• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Қаңтар, 2019

Маңғыстауда жас кәсіпкерлер қауымдастығы құрылады

354 рет
көрсетілді

Жастар жылына орай биыл Маңғыстау облысында жас кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетілмек. Осы бағыттағы жұмысты жетілдіру үшін жас кәсіпкерлер қауымдастығы құрылады. Бұл туралы «Өңірлік Коммуникациялар қызметі» алаңында жүргізілген брифинг барысында Маңғыстау облысы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының директоры Нұрбек Қарасаев мәлім етті.

Өткен жылы кәсіп ашқан маңғыстаулықтарға 27 млрд. теңге несие берілген. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда 20 пайызға көп. Несие алғандардың басым бөлігін жастар құрап отыр. Брифингке өткен жылы кәсіп ашып, табысты еңбек етіп жатқан жас кәсіпкерлер де қатысып, өздерінің табыс құпияларымен бөлісті.

2018 жылдың есебі бойынша аймақта 51 мың шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Шағын және орта кәсіппен айналысатын адамдар саны – 120 мың. Берілген микронесиелер саны – 2,2 млрд, бұл көрсеткіш те алдыңғы жылдармен салыстарғанда 2 есеге артқан.  Биыл ауыл кәсіпкерлерін қолдау үшін қазынадан 1 млрд 400 млн теңге қаржы бөлінбек. Өткен жылмен салыстырғанда 20 процентке көп.

Палата директорының айтуынша, 2018 жылдың қаңтар-қараша айлары бойынша бөлшек сауда айналымы – 86 537 млн. теңгені құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 101,1 % орындалған, бүгінде облыста 35 базар орталығы, 16 сауда орталығы тіркелген. Сондай-ақ, 2018 жылы кәсіпкерлік палатаның құқықтық блогына 382 құқықтық өтінім түсіп, оның 132-і кәсіпкерлік субъектінің құқығына қатысты, 69 өтінімге оң баға беріліп, 51 өтінімге түсіндірме жұмыстары ұсынылды, 12 өтінім қаралу үстінде. «Атамекен» палатасының қолдауымен құны - 2 млрд. 199 млн. 449 теңге тұратын жобалардың құқығы қорғалды.

Биыл Маңғыстау облысында ақпан айынан бастап кәсіпкерлік скрининг жүргізіледі. Бұл жұмыстардың алғашқы кезеңіне қазынадан 50 млн. теңге бөлінді.

- Мәселен, құс бағып, жұмыртқа өндіріп отырған немесе бақша егіп, өнім алып отырған азаматтарды анықтап, оларға қолдау көрсетілмек. Өнімдерін тапсыруға көмектесеміз. Осылайша тұрғындардың күнделікті табысын арттырып, кәсібіін дөңгелетуіне қолұшы беріледі. Бұл аймақтағы кәсіпкерлердің санын арттырып, көлеңкелі бизнестің алдын алуға мүмкіндік береді, деді Н.Қарасаев.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы