Жаңа оқулық биылғы қаңтар айынан бастап өңірдегі жалпы білім беретін орта мектептерде оқытыла бастайды. Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласының бір бөлімі «Туған жер» жобасы аясында жазылған «Өлкетану» оқулығының арнайы таныстырылымы өтті.
Жиында сөз алған мемлекеттік педагогикалық университет ректоры, өңірдің өткені туралы жазылған тарихи-танымдық «Өлкетану» оқулығын құрастырған ғылыми топтың жетекшісі Алтынбек Нұхұлы ата-бабалар мирас етіп қалдырған ел мен жердің тарихын жоғалтпау екендігін атап өтті. «Өткен тарихты болашаққа жеткізу үшін оқушыларға таныстыру қажет. Бұл үлкен міндет. Біздің шығарған оқулығымыз 5,6,7-сыныптарға арналған», дейді ол.
Оқулықты құрастырған авторлардың тағы бірі – педагогика ғылымдарының докторы, профессор Мәнсия Әлинова. Профессордың сөзінше, «Өлкетану» сабағы тек жеке пән ретінде емес, қазақ әдебиеті, география, Қазақ елінің тарихы және музыка пәндері арқылы оқытылады.
Оқулық ғылыми, пәндік, оқу-әдістемелік, әлеуметтік, «Рухани жаңғыру» мақаласының негізінде арнайы сараптамалардан өтті.
Оқулықтың құрылымы мен мазмұнына келсек, әрине әр өңірдің өзіндік тарихы бар. Бірнеше пәннің мәліметтері біріге отырып, 5-7 сыныптың оқушысына жеңіл әрі түсінікті тілде жазылған. Ғалымдардың дәл осы сыныптарға арнап жазуының да мәні бар. Сондай-ақ дәл осы жаста (11-13 жас) жасөспірімдер өз халқының ұлттық құндылықтарды қабылдап, тарихи сана қалыптасуының алғашқы сатысын бастайды.
Жалпы оқулықтың құрылымы 20 параграфтан тұрады. Оның бесеуі 5-сыныпта, жетеуі 6-сыныпта, сегіз параграфы 7-сыныпта өткізіледі.
Мысалы, оқулықтағы «Туған өлкенің аңыз-ертегілері» деген бөлімде Жасыбай батырдың ерлігі туралы және Абылай ханның «Жетім торы» күйінің шығу тарихы жазылған. Сондай-ақ «Ескерткіштер» деген топтамадан өңірдегі тарихи ескерткіштер, Екібастұздың Өлеңті ауылы маңындағы тастарда қашалған жазулар, петроглифтер туралы айтылады.
Сонымен бірге «Өлкенің тарихи тұлғалары» деген тақырыпшаларда батырлар, билер, басқа да ұлы тұлғалардың өмірбаяндары жазылып, суреттері басылған болса, ал «Туған өлке симфониясы», «Топонимдер», «Туристік маршруттар» секілді тақырыптарда өңір ерекшеліктері жайлы қызықты, мәнді мәліметтер бар.
Облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, барлық ақпараттарды бір жүйеге түсіріп оқулық жасап, сол арқылы кейінгі ұрпаққа таныстыру міндет.
Жерлесіміз Сұлтанмахмұт Торайғыров – Алаштың әнұранын жазған ақын. Алғаш рет қазақ әскери жасағын баянауылдық Жүсіпбек Аймауытов пен Қошке Кемеңгеров құрғаны, қазақ театрын Зейін Шашкин ашқаны сарғайған жазбалардан белгілі. Бүгінгі және келер ұрпақтар да осы өткен тарих жолдарын білуі керек.
Бұл күндері жалпы білім беретін барлық орта мектепте Қазақстан тарихы, қазақ әдебиеті, география және музыка пәндеріне біріктірілген «Өлкетану» сабағының бағдарламасы әзірленуде. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін заманауи IT-технологиялардың көмегімен мектеп музейлерінің де жұмыстары ұйымдастырылуда.
Сонымен қатар Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылғандай, тарихи-археологиялық зерттеу шараларына қатысуды жобалауда.
Мысалы, облыс орталығындағы №19 мектептегі музей «Туған өлке келбеті», «Өлкетану» бағытында және этнографиялық, шығармашылық, ғылыми-зерттеу бойынша жұмыс істейді.
Соңына қалдырған ғибратты мұрасы, өлке тарихы, ұлттық мәдениеті бір арнаға тоғысқан осындай музейлердің әрине оқушыларға рухани күш-жігер берері сөзсіз.
Ал қалалық оқу бөлімінің басшысы Самал Айтқазинаның айтуынша, қазір облыс орталығындағы мектептер «Өлкетану» оқулықтарымен сабақты бастап та кетті. Педагогтар да курстық дайындықтан өткен.
Ендігі мақсат – оқулықтағы әрбір пән арқылы туған жердің, өз өлкесінің тарихын оқып білетін, өткенді бағалап, зерделей алатын патриот жастар тәрбиелеу.
С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада өткен таныстырылым шарасы барысында облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев мектеп оқушыларына өңір тарихы мен руханиятын танытудағы «Өлкетану» атты жаңа оқулықтың орны ерекше екенін атап өтті. Оқулықты құрастырып, дайындаған ректор Алтынбек Нұхұлы бастаған ғалымдар тобына алғыс білдірді.
Осы ретте Алтынбек Нұхұлының бұған дейін де көптеген ғылыми еңбектердің, мақалалардың авторы екенін айта кеткеніміз жөн. Ғалымның «Баянауыл перзенттері», «Мұса Шорманұлы» сияқты кітаптары да жарық көрген.
Айтса айтқандай-ақ, көне Кереку өңірінің шежіресі тереңде. Өзге елдің тарихын оқып, біліп өскен кешегі ұрпақтың ұл-қыздары бүгін, міне, сол тереңде жатқан өз халқының өткеніне үңіліп, зерделеуге мүмкіндік алды.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР