• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Президент 10 Қаңтар, 2019

Президенттің жұмыс кестесі: 2018 жылдың негізгі қорытындылары

500 рет
көрсетілді

2018 жыл Қазақстан үшін еліміздегі бірқатар маңызды страте­гиялық реформаның жүргізілуімен және халықаралық аренадағы елеулі табыстарымен есте қалды. Бұл Мемлекет бас­шы­­сы­ның әдеттегідей тығыз әрі барынша қарқынды жұмыс кес­тесінің мазмұнында көрініс тапты.

Шетелдерге және өңірлерге барған жұмыс сапарларын, түрлі отырыстар мен кеңестерді, халықаралық және респуб­ликалық форумдарды, конференциялар мен съездерді, шетелдік мемлекет және қоғам қайраткерлерін қабылдауды, жұрт­шылық пен еңбек ұжымдарының өкіл­дерімен кездесулерді, өндірістік кәсіп­орындар мен әлеуметтік нысан­дар­ды аралап көруді қоса алғанда, Қазақ­стан Республикасының Президенті Н.Ә.Назар­баев­тың қатысуымен жыл бойы 700-ден астам протоколдық іс-шара болып өтті.

Мемлекет басшысы ел дамуының кең ауқымды мәселелері бойынша 16 кеңес, Үкіметтің және «Нұр Отан» пар­тиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген оты­рыстарын, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» акционерлік қоғамын басқару кеңе­сінің отырысын өткізді.

Президент жанындағы консульта­тивтік-кеңесші органдардың желісі бо­йынша Қауіпсіздік Кеңесінің 5 оты­ры­­сы және Шетелдік инвесторлар кеңесінің 1 оты­рысы өтті.

­Жыл ішінде Президент екі рет Пар­ламент отырысына қатысты, сондай-ақ пала­та­лардың төрағаларымен және пар­ламенттік фракциялардың жетек­ші­лерімен бірнеше рет кездесіп, депутаттық корпуспен тұрақты байла­ныста болды.

Мемлекет басшысы еліміздің өңір­леріне 18 жұмыс сапарын жасады, онда ел өңірлері мен республикалық маңызы бар қалалардың әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық дамуына қатысты мәсе­лелер тал­қы­ланды. Бұдан бөлек Президент Астана қаласы бойынша да тұрақты негізде жұмыс сапарларына шығып тұрды.

Екіжақты қарым-қатынастар аясын­да шетелдерге жасалған 7 сапарды, сон­дай-ақ 10 мемлекетаралық саммит пен 5 халықаралық форумды қоса алғанда, Президенттің қатысуымен 100-ден астам халықаралық сипаттағы кездесулер мен іс-шаралар өтті.

Н.Ә.Назарбаев 3 баспасөз конферен­циясын, 9 брифинг өткізіп, еліміздің және шетелдің БАҚ өкілдеріне 11 сұхбат берді, 3 бейнеүндеу жасады. Бұдан басқа, қараша айында Қазақстанның орта­лық газеттерінде Мемлекет басшы­сының «Ұлы даланың жеті қыры» атты тұжы­рым­дамалық мақаласы жарияланды.

Бір жыл ішінде Президент 81 заңға, 205 Жарлыққа, 64 өкімге және 20 кеңес хаттамасына қол қойды, 1672 қызметтік құжат пен азаматтардың 270 өтінішін, 3,5 мың талдамалық және ақпараттық-анықтамалық материалдарды қарады, мұның өзі тұтас алғанда 5 мыңнан астам құжатты құрады.

Осы кезеңде Мемлекет басшысы, жалпы алғанда 59 күн, соның ішінде 29 күн шетелдерде, 30 күн Қазақстан өңірлерінде іссапарда болды.

 

* * *

Қазақстанның елордасын Астана қаласына көшірудің 20 жылдық мерейтойын атап өту елдің ішкі саяси өміріндегі жалпыұлттық мәні бар аса маңызды оқиға болды.

Жүргізілген кең ауқымды дайын­дық жұмыстарының нәтижесінде елорда­ның мерейтойы бұрын-соңды болма­ған жоғары деңгейде атап өткізіл­ді. Ме­рекелік іс-шаралар Елбасының 4 шіл­деде «Атамекен» этномемориалдық ке­ше­нінің аумағында Мемлекеттік туды көтеру рәсіміне қатысып, қазақ­стан­дық­тарды алдағы мерейтоймен құт­тық­таған сәтінен басталды. Мереке күн­дерінде Президент Астананың бірқатар көпшілік тамашалайтын орындары мен елордаға Қазақстанның өңірлері сыйға тартқан нысандарды аралап көрді.

6 шілдеде Н.Ә.Назарбаев Астана­ның іргесін алғаш қалаған азаматтармен кездесіп, Қырғызстан, Тәжікстан және Өз­бек­стан президенттерімен бірге Тәуел­­­сіздік сарайындағы салтанатты жиын­ға қатысты. Онда Президент Қазақ­стан­ның жаңа елордасын салуға және оны өркендетуге атсалысқандардың бәрі­не алғыс айтты.

Астананың мерейтойлық жылы Пре­зи­денттің қатысуымен өткен бір­қатар маңызды іс-ша­рал­арға толы болды. Бұл шаралар қазақ­стан­дықтар­дың игілігіне айтарлықтай әсер етті.

Қоғамда үлкен резонанс тудырған осындай оқиғалардың ішінен Пар­ла­мент палаталарының наурыз айын­дағы бірлескен отырысында Мемле­кет басшысының халыққа арнаған «Пре­зиденттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін ерекше атап өтуге болады. Тұрғын үй алудың жаңа мүмкіндіктері, еңбек­ақысы төмен қызметкерлердің жалақысын арттыру үшін салық ауырт­палығын төмендету, жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасы және студент жастардың тұрғын жайын жақ­сарту, шағын несие алушылар аясын кеңейту, елді мекендерді газбен қамта­масыз ету сияқты  елімізді одан әрі әлеу­меттік жаң­ғырту жөніндегі бес бағыт­тың бәрі қызу қолдау тапты және әлі де көп уақыт бойы азаматтардың жіті наза­рын­да болары анық. Атап айтқанда, Ел­ба­сы ұсынған «7-20-25» тұрғын үй бағ­­дар­­ламасының арқасында көптеген қазақ­­стандықтар үшін едәуір қолайлы жағ­дайда ипотекалық несие алудың нақты мүмкіндігі пайда болды.

Н.Ә.Назарбаев «Бес әлеуметтік бас­тама – қоғамның әлеуметтік бірлі­гі­нің тұғыры» деген тақырыппен сәуір­де өткен Қазақстан халқы Ассамб­лея­сы­ның ХХVІ сессиясында сөйлеген сөзін­де «Әлеуметтік бірлік саясаты – бір­тұтас Ұлт қалыптастыру жолындағы ма­ңыз­ды қадам. Біз сыртқы жағдайларға қара­мастан, бес жаңа жобаны жүзеге асы­руды бастадық. Бұл қаржымыздың және ресурстарымыздың көптігіне бай­ла­­ныс­ты болып отырған жоқ. Керісінше, қазақ­­стан­­дықтардың тұрмысын жақсар­туға тың серпін беруді көздеген шынайы ниетімізге байланысты іске асуда», – деп атап өтті.

Мемлекет басшысының төрағалы­ғы­мен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесі­нің 1 маусымда болған кеңейтіл­ген оты­рысы «Президенттің бес әлеу­мет­­тік бастамасын» іске асыруға қо­ғам­­­дық бақылауды ұйымдастыру мә­се­­­­ле­сіне арналды. Оның қорытын­ды­сы бо­йынша Президент Қазақстан­да­ғы көшбасшы саяси күш және оны жаң­ғыртудың сенімді тірегі ретінде «Нұр Отан» партиясының ұстанымдарын нығайтудың маңызды екенін атап өтті.

Қыркүйек айында Парламенттің алтыншы шақырылымының кезекті IV сессиясының ашылуында Елбасы­ның депутаттық корпуспен кездесуі «Пре­зи­­денттің бес әлеуметтік бастамас­ын» жү­зеге асыру жөніндегі кешенді іс-шара­ларды тиімді заңнамалық қам­тамасыз ету мәселесіне арналды.

Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған стратегиялық мақсат Н.Ә.Назарбаевтың 5 қазанда жария етілген «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапа­сын арттыру» атты халыққа ар­нал­ған Жолдауында одан әрі жалға­сын тапты. Онда ол халықтың табысы мен тұрмыс сапасын жақсартуға, өмір сүру үшін қолайлы жағдай жасауға, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға, әрбір қазақстандықтың елімізде жүзеге асып жатқан өзгерістер үдерісіне атсалысуын дамытуға бағыт­талған бірқатар маңызды әлеуметтік бастамалар ұсынды. Мәсе­лен, Прези­дент­тің 2019 жылдың 1 қаңта­ры­нан бас­тап ең төменгі жалақыны 1,5 есе көтеру жөніндегі тапсырмасы қазақ­стан­дықтар арасында қызу қолдау тапты.

Қазақстан мұғалімдері Мемлекет басшысының 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеу жөнін­дегі тапсырмасын да ықыласпен қарсы алды. Осыған орай, соңғы екі жылда білім және ғылым жүйесін бюд­жеттен қаржыландырудың жалпы көлемі 22% артқанын айта кеткен жөн.

Елбасы білім саласы ұлтымыздың стратегиялық ресурсы саналатынын ескере отырып, жыл ішінде «Ұлы дала мұрагерлері» атты форумға қатысты және еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының басшыларымен кездесті. Президенттің «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау жөніндегі бастамасының 25 жылдығы айтулы дата болды. Бұл бастама жүзеге асы­рылған жылдарда 13 мыңнан астам қазақстандық жас әлемнің әйгілі университеттерінде білім алып келіп, еліміздің игілігі жолында еңбек етуде.

Мемлекет басшысы қараша айын­да Қазақстанның VIII Азаматтық фо­ру­мында Үкіметтік емес сектордың әлеу­­­меттік бағдарламалардың іске асы­ры­луына қоғамдық бақылау жасау ісі­не белсене қатысуының қажеттілігін атап өтіп, Үкіметке мұны Азаматтық қо­ғам­ды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұ­жы­рым­дамасын әзірлеу барысында еске­руді тапсырды. Бұдан бөлек, Елбасы жастар саясатын жүзеге асыру ісінде ҮЕҰ рөлін арттырудың қажеттігін ай­т­ты. 2019 жыл Жастар жылы деп жария­лан­­ғанын ес­керсек, мұның да маңызы ерекше.

Н.Ә.Назарбаев жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудің қажеттігі туралы қарашада Астана қаласындағы Ұлттық әскери-патриоттық орталықта болған кезінде және қайта құрылған «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әске­ри-патриоттық қозғалысы» респуб­лика­­лық қоғамдық ұйымының тәрбие­ленушілерімен кездесуінде айтты.

Алға қойылған міндеттерге қол жет­кізу үшін «Рухани жаңғыру» қоғам­­дық сананы жаңғырту бағдар­лама­сына ерекше мән берілген. Қазақ әліпбиінің латын қарпіне негіз­делген нұсқасын бекіту, «Жаңа гуманитарлық білім, қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған кітаптардың алғаш­қы партиясын басып шығару, Ұлт­тық домбыра күнін белгілеу – аталған бағ­дар­ламаны жүзеге асыруды көзде­ген нақты қадамдар болды.

Президенттің мерзімдік баспасөзде қараша айында жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты тұжырым­дамалық мақаласы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қисынды жалғасы саналады. Мазмұнының тереңдігі мен идея­сының жаңалығына, сондай-ақ Елба­сының өткеннің мұрасын шығар­машы­лық ой елегінен өткізу, біздің хал­қы­мыздың өркениетке қосқан үлесі­не лайықты баға беру жөніндегі ұсыны­сына орай мақала Қазақстан қоғамы және шет­ел­дік аудитория тарапынан зор қы­­зы­ғу­­ш­ылық туғызып, кеңінен талқы­­ланды.

Халықтың тарихи-мәдени зердесін жандандыру және рухани жаңғыру мәселелері бойынша Президент халық жазушысы Ә.К.Нұрпейісов, ақын әрі қо­ғам қайраткері О.О.Сүлейменов, ха­лық әртістері Ю.Б.Померанцев, Д.Қ.Жол­жақсынов және Ә.М.Дінішев, «Отырар сазы» мемлекеттік академиялық халық­тық-этнографиялық оркестрі­нің жетек­шісі Д.Н.Тілендиева сияқ­ты бір­қатар мәдениет қайраткерлерін қабылдады.

Елбасы күрделі халықаралық жағ­дай­да мемлекетіміздің тұрақты­лығы мен оның егемендігінің мызғымас­тығын қам­тамасыз етудің маңызды­лығын ескере отырып, жыл бойы ұлт­тық қауіп­сіз­ді­гі­­міз бен қорғаныс қабі­леті­міз­ді ны­ғай­ту жолында дәйекті бағдар ұстанды.

Шілде айында «Қазақстан Республи­ка­сы­ның Қауіпсіздік Кеңесі туралы» заң­ның қабылдануы айтулы оқиға болды. Бұл құжат Қазақстан Прези­денті құратын Қауіпсіздік Кеңесінің ел­дің қауіпсіздігі мен қорғаныс қабіле­тін қамтамасыз ету саласындағы бірың­ғай мемлекеттік саясаттың жүргізілуін үйлестіріп отыратын конституциялық орган ретіндегі құқықтық мәртебесін айқындап берді.

Қауіпсіздік Кеңесінің отырыс­тары­ның бірінде, қауіпсіздіктің жалпы мәсе­лелерімен қатар, қоғамда кең резонанс туғызған электр және жылу қуат­тарының қолданыстағы тариф­терін қалыптастыру, энергетикалық қызметтер нарығында бағалардың түзі­луіне бақылау жасауды қамта­масыз ететін мемлекеттік органдар қыз­метінің проблемалары да көтеріл­генін айта кеткен жөн.

Елбасы мамыр айында Астана­да V ха­­лықаралық «KADEX-2018» қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көр­месінің ашылуына қатысты, онда әлем­нің 28 елінен келген 318 кәсіпорын өз өнімін көрсетті.

Президент 7 мамырда Отан қорғау­шы күніне орай Жамбыл облысының Гвардейский кентінде өткен әскери парад­қа қатысты. Парадта 3 мыңға жуық әскери қызметші далалық жағдай­да ұрыс жүргізу шеберлігін, атыс кезін­д­егі мергендіктері мен жауынгерлік ма­шықтарын көрсетті. Оған 300 қару-жарақ пен әскери техника, 40 ұшу аппараты тартылды.

Мемлекет басшысының қазан айын­дағы Жолдауында және ішкі істер орган­дарының қызметін жаңғырту мәселелері жөніндегі қараша айындағы арнайы кеңесте тиімді құқық қорғау жүйесін­сіз мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етудің мүмкін еместігіне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, ішкі істер органдарының құрылымы мен штатын оңтайландыру, оларға тиесілі емес қыз­меттерді алып тастау, үнемделген қар­жыны еңбекке ақы төлеу жүйесін, қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын жақсартуға жұмсау, жұмыстың сервистік моделіне көшу және полиция қызметін бағалаудың жаңа өлшемдерін енгізу тапсырылды.

Құқық тәртібін қамтамасыз ету елі­міздегі құқық үстемдігін сақтаумен тығыз байланысты. Осыған орай Н.Ә.Назарбаев сот жүйесін жаңғыртуға бағыт-бағдар бер­ді. Ол сот жүктемесін төмендету, аза­мат­­тық процесті жеңіл­дету, сот өндірісінің же­­дел­­дігі мен ашық­­­­­тығын арттыру, сот өн­ді­рісі мен элек­трон­ды сервистер қыз­метінде жа­ңа фор­­маттарды дамыту, сон­дай-ақ сот ғи­­­ма­­рат­­тарында фронт-офистер ашу жө­нін­де бірқатар тапсырма берді.

Елбасы құқық жүйесін жетілдіру жөнінде айта келе, елімізде сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жүргізу жалғаса беретінін айрықша атап өтті. Осыған орай, ол халыққа қызмет көрсету жүйесін одан әрі жетілдіру, қарама­ғын­дағы қызметкерлер жемқорлыққа бай­ланысты тәртіп бұзушылық жасаған жағдайда, бірінші басшылардың дербес тәртіптік жауапкершілігін арттыру жөнінде тапсырмалар берді.

Қазақстан тәуелсіздігінің 27 жыл­дығын бүкіл халық болып мерекелеу саяси жылдың айшықты мәресі болды. Осы айтулы оқиғаның қарсаңында Пре­зи­дент елдің дамуы мен өсіп-өркен­деуіне айрықша еңбек сіңірген қазақ­стан­дықтардың үлкен бір тобына салта­нат­ты жағдайда мемлекеттік награда­лар мен сыйлықтар табыс етті. Мара­пат­т­алушылар қатарында көрнек­ті ғылым және мәдениет, өнер, білім беру, денсаулық сақтау саласы­ның қай­­рат­­­кер­лері, кәсіпкерлер, өндірісші­лер, әс­кери қызметшілер, құқық қо­рғау ор­ган­дарының қызметкерлері, ең­бек арда­герлері, спортшылар мен мемле­кет­тік қызметшілер болды.

 

* * *

Әлемдік шаруашылық жүйесінің құбылмалылығына және қолайсыз сыртқы конъюнктураға қарамастан, Қазақ­стан экономикасы өзінің тұрақ­ты­­лы­ғы мен бекемдігін көрсетті. Ұлт­­­­тық экономикалардың бәсекеге қабі­­­­л­ет­ті­лі­гінің әлемдік шкаласындағы Қазақ­стан позициясының жоғарылауы осы­н­ың жар­қын дәлелі болды. Дүние­жү­зілік банк­тің «Doing Business» рей­тингі­нің нәти­желері бойынша біздің елі­міз соң­ғы 11 жыл­да өз рейтингін 36 са­ты­­ға жоға­­ры­­латып, 190 мемлекеттің ара­­сынан 28-ші орынға тұрақтады.

Өткен жылдың экономикалық іс-шараларының күнтізбесі Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағ­да­йындағы дамудың жаңа мүм­кін­діктері» атты халыққа арналған жыл сайынғы Жолдауымен ашылды. Бұл құжат 10 қаңтарда жарияланды. Қазіргі заманда болып жатқан жаһандық технологиялық өзгерістер Қазақстанға әлемнің озық дамыған елдерінің қатары­на тезірек ену үшін тарихи мүмкіндік беріп отырғаны туралы тезис Елбасы Жол­дауының басты тұжырымына ай­нал­ды. Осыған бай­ланысты, ол эко­н­о­миканы, әлеумет­тік сала мен мемле­кет­тік басқару ісін дамытудың маңызды бағыттары бойын­ша он негізгі міндетті айқындап берді.

Төртінші өнеркәсіптік револю­ция жағ­дайындағы міндеттерді нақ­ты­лау мақсатымен ақпан айында Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен Үк­­і­мет­тің кеңейтілген отырысы өтті. Онда ол бұрын қабылданған бағ­­дар­лама­лық құжаттарды жүзеге асы­рудың тиімділігін арттыру және бөлінг­ен бюд­жет қаражатын пайдалану қажет­тігі­не назар аударды. Сондай-ақ цифр­лан­дыру бағдарламасының мақса­т­тарын түсіндіру, шағын және орта биз­нес субъек­тілерін тексеруді азайту мәсе­ле­леріне баса мән берілді.

Мемлекет басшысы мамыр айында жария түрде қол қойған «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнама­л­ық актілеріне кәсіпкерлік қызмет­ті реттеуді жетілдіру мәселе­лері бо­йын­­ша өзгерістер мен толықты­ру­лар енгізу туралы» заң елімізде биз­нест­і дамыту үшін барынша қолайлы жағ­­дай жасауға қызмет етеді. Бұл заң бизнес шығындарын жаппай төмендету және бәсекелестікке кедергі келтіретін нор­маларды алып тастау жөніндегі шара­ларды қамтиды.

Елбасы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры бизнеске қолайлы орта­ны қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқаратынын ескеріп, сәуір айында осы қорды басқару жөніндегі кеңестің оты­рысын өткізді. Онда ол атқарылар істерді әрі қарай жүзеге асыру үшін айрық­ша бақылауды қамтамасыз ету­ді тапсырып, холдингті дамыту­дың 2018-2020 жылдарға арналған жаңа стратегиясы мен қорды трансфор­мация­лау бағдарламасын бекітті.

Н.Ә.Назарбаев «Теңізшевройл» ЖШС-нің 25 жылдығына орай өткен салтанатты іс-шарада сөйлеген сөзінде осы компанияның қызметін өнімділік пен тиімділікті арттыратын қазіргі за­манғы цифрлы және инновация­­лық тех­­­но­­логияларды енгізудің табыс­ты үл­­­гі­сі ретінде атап көрсетті. Оның «Цифр­­­лы Қазақстан» мемлекеттік бағ­дар­­­ла­масының аясында қараша айын­да құрылған Астана қаласындағы «Astana Hub» ІТ-стартаптар халықаралық тех­ноло­гиялық паркінің ашылу сал­та­наты­на қатысуы да маңызды бол­ды. Соны­мен қатар Президент шілде айын­да жаңа технологиялар нарығын қар­жы­ландырудың жүйесін жетілдіруге ба­ғыт­­т­алған венчурлық қаржыландыру тура­лы заңға қол қойды.

Елбасы қазіргідей күрделі кезең­де инновациялық жобаларды қаржылан­дыруға көңіл бөліп, қаржы секторын дамыту мәселелерін ұдайы назарда ұстады. Бұл жерде оның сәуірде Ұлт­тық банктің есебін тыңдағанын айта кет­кеніміз жөн. Соның барысында ол банк­тер жүйесіне мемлекеттік қолдау көрсет­кен кезде қаржы институттарының қыз­метіне реттеуші тарапынан бақылауды күшейту қажеттігіне баса мән берді.

Елорда мерейтойы қарсаңында Н.Ә.Назарбаевтың «Астана» халық­ара­лық қаржы орталығын ашу және та­ныстыру рәсіміне қатысуы елдің қаржы секторын дамытудағы айту­лы оқиға болды. Осы салтанатты іс-шара­лар ба­ры­сында Қазақстанда инно­ва­циялық қаржы технологияларын дамыту мен ілгерілету үшін қолайлы экожүйені қа­лыптастыруға бағытталған бірқатар жо­балар көрсетілді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының 14 қарашада АХҚО биржасындағы ал­ғаш­қы сауда-саттықты бастау рәсімі­не қатысуын елеулі іс-шара ретінде ерек­ше айтуға болады. Елбасы шараға қаты­сушыларға арнаған сөзінде бұл рәсімнің қар­жылық дербестігіміздің бастауы бол­­ған Қазақ­станның ұлттық валюта­сы – тең­­ге­нің қолданысқа енгізілуінің 25 жыл­­дық мерейтойы қарсаңында өтуі­нің сим­волдық мәні зор екенін атап айтты. Пре­зидент биржаның жұмысын бастап беріп, оның алдына капитал тарту, мем­ле­кет­тік және корпоративтік құнды қа­ғаз­дар шығару ісінде халықаралық дең­гей­­дегі тұ­ғырнамаға айналу сияқты өршіл мін­дет­тер қойды.

Елбасы Қазақстанның осындай жаһан­­дық жобаларды қолға алғанын ес­­керіп, халықаралық экономикалық ынты­­мақтастыққа да әдеттегідей зор мән берді. Осыған орай, Н.Ә.Назарбаев ХІ Астана экономикалық форумы мен Қазақ­­стан Республикасы Президенті­нің жанын­­дағы Шетелдік инвесторлар кеңе­сінің ХХХІ пленарлық отырысы­ның мүм­­кін­діктерін белсенді түрде пайдаланды.

Ұлттық экономиканы жаңғырту ісін­де маңызды рөл атқаратын халықара­лық экономикалық іс-шараларды өткізу бары­сында Мемлекет басшысы Қазақ­­стан өңірлерінің әлеуметтік-экономи­ка­лық даму мәселелеріне де баса мән берді.

Астананың мерейтойлық жылында Президент бірқатар кеңестер өткізіп, онда елорданы одан әрі дамытудың өзек­ті мәселелері талқыланды. Атап айт­­қанда, қала құрылысы және оны абат­­тандыру, тұрғындардың өмір сүру жағ­дайын жақсарту, шаһардың инфра­құры­лымдық және әлеуметтік-мәдени нысандарын салу, сондай-ақ Астананың «жасыл белдеуін» дамыту жөніндегі жоба­ларды іске асырудың барысына ай­рықша назар аударылды.

Елбасының 19 маусымда «Қазақ­стан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа жария түрде қол қоюының тарихи маңызы зор болды. Мемлекет басшысы қол қою рәсімінде сөйлеген сөзінде: «Жарлық Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін береді. Бұл әкімшілік бірлік еліміздегі он жетінші аймақ болады. Облыс орталығы ғасырлар бойы Қазақ хандығының және бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласына көшіріледі», – деп атап өтті. Бұл ретте, жаңадан құрылған Түркістан облысының жаңа әкімшілік функцияларды сапалы іске асыруы үшін барлық мүмкіндіктері бар екендігіне ерекше назар аударылды.

Н.Ә.Назарбаев осы жаңа баста­ма­ны нақты іске асыру үшін Астанада Түркістан қаласын дамыту мәселелері бойынша екі кеңес, сондай-ақ өзінің осы өңірлерге жасаған жұмыс сапарлары барысында Шымкент қаласы мен Түркіс­тан облысының әлеуметтік-экономи­калық даму мәселелері бойынша екі өңірлік кеңес өткізді. Елбасы мемлекеттік және салалық бағдарламалардың басқа облыстарда іске асыру мәселелерін ақ­пан айында әкімдермен өткізген ар­найы кеңесте, сондай-ақ өңірлерге жасаған жұмыс сапарлары кезінде қарастырды.

Жылдың экономикалық іс-шара­лары­ның күнтізбесі дәстүрлі түрде ұйым­дас­тырылатын «Индустрияландыру күні­не арналған» телекөпір өткізумен аяқ­талды. Осы іс-шара барысында Н.Ә.Назарбаев Индустрияландыру кар­­та­сының жаңа 28 жобасының та­ныс­­тырылымына қатысып, «Парыз» және «Алтын сапа» сыйлықтарының жеңім­паздарын марапаттап, бизнеспен ай­на­лысуға мейлінше қолайлы жағдай жаса­ғаны үшін өңірлердің басшыларына ар­найы награда табыс етті.

 

* * *

Қазақстан халықаралық байланыс­тарды нығайту және әлемдегі түрлі дау-жанжалдарды шешу жөніндегі теңге­рімді әрі көпсалалы сыртқы сая­сатын жал­ғастыра түсті. Еліміздің БҰҰ Қауіп­сіз­дік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретін­дегі қызметі – соның жарқын дәлелі.

Қаңтар айында Қазақстан өз тари­хында тұңғыш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы міндетін атқарды. Осы қызметте біздің мемлекет жап­пай қырып-жоятын қару-жарақты тарат­пауға, халықаралық қоғамдастықта сенім шараларын нығайтуға, терроризм­ге қарсы іс-қимылға, Таяу Шығыс өңі­­рін­дегі, Солтүстік Африка мен Ауған­­­стан­дағы ахуалға, Орталық Азия­ның мүд­делерін ілгерілетуге қатысты кон­суль­­та­циялар, брифингтер мен дебат­тар форматында 30-ға жуық отырыс өткізді.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төр­аға­лық ету барысындағы басты іс-шара­лары­мыздың бірі – 18 қаңтарда Нью-Йорк қаласында Қазақстан Прези­дентінің төрағалығымен өткен «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шара­лары» деп аталатын тақырыптық бри­финг. Оның қорытындылары бойынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының шиеленістерді болдырмау және өңірлік деңгейдегі алдын алу дипломатиясы жөніндегі бірегей мәлімдемесі қабыл­данды. Бұл Қазақстанның бастамасымен әзірленген және қабылданған әрі Қауіп­сіздік Кеңесінің саяси міндет жүктейтін алғашқы халықаралық актісі саналады. 

Қазақстанның сыртқы саяси қызмет­те алдын алу дипломатиясының тәсіл­дерін табысты қолдануы Сириядағы қақты­ғысты реттеу ісінде де прогреске қол жет­­кізуге негіз болды. Мәселен, Сирия­дағы қақтығысты ретке келтіру жө­нін­­­д­егі Астана алаңы барлық мүд­делі тарап­тар келіссөздер жүргізіп, бар­лық бағыттар бойынша нақты қадам­дарды келісе алатын тұғырнама ретінде өз тиім­ділігін дәлелдеді. Бұл жөнінде Си­рия бо­йынша Астана процесіне кепіл­­­дік бе­ру­ші елдердің (Ресей, Түр­кия және Иран) сыртқы істер министр­лері мәлімдеді.

Сондай-ақ шетелдермен көпса­лалы та­быс­ты ынтымақтастық та Қазақ­­стан­ның халықаралық деңгейдегі бе­делін бекем­деуге және нығайта түсуге ықпал етті.

Стратегиялық серіктесіміз Ресеймен көп қырлы өзара іс-қимылдың арқасын­да өткен жыл екіжақты қарым-қатынас­тардың жоғары деңгейде дамуымен есте қалды. Жыл ішінде Н.Ә.Назарбаев Ресей Президенті В.В.Путинмен екіжақты және көпжақты басқосулар аясында бірнеше рет кездесті. Сол кездесулер барысында түрлі форматтағы Қазақстан – Ресей қарым-қатынастарының негізгі бағыттары, сондай-ақ өңірлік және ха­лықаралық күн тәртібінің өзекті мәсе­лелері талқыланды.

Қазақстан Президентінің қараша айында Ресей көшбасшысымен бірге Петро­павл қаласында өткен дәстүрлі Қазақ­стан мен Ресейдің өңірара­лық ын­ты­­мақтастығының XV форумы­на қатысуы – екіжақты қарым-қа­ты­­нас­тардағы маңызды оқиғалар­дың бірі болды. Туризм саласында­ғы қаты­нас­тарды дамытудың алдағы перс­пек­тива­ларына арналған форум аясын­да 6 үкі­мет­аралық, 31 өңірара­лық және ком­мер­циялық келісімдерге қол қойылды.

Орталық Азия елдерімен де ынты­мақтастығымыз табысты дами түсті.

Өзбекстан Президенті Ш.М.Мир­зиеёв­тің Қазақстанға үш сапары және Н.Ә.Назарбаевтың наурыз айын­да Самарқанд қаласына жұмыс сапары осы елмен өзара достық қарым-қаты­нас­ты нығайтуға және оған тың серпін беруге бағытталған елеулі оқиға бол­ды. Ш.М.Мирзиеёвтің наурыз айын­да Астанаға сапары кезінде екі ел прези­дент­тері Қазақстандағы Өзбекстан жы­лы­ның салтанатты ашылу рәсіміне қа­тыс­ты. Жалпы, жыл бойы Қазақстан Пре­­зи­денті Өзбекстан Президентімен түрлі бас­­қосуларда оннан астам кездесу өткізді.

Қырғызстан мен Тәжікстан прези­денттері С.Ш.Жээнбеков пен Э.Ш.Рах­мон­ның Қазақстанға наурыз айынд­а­ғы және Астана қаласының 20 жыл­­ды­ғын мерекелеуге байланысты шіл­де айындағы сапарлары Орталық Азия­­дағы көршілерімізбен екіжақты ынты­мақ­тастықты нығайтуға оң әсер етті. Қазақстан Президентінің Түрікменстан Президенті Г.М.Бердімұхамедовпен тамыз айында Халықаралық Аралды құт­қару қорының құрылтайшы мем­ле­кет­­тері басшыларының Түрікмен­башы қаласындағы отырысы кезінде және Ақтау қаласында ұйымдастырылған Кас­­пий маңы мемлекеттері V саммиті аясын­да өткен келіссөздерінің маңызы зор болды.

Наурызда Астана қаласында өткен Орталық Азия елдері басшыларының жұ­мыс (консультативтік) кездесуі өңір­лік ынтымақтастықтың тереңдей түсуі­не ерекше серпін берген маңыз­ды оқи­ға­ға айналды. Бұл басқосу бесжақты ынты­мақ­тастықтың басымдық­тары мен бола­шаққа арналған жоспарларды айқындап берді.

Каспий маңы мемлекеттерімен ынтымақтастық саласында көптен күт­кен зор серпіліс болды. Тамыз айын­да Ақтау қаласында өткен Каспий ма­ңы мемлекеттері V саммитінің қоры­тын­дысы бойынша ширек ғасыр бойы келі­сілмей және қабылданбай келген Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылды. Осы тарихи құжатқа қол қою кезінде Н.Ә.Назарбаев «Конвенция Каспий теңізінің өзіндік конституциясы саналады. Бұл құжат теңіз жағасындағы мем­лекеттердің құқықтары мен мін­дет­теріне қатысты барлық кешенді мәсе­ле­лерді реттеуге, сондай-ақ өңір­дің қауіп­сіз­дігі­не, тұрақтылығы мен өркен­деуіне кепіл болуға бағытталған», деп атап өтті.

Қазақстанның Азия бағытындағы қарым-қатынастары да серпінді әрі табысты дамыды.

Бұл орайда, Қытай Халық Республи­касымен өзара қарым-қатынас Қазақ­станның сыртқы саясатындағы негізгі басымдықтарының бірі болып қала берді. Қазақстан Президентінің маусым айындағы Қытайға мемлекеттік сапары басты оқиға болды. Сапар барысында ол ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен және осы елдің басқа да басшыларымен, сон­дай-ақ Қытайдың іскер топтар өкіл­дерімен кездесулер өткізді.

Қазақстан дипломатиясының басым­дықтары сондай-ақ Азияның басқа да бірқатар ықпалды мемлекет­терімен ынтымақтастықты нығайтуға бағыт­талды. Атап айтқанда, Н.Ә.Назарбаев­тың қыркүйекте Түркияға ресми сапары барысында осы елдің Президенті Р.Ер­доған­мен және «түрік бизнесінің капи­тан­дары­мен» мазмұнды әрі нәти­же­лі келіссөздер жүргізілді. Елбасының наурыз айын­дағы Біріккен Араб Әмір­ліктеріне ресми сапары кезінде екі ел­дің ынтымақ­тас­тығын одан әрі терең­дете түсудің кең ауқым­ды мәселелері талқыланды.

Қазақстанның еуроатлантикалық бағыттағы байланыстары қарқынды әрі жемісті дами түсті.

Мәселен, Америка Құрама Штат­тары­мен арадағы өзара қарым-қатынас айтарлықтай жанданды. Елбасының қаңтар айындағы АҚШ-қа ресми сапары Қазақстан-Америка серіктесті­гін ілгерілетуге тың серпін берді. Қазақ­стан Президентінің АҚШ Президенті Д.Трамппен сенімділік жағдайында өткен келіссөздеріне, сондай-ақ оның осы елдің басқа да билік өкілдерімен кез­десулерінің нәтижелеріне амери­ка­лық және әлемдік бұқаралық ақ­па­рат құралдары өкілдері ерекше назар аударды. АҚШ-қа сапардың қоры­тын­дысы бойынша Қазақстан мен АҚШ-тың стратегиялық серіктестігін кеңейту туралы бірлескен мәлімдеме қабылданды.

Қазақстан басшысының қазан айын­­­дағы Финляндияға ресми сапары Еуропа бағытындағы байланыстар­ды жан­­дандыру жолындағы ма­ңыз­ды оқи­ға болды. Сапар барысында Н.Ә.Назарбаевтың осы елдің Прези­денті С.Нии­нис­темен табысты келіс­сөз­дері өтті. «Шығыс-Батыс» желісі бо­йын­ша өрбіген текетірес жағда­йын­да Қазақстан Президентінің қазан айын­дағы Бельгия­ға сапары аясында «Азия – Еуропа» форумының ХІІ саммитіне қатысуының маңызы зор болды. Осы саммит аясында ол Ресей, АҚШ, Қытай және Еуропа одағы басшыларын диалог­қа шақы­рып, өзекті проблемаларды тал­қылау үшін Астанадағы келіссөздер алаңын пайдалануды ұсынды.

Н.Ә.Назарбаев АСЕМ саммитіне сапары барысында Еуропа көшбас­шыларымен бірқатар табысты келіс­сөздер жүргізді. Әсіресе Бельгия Королі Филиппен, Еуропа комиссиясының төрағасы Ж.-К.Юнкермен, Франция Президенті Э.Макронмен, Италия Премьер-министрі Д.Контемен және Еуропаның 20-дан астам ірі ком­па­ния­лары мен қаржы институттарының басшыларымен болған кездесулерді ерекше атап өткен жөн.

Жалпы, Мемлекет басшысы 2018 жылы екіжақты қатынастар желісі бойынша 7 шетелдік сапар жасады, соның ішінде 1 мемлекеттік, 4 ресми және 2 жұмыс сапары болды. Атап айт­­қанда, ол мемлекеттік сапармен Қытайға, ресми сапарлармен – АҚШ-қа, Бірік­­кен Араб Әмірліктеріне, Түркияға, Фин­лян­дияға, жұмыс сапарларымен – Өзбекстанға, Ресейге барды.

Қазақстанның халықаралық беделін нығайту ісінде Президентіміздің мем­ле­­кетаралық бірлестіктер мен халық­аралық форумдар аясындағы бай­ланыс­тарының маңызы зор болды.

Таяу шетелдермен өзара іс-қимыл желісі бойынша Қазақстан көшбасшысы бір жыл ішінде ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің екі отырысына, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің екі отырысына және ҰҚШҰ-ның бір саммитіне қатысты.

Қазан айында Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шы­­лары­ның VI съезі Н.Ә.Назар­баев­тың халықтар мен өркениеттер ара­сын­дағы диалогты ілгерілету жөнін­дегі бас­тамасының нақты жүзеге асқанын көр­сетті. «Дін көшбасшылары қауіпсіз әлем үшін» тақырыбына арналған фо­рум­ға әлемнің 46 елінен 82 делегат келді және бұл 15 жыл ішінде дін өкіл­дері ең көп жиналған басқосу болды.

Тұтастай алғанда, 2018 жылы Қазақ­стан Президенті көпжақты ынты­мақтас­тық аясында 10 мемлекетаралық сам­митке: Жоғары Еуразиялық эко­но­ми­калық кеңестің отырысына, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңе­сі­нің отырысына, Каспий маңы мем­ле­­­­кет­­­­терінің V саммитіне, Халық­ара­­­­лық Ара­л­ды құтқару қорының құрыл­­­­­т­ай­­шы мемлекеттері басшы­лары­­­­ның оты­­рыс­ы­на, Түркітілдес мем­лекеттер ы­н­ты­­мақ­­тас­­тығы кеңесінің VІ самми­ті­не, ТМД мем­­ле­кет­тері бас­­шы­­лары кеңесі­нің оты­­ры­­сы­на, ҰҚШҰ Ұжымдық қауіп­сіз­­дік кеңе­сі­нің сес­сиясына, Қазақ­стан мен Ресей­­дің өңір­­аралық ынты­мақ­тас­­ты­­ғы­­ның XV форумына, Жоға­ры Еура­­­зия­­лық эконо­микалық кеңес­тің оты­­ры­­сы­на, ТМД мемлекеттері бас­шы­­­лары­ның бей­ре­сми кездесуіне, сон­­дай-ақ 5 ха­лық­­ара­­лық форумға: БҰҰ Қауіп­­сіздік Ке­ңе­­сінің «Жаппай қы­рып-жоятын қару­ды тарат­­пау: сенім шара­­л­ары» атты оты­ры­­сына, ХІ Астана эко­но­микалық фору­мына, Әлемдік және дәс­тү­рлі діндер көш­бас­шыларының VI съезіне, «Азия – Еуро­па» форумының ХІІ саммитіне және Астана клубының IV отырысына қатысты.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жыл ішін­де бірқатар шетелдік көшбас­шы­­лар­ды, көрнекті мемлекет, қоғам, сая­сат қай­рат­керлерін, халықаралық ұйым­­дар мен компаниялардың басшы­ларын, іс­кер топтардың өкілдерін елімізде қа­был­­­дап, сонымен қатар олармен түр­лі ха­лық­аралық басқосуларда кездесті.

Сондай-ақ Н.Ә.Назарбаев Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжік­стан, Түркия, Өзбекстан, Украина пре­зи­­денттерімен, Сауд Арабиясының Королі­мен телефон арқылы сөйлесті.

Қазақстан Президентіне 22 шет мем­лекеттің, сондай-ақ Еуропа одағы­ның ел­шілері сенім грамоталарын тапсырды.

 

Махмұт ҚАСЫМБЕКОВ,

Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы