сыбайлас делдалдың дем беруімен мемлекет меншігінде алқаптарды бөліп, қымбат бағаға жер сатуды әдетке айналдырады. Оңай олжа мен қампайған қалтаның буы әкім үшін туған жер, адам құндылығы сияқты қасиетті шектеулердің түкке тұрмайтынын, өмір тек байлық пен билікке ғана негізделгенін ұқтырғандай. Тиыннан тиын сауып, ебін тапса адамның ар-ұятын сатып алуға болатынын ісімен дәлелдеп жүрген Ахметтің алдынан үнемі қарау ниетті әкім, пайда іздеген кәсіпкер, ақшаға құныққан шенеунік шығып отырады. Ол осы жолда Астанадан арнайы келген қалталы адамға ауылдың қарапайым қызы, сұлу да ақылды Мәдинаның арын аяққа таптатып, қорлыққа беруден де тайынбайды...
Драманың шарықтау шегіндегі оқиғалар осылай өрбіп келіп, әділет сотының үкімі шыққанша тұтас бір ұрпақтың тағдыры талқан болып, кездейсоқ адамдардың құрбандыққа шалынып кетуінен сақтандыруға тырысады. Жалпы, драманың өміршеңдігі осындай тәуекелді шешіммен аяқталуы болса керек. Осылайша, режиссер, Халық әртісі Ерсайын Төлеубай сахналаған «Құлқынның құлы» талдықорғандық көрерменнің көңіл төрінен орын алғаны анық.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы