• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Қаңтар, 2019

«І love Taldykorgan» мюзиклі көрерменмен қауышты

392 рет
көрсетілді

Талдықорған қаласында режиссер Ерлан Ошақбаев жаңа мюзиклінің таныстырылымы өтті.

Жетісудың кіндік қаласының сәулеті мен салтанатын, адамдар арасындағы сыйластық пен құрмет, махаббат сезімін дәріптейтін туынды көрерменін бірден баурап алды.

Егіз ұлдың балалық шағынан бастау алатын оқиға мюзикл жанрында әдемі әдіптеліп, қазіргі заман жастары арасындағы адамгершілік қатынас, мамандық таңдау мен отаншыл, мемлекетшіл болу ұғымдарын айшықтауға ұласқан. Тағдыр қалауымен екі бөлек ортада өскен егіздердің үлкен өмір жолын таңдаудағы қателігі мен жетістігі, ауыл мен қала тіршілігінің шынайы көріністері, жастар санасындағы қайшылықты сұрақтарға жауап іздеу сиықты тартымды сюжеттер көрерменді мағыналы әзілмен күлдіріп, мәнді музыкамен шабыттандырып және астарлы оймен толғануға жетелейді.

- Әуелгіде бұл мюзиклді қысқа метражды фильм ретінде түсіруді ойлаған едік. Оқиға желісінің өрбуі түсіру тобын да актерлерді де қызықтырып, лента 50 минутқа созылды. Біз бұл жұмысымызда жалаң ақыл айтудан аулақ болдық: ауыл мен қала өмірі арасындағы алшақтық, адамдардың дәулетті тұрмысы мен әлеуметтік жағдайы төмен ортаның кереғар сипатын, туған жерге деген құрмет пен әлем тануға деген құштарлықтың да қырларын жастарға, жалпы көрерменге ұығынықты жеткізуге тырысытық. Осы фильмді түсіруге қолдау білдіргені үшін Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа шығармашылық топ атынан рахмет айтқым келеді, - дейді мюзикл режиссері Ерлан Ошақбаев.

Талдықорған қаласында небәрі 15 күннің ішінде түсірілген фильмнің басты кейіпкері – егіздер рөлін жас актер Ерік Қами сомдаса, бұған дейін көрерменге көзтаныс болған Карина Жұмалы, Аян Төлепберген, Бексұлтан Қазыбек сияқты әртістер де мюзиклдегі рөлдерін сәтті ойнап шықты.

Талдықорғандағы «Атамекен» кинотеатрында өткен көрсетілімге аранйы келген облыс әкімі Амандық Баталов мюзиклді тамашалаған кейін түсірілім тобын құттықтады.

- Мюзикл көңілді әрі шынайы фильм болып шыққан екен.. Бүгінгі фильмде тек қаланы ғана емес, оның ең басты байлығы – оның мейірімді де дарынды тұрғындарын да көрсете білдіңдер. Креативті ойларың үшін көп рахмет айтамын. Жуырда журналистерге берген сұхбатында Елбасы Талдықорған туралы жақсы пікірін білдірді. Біз сол бағаға қуанып қана қоймай, соған лайық бұдан әрі де жұмыс жасауға тиіспіз. Біз өз тарапымыздан жастардың бастамаларын қашанда қолдаймыз. Осы жылды Президент Жастар жылы деп жариялады. Бұл жыл өз мүмкіндіктеріңді барынша ашуға мүмкіндік беретін ерекше жыл болмақ, – деді Амандық Баталов.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы