«Washington Post» газеті Қытай үкіметі 2000 этникалық қазаққа Қытай азаматтығынан бас тартып, мемлекеттен көшуге рұқсат бергенін хабарлады.
Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі АҚШ газетіне берген жауабында 2000 қазаққа Қытайдан кетуге рұқсат берілгенін растады. Олар Қазақстан азаматтығын алуға өтініш бере алатынын немесе Қазақстанға келісімен тұрақты тұрғын-жай алуға мүмкіндігі бар екенін жеткізген.
«Washington Post» мәліметіне сай, қазақ дипломаттары Шыңжаңдағы отандастарымызды қорғау мақсатында бірқатар жұмыс жүргізген. Газетке жауап жазған Сыртқы істер министрлігінің өкілдері қараша айында 29 азаматымыздың Қытайда қамауға алынғанын, олардың 15-і босатылғанын және елге қайтуға рұқсат алғанын айтқан.
Сонымен қатар басылым жолдасы мен екі баласын екі жыл көрмеген 23 жастағы Гули есімді қандасымыздың былтыр шілдеде Шыңжаңға қайтуға мүмкіндік алғанын жазады.
Гулидің: «Қазақстанға енді бара алмаймын деп уайымдайтынмын. Балаларымды көрмеймін бе деген күдік те болды. Барлық үмітім үзілген-ді» деген сөздерін келтіреді.
Америкалықтармен сұхбатқа келіскен тағы бір қандасымыз – інісінің лагерьден босатылғанын, бірақ Қытайдан кете алмай жүргенін естіген Әбдіғазы Ерғазы «Отбасымды Қазақстанға алып келудің жолын іздеп жүрмін» деген.
Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»