• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Қаңтар, 2019

Қызылордада үш бала иіс тиіп қаза болды

622 рет
көрсетілді

Қызылорда қаласы Ақсуат ауылдық округіне қарасты Наурыз саяжайындағы тұрғын үйден өрт шығып, үш бала иіс тиіп қаза болды.

Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының мәліметіне сәйкес, 2019 жылдың 9 қаңтар күні 19 сағат 29 минут шамасында Қызылорда қаласы, Наурыз саяжайы, Махмұтов көшесіндегі үйде өрт шыққан.

Үй иесі Құлмағамбетов Жасұлан Тұрсынбекұлы Атырау қаласында вахталық әдіспен жұмыс істейді екен.

Оқиға салдарынан аталған үйдің тұрғындары 2011 жылы туылған Тұрсынбек Алдияр, 2012 жылғы Тұрсынбек Алинұр облыстық жедел-жәрдем стансасының топ жасағы оқиға орнына жеткенге дейін, ал 2014 жылғы Тұрсынбек Абзал облыстық балалар ауруханасына жеткізу жолында қайтыс болды. Үш жасөспірім де өкпе ісінуі және көміртек тотығынан ауыр дәрежелі уланудан көз жұмды.

Сонымен қатар, өрттен баларды арашалауға келген ағайындары Айтбаев Нартай және Жылтырова Гүлнұр оқиға орнынан балаларды алып шығып, әртүрлі дене жарақаттарымен облыстық медицина орталығына жеткізілді.

Н.Айтбаев жансақтау бөліміне жатқызылды. Ал, Г.Жылтырова дәрігерлік көмек алып үйіне қайтарылды. Екі зардап шегушіге де «Көмірқышқыл газынан ауыр дәрежедегі улану» диагнозы қойылған.

Өрт жарты сағатта өшірілді. Зардап шеккен отбасыға жергілікті билік барлық көмекті ұйымдастырмақ.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы