Сапары барысында Румыния Президентінің еліміздің жоғарғы басшылығымен бірқатар кездесулері жоспарланып, олардың барысында екіжақты ынтымақтастық пен халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ықпалдастық мәселелері талқыланбақ екен. Сондай-ақ, екі ел арасындағы экономика, туризм салаларында үкіметаралық келісімдерге және ведомствоаралық бірқатар құжаттарға қол қойылады деп күтілуде.
Румыния Президенті осы сапары барысында Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы тыңдаушыларының алдында сөз сөйлеп, еліміздегі румын этносы өкілдерімен кездесетін көрінеді және Қарағандыдағы Спасск мемориалды кешенінде болады екен.
Наурыздың 3-і мен 5-і аралығында Финляндия Республикасының Сыртқы сауда және даму министрі Пааво Вяюрюненнің жұмыс сапары болып, министрдің қазақ-фин іскерлік форумына қатысуы, Қазақстан Парламентінің қос палатасының төрағаларымен, бірқатар министрліктер мен ведомстволар, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен кездесулері жоспарланыпты.
Наурыздың 3-і мен 6-сы аралығында Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Швейцария Конфедерациясына ресми сапар жасайтынын айтқан ресми өкіл Швейцарияның астанасы – Бернде Конфедерация басшылығымен бірқатар келіссөздер жүргізетінін де жеткізді. Солардың барысында екі тарап 2009 жылы қазанда өткен Швейцарияның сыртқы істер жөніндегі федералды кеңесшісі (яғни, министрі) Мишлин Кальми-Рейдің Қазақстанға ресми сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылуын, саяси және сауда-экономикалық салалардағы екіжақты үнқатысудың маңызды бағыттарын талқылайды деп күтілуде.
Сондай-ақ, Швейцарияда Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Еуропалық Кеңестің Бас хатшысы Торбьерн Ягландпен кездесіп, онда Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Кеңес арасындағы өзара ықпалдасу мәселелері және бірқатар еуропалық конвенцияларға қосылу жөніндегі қазақстандық өтінішті қарау мәселесі талқыланады екен. Бұған қоса, отандық сыртқы саясат ведомствосының басшысы Женева қаласында өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 13-ші сессиясына қатыспақ.
Сессия барысында Қанат Саудабаевтың БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Наванетем Пиллай ханыммен кездесуі де жоспарланыпты.
Ал 5 наурызда Мәскеуде ТМД Экономикалық кеңесінің 45-ші отырысы және “ТМД-дағы Ресейдің төрағалығы жылындағы жаңа бастамалар” атты Достастыққа мүше мемлекеттердің Халықаралық экономикалық форумы өтеді деп күтілуде.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.