«2019 жыл басталғалы бері Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жолда қалған 84 машинаны эвакуациялап, 137 адамды құтқарды» деп хабарлайды ТЖД баспасөз қызметі.
Ақ Жайық өңірінде жаңа жыл келгелі ауа райы жиі бұзылып, борандатып тұр. Осыған байланысты Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті тұрғындарға ауа райының күрт бұзылатыны, көлік жолдарының жабылатыны туралы алдын ала ескертіп, жолға шығудан сақтандырумен болды.
Жыл басынан Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Бірыңғай жедел-құтқару қызметі басқармасы халыққа 21 СМС хабарлама жіберген екен. Бұл хабарламаның басм көпшілігі, яғни 20-сы түрлі бағыттағы жолдардың жабылғандығы туралы болған.
Мәселен, 5 қаңтарда облыста бұрқасын жел туралы ескерту жарияланды және сол күні сағат 11.00-ден бастап ауа райы жағдайының нашарлауына орай «Қазавтодор» ЖШС Батыс Қазақстан облыстық филиалы автокөліктің барлық түрі бойынша облыстың барлық бағытындағы республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда қозғалысты жабу туралы хабарлаған еді.
«Өкінішке қарай, автокөлік жүргізушілерінің бәрі бірдей құтқарушылардың үндеуіне құлақ аса бермейді, нәтижесінде түрлі жағдай орын алды» дейді төтеншелііктер. Абырой болғанда көліктер мен адамдар дер кезінде құтқарылған. Жоғарыда айтылған құтқарылған 137 адамның 14-і – кәмелетке толмаған балалар екен.
Бүгінде жергілікті атқарушы органдар мен тиісті мекемелер төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында Батыс Қазақстан облысының республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарында қардан тазалау жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда автомобиль жолдарын қысқы күтіп ұстау бойынша жұмыстар жалғасуда.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан