• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Қаңтар, 2019

Ата-анадан жәбір көрген мұғалімнің ісі сотта қаралып жатыр

550 рет
көрсетілді

Осыдан 1 жыл бұрын Алматы облысының Іле ауданы, Боралдай кентінде орналасқан Кенен Әзірбаев атындағы №15 жалпы білім беретін мектепте өрескел оқиға орын алған еді.

Осы мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, әдіскер ұстаз, биология пәнінің оқытушысы Гүлзира Байділдаева ата-ана тарапынан жәбірленіп, ауыр дене жарақатын алған болатын. Біз бұл жайлы «Егемен Қазақстан» газетіне «Ұстазға неге қол жұмсайды?» деген тақырыппен мақала жариялағанбыз (қараңыз: https://egemen.kz/article/164155-ustazgha-nege-qol-zhumsaydy). Оқиғаның бұдан кейінгі өрбу барысы редакция назарында болып, жәбірленушінің талап арызы бойынша қозғалған тергеу ісі  мен сот отырысын үнемі бақылауда ұстап келдік. Бірақ, жылға жуық уақыт өтсе де қылмыстық іс әлі күнге дейін созылып, Іле аудандық сотында қаралып жатыр.

«Егемен Қазақстанның» меншікті тілшісіне хабарласқан жәбірленушінің қорғаушысы Маржан Аспандиярова тергеу ісінің 11 айға созылғанына қарамастан, сот осы қылмыстық іске соңғы нүкте қоюға асықпай отырғанын айтты. Осы мерзім ішінде айыпталушы жақтың сот отырысына себепсіз келмей қалу фактісі болғанын және тергеу барысына көңілі толмайтынын да жеткізді қорғаушы. Біз 9 қаңтар күніне белгіленген сот отырысына қатысып, істің мән-жайымен таныстық.

Жалпы, бұл іс Алматы облысының Іле аудандық сотына келіп түскенге дейін аудандық ішкі істер бөлімінде 11 ай бойы тергелген екен. Жәбірленушінің адвокаты тергеуші істі себепсіз созып, оқиғаның бейнетаспаға жазылған сәтін есепке алмауға тырысқанын және куәгерлердің түсініктемесіне немқұрайлы қарағандығын айтады. Тек облыс прокурорына бірнеше рет шағымданғаннан кейін ғана, тергеу аяқталыпты. Ал өткен жылдың 20 желтоқсаны күніне тағайындалған алдын-ала сот тыңдауына айыпталушы тарап келмей қойған. Істі қарау  кейінгі шегерілген. Қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылған ата-ана бұдан кейін өткен 2 сот отырысына да қатыспаған көрінеді. Соның салдарынан сот қайта-қайта кейінге жылжып келеді.

Біз жәбірленген ұстаз ісіне мемлекеттік айыптаушы ретінде қатысып отырған прокурордан тергеу мен сот барысындағы заңдылық сақталуы жайында сұраған едік.

- Азаматша Гүлзира Байділдаеваның талабы бойынша қылмыстық істі қарау бірнеше рет кейінге қалдырылғаны рас. Бұл жерде айып тағылып отырған тараптың денсаулығына байланысты анықтамасы болғандықтан іс шегерілді. Қазір сот жәбірленуші тарап пен куәгерлерден жауап алуды бастады. Іс азаматша Митрошенко Надежда Павловнаға қатысты «Қылмыстық кодекстің» 107-бабы, 1-тармағымен «қасақана дене жарақатын салу» бойынша қаралып жатыр, - деді Іле аудандық прокуратурасының аға прокуроры Мұхтар Мыңжасар.

Ал соттың 9 қаңтар күнгі отырысы қорғаушының қосымша куәлардан жауап алуды сұраған өтінішіне орай 15 қаңтарға шегерілді.

Жалпы,  Гүлзира Байділдаеваның талап арызы негізінде қозғалған қылмыстық іс – еліміздің сот және білім саласы тарихында ата-ана тарапынан жәбір көрген мұғалімнің сотқа жүгіну бойынша алғашқы іс. Жәбірленуші ұстаз істің тезірек аяқталып, әділет салтанат құратынына сенімді.

- Ауыр соққыдан кейін ұзақ емделдім. Денсаулығыма келген нұқсан әлі оңалмады. Құлақтың есту жүйесінде соққыдан кейін болған кемістіктің емі жоқ деді дәрігер. Әрі мен осы оқиғадан кейін ол мектептен кетіп, басқа жерге жұмыс ауыстыруыма тура келді. Және 1 жыл бойына оқушының ата-анасы тарапынан татуласу, кешірім сұрау ниеті болған жоқ. Керісінше, сот отырысынан кейін дөрекі сөйлеп, доқ көрсетіп кетті...- дейді ұстаз.

Әрине, ұзақ уақыт бойы қоғамдық талқылауға ұласқан бұл оқиғаның соңғы нүктесін енді сот қояды. Біз өз тарапымыздан іс барысы «Егемен Қазақстанның» назарында болатынын ескертеміз.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы,

Іле ауданы

Сурет «Алматы» арнасынан алынды