Үйсіз адамың күйі де болмайтындығы белгілі. Бірақ, «үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» дегендей, ойындағысындай пәтер алуға әркімнің қолы жете бермейді. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңіл несие алғанымен табысы күн көрісіне зорға жетіп жүргендерге «аспаннан киіз жауса да, кедейге ұлтарақтық тимейтіннің» кері келеді де тұрады.
Жақында Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегі комитеті еліміздегі арзан және қымбат пәтерлердің рейтингін шығарды. Әдеттегідей, ең қымбат пәтерлер Астана, Алматы және Атырау қалаларына тиесілі екен.
Қымбат қалаларда тұратын тұрғындар үшін мұндағы үйлердің әр шаршы метрі үш жүз қырық мың теңгеге дейін жетеді.
Ал, ең арзан үйлер Тараз қаласының еншісінде екен. Мұнда тұрғындар шаршысына 116 мың теңгені шытырлатып санап беріп, пәтерге қол жеткізе алады.
Одан кейін арзан пәтерлер Петропавл мен Қызылорда қаласында шамалас десе болады. Қызылорданың орталығында үйдің бір шаршы метрі орташа 141 мың теңгеге парапар. Осыған қарап Қызылордада мемлекеттік бағдарламалар жақсы жұмыс жасап жатқандығын анық байқауға болады. Бүгінде Сырдарияның сол жағалауында салынып жатқан үйлердің алғашқы кезегі пайдалануға дайын. Осыған байланысты өткен жылдың соңында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» «Өз үйім» бағдарламасы бойынша конкурс жариялаған болатын. Байқау шарты бойынша былтырғы жылдың 24 желтоқсаны мен биылғы жылдың 14 қаңтары аралығында сол жағалаудағы екі үш бөлмелі үйлерге салым салғандар айтулы жеңілдікке ие болады.
– «Өз үйім» бағдарламасы 2015 жылдан бастап жүзеге асып келеді. Әдепкіде бағдарлама талабы бойынша алғашқы жарна үй бағасының 30 процентін жинақтау және несиенің жылдық үстемесі 8,5 процент болса, өткен жылдан бастап алғашқы жарна 20 процент және несие 7 процентпен беріле бастады. Бағдарламаның бір тиімді тұсы кез келген адам қатыса алатындығында. Ең бастысы, төлем қабілетін растаса болды. Атында жылжымайтын мүлік болғаны да кедергі емес және кез келген қаладан үй алуға мүмкіндігі бар,– дейді банк филиалының орынбасары Ілияс Жұрынов.
Бүгінде пайдалануға берілетін 115 пәтерді алуға бес жүзден астам салымшы бәйгеге түскен екен. Байқау шарты бойынша ең бірінші кезекте пәтер алатындар компьютер арқылы автоматты түрде анықталады. Пәтер алу үшін ең көп қаржы құйған салымшыларға басымдылық беріледі. Бұл дегеніңіз, ешкімге дау тудырмайтын қисын.
«Өз үйім» бағдарламасы 14 жылға несие есебімен беріледі. Мұндағы артықшылық, алғашқы сегіз жылда несиені 7 пайызбен өтесеңіз, соңғы алты жылда 3,8 пайызбен төлеуге мүмкіндік аласыз.
Яғни, төлем сомасы 67 мың 800 теңге мен 49 мың 863 теңге аралығында болып, осы мерзімде үш бөлмелі үйге қол жеткізе аласыз. Алматы мен Астана қаласында үш бөлмелі үйді жалдауға пәтерші жүз мың теңгеден артық төлейтінін ескерсеңіз, тегін түсті деуге де болатын шығар. Өйткені, пәтер жалдап тұрған адам он жыл осы қаржыны үзбей төлеп тұрса да жалдамалы пәтер оған тиесілі емес. Ал, сіз өзіңіздің жекеменшік баспанаңыз үшін тер төгіп жатырсыз.
Сонымен қатар, «Тұрғын үй құрылыс банкі» филиал директорының орынбасары Ілияс Жұрынов Елорданының 20 жылдығы, Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойларына байланысты сол жағалаудағы алғашқы үйлердің шаршы метрі 120 000 теңгеден саналып жатқандығын айтады.
Пәтер мұқтаждығын тартқан қызылордалық тұрғындар «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша да бір шаршы метрі - 120 000 теңге болатын жәңа үйлерге қол жеткізіп жатыр. Осындағы «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысқан құрылыс компанияларына «Даму» қоры субсидия бөліп отыр.
Соның бірі «Сәт сервис» ЖШС-і құрылыс компаниясы. Серіктестіктің директорының орынбасары Нұрлан Сәдібеков «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы «Даму» қорынан жеті пайызбен несие алып, алғашқы үйлерді пайдалануға тапсырып жатырмыз. Мемлекеттік қолдау отандық кәсіпкерлікті қанаттандырып отыр. Әкімдікпен бастапқы келісім бойынша үйдің шаршы метрін 120 000 теңгеден бекіттік, енді сол үдеден шығып отырмыз. Халықтың қуанышы бізге де ортақ. Көмегіміз тиіп жатқандығы бізді де қуандырады» дейді.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ аймақтаық директоры Алмас Дастанов бұл бағдарламаның 2017-2019 жылдарға арналғандығын еске салған. «Даму» қоры бір жыл аралығында 7 пайыздық субсидиямен үш жылға тоғыз құрылыс компаниясымен келісім шартқа отырған екен. Осы бөлінген 1,4 миллиард теңгеге құрылыс компаниялары 34 мың шаршы метр тұрғын үй салады.
Бүгінде Қызылорда облысы «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыруда республикадағы үштікте келеді. Қалада қазір 12 қабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталған.
Яғни, жақын күндерде 560 пәтерде қоныс тойын тойланады. Мемлекеттік бағдарламалар осылайша тәтті жемісін жегізіп жатыр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ