• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Қаңтар, 2019

Көкшеде кір тасын көтеруден облыс чемпионаты өтті

1482 рет
көрсетілді

Жастар жылының алғашқы аптасында Астрахан ауданындағы Жалтыр станциясының №2 орта мектебінің базасында кір көтеру спортынан Ақмола облысының чемпионаты өткізілді. Жарысқа жасөспірімдер мен ересектер қатысып, күш сынасты.

Бұл мектепте кір тасын көтеру спортынан әлемге танымал бірнеше спортшы түлеп ұшқан. Жарыстың осы жерде ұйымдастырылуы да осындай дәстүрге байланысты. Қазіргі күні саңлақ спортшылардың ізін лайықты жалғастырып келе жатқан үміткерлер аз емес. Олар әр салмақ дәрежесінде  16 және 24 келілік кір тасын ұршықша үйіріп, үздік нәтижелерге қол жеткізді.

–Өткен 2018 жыл Ақмола облысының кір тасын көтеруші спортшылар үшін жақсы жетістіктермен аяқталды. Биылғы жастар жылының алғашқы жарысында білікті бапкер әрі ұстаз Бақтияр Жұмабековтың жұлдызды шәкіртінің бірі, әлемнің 2 дүркін чемпионы Меруерт Сүлейменова да күш сынасатын болады. Осы төңіректегі Жарсуат ауылының аруы Меруерттен өзге іні-сіңлілері үлгі алады деген үміт бар,–дейді жарыстың бас төрешісі Сергей Прохоров.

Тартысты өткен жарыс барысында Сандықтау ауданынан Андрей Дулин, Андрей Корж, Максим Шнид, Татьяна Ермолаева және шалғайдағы Жарқайың жерінен Абылай Қалибек, Қуаныш Нұрғожин, Анатолий Шегловский жеңістің биік тұғырына көтерілді. Астрахан ауданының  бірнеше өрені чемпион атанып, жүлдегер болды.

–Әлем чемпионатынан кейін аз-кем тынығып, облыстық жарысқа қатыстым. Облыс рекордын жаңғыртып, бабымда екендігімді дәлелдедім. Ең басты меже үстіміздегі жылы Қостанайда өтетін әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалу. Сөйтіп, әлем біріншілігіне жолдама жеңіп алу,–дейді халықаралық дәрежедегі спорт шебері Меруерт Сүлейменова.

Спорттың осынау түрінің алдағы болашақта Ақмола облысының әр аймағында қанат қағатынына мамандар нық сеніп артып отыр.  

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы