• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Қаңтар, 2019

Батыс Қазақстан облысы мектептерінде «Өлкетану» курсын оқыту басталды

1188 рет
көрсетілді

Бүгіннен бастап Батыс Қазақстан облысындағы мектептердің 5-7 сыныптарында «Өлкетану» пәні оқытыла бастады. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова хабарлады.

Жаңа пән Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Рухани жаңғыру бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссия отырысының хаттамалық тапсырмасына сәйкес пайда болды. Ол «Қазақстан тарихы», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «География» және «Музыка» пәндерінің аясында кіріктіріліп оқытылады. «Оқу жүктемесінің жалпы көлемі – 20 сағат, яғни 5-сыныпта – 5 сағат, 6-сыныпта – 7 сағат, 7-сыныпта – 8 сағат болмақ, - дейді Шолпан Қадырова.

Бұл курсты енгізу үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы оқу бағдарламасын жасақтаған. Осы бағдарламаға сәйкес әр өңірдің курс бойынша оқулығы дайындалды. Оқулық туған өлкенің табиғаты мен табиғи ерекшелігін, өлке тарихы мен халықтың даму тарихын, этнографиялық ұлттық ерекшеліктері мен демографиясын, топонимикасын, өнерін, мəдениетін т.б. қамтиды. Оқулықты құрастыруға Орал қаласындағы жоғары оқу орындары ғалымдары, тәжірибелі педагогтер, әдіскерлер, барлығы 17 қызметкер тартылды. Сонымен қатар, 11 қызметкерден құралған сарапшы топ құрылып, оқулықтың мазмұнына сараптама жасалды.

Шолпан Маратқызының айтуынша, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғ.Оспанқұловтың қатысуымен авторлар және сарапшылар тобының жұмысы барысында бірнеше отырыс өткізіліп, барлық материалдар редакцияланған. Сондай-ақ оқулық материалдары білім басқармасының ресми сайтында жарияланып, көпшіліктің талқылауына салынған.

24 мың данамен басылып шыққан жаңа оқулықта Қазақстанның Жалпыұлттық қасиетті нысандары тізіміне кірген тарихи ескерткіштер, билер, батырлар, палуандар, ғылым, өнер, мәдениет саласындағы өлкенің танымал тұлғалары туралы, топонимдер, туристік маршруттар туралы жан-жақты мәлімет берілген.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан