• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Қаңтар, 2019

Баспаналы болудың мүмкіндігі зор

403 рет
көрсетілді

Елбасының өткен жылы жарияланған бес әлеуметтік бастамасында халықтың нағыз көкейкесті мәселелері қозғалғаны белгілі. Осы бастама бойынша Ақмола облысында да атқарылған және жаңа жылда атқарылуға тиісті біраз игі істер бар. Соның ішінде Мемлекет басшысының бастамасында бірінші бастама болып белгіленген «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағыты бойынша оңды шаруаларды алдымен ауызға алуға болады.

Бастамада алға қойылған міндеттерді іске асыру тұрғысында бүгінгі күнге дейін екі жүзге жуық адамға пәтер сатып алуға несие берілді. Банктерден осы мақсатқа бөлінген қаржы көлемі бір жарым миллиард теңгеден асып түседі. «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасын орындау жөнінде Ақмола облысы қазір республикамыздың өзге аймақтары арасында алғашқы бестікте тұр.

Бүгінге дейін екінші деңгейлі банктерге келіп түскен 230-ға тарта өтініштің орындалу деңгейі тұрғысынан алып қарасақ та, облыс қол жетіп отырған көрсеткіштер құптарлық. Шілденің басында қолға алынған «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы барған сайын баспанасы жоқ ақмолалықтарды қызықтыра түсуде. Бұл бастама ересек тұрғындар, сонымен бірге, осы әлеуметтік мұқтаждықты басынан кешіп отырған жастар арасында да бірдей қолдау тапқан. Бұл сәтті басталған іс жаңа 2019 жылда да өрістей түсіп, Елбасының бес әлеуметтік бастамасының осы бағыты бойынша баспаналы болатындар саны арта түсетіндігі айқын.

Әрине, осы бір қолайлы мүмкіндікті пайдаланған несие алушылар қатары көп болуы үшін облыста үй салу қарқыны да жылма-жыл арта түсуі қажет. Бұл орайда, өткен жылы тұрғын үй құрылысын жүргізуде облыс үшін өте жемісті болды. 11 көп қабатты тұрғын үй салынып, тағы 12-сінің іргетасы қаланды. Бұған қоса, жеке құрылыс компаниялары да мыңға тарта пәтерді пайдалануға берді. Осының бәрі «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасының орындалуына да игі ықпал етпекші.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы