Өткен апта Сирияда гуманитарлық көмек аясында өткізілген операция үш негізгі ерекшелігі тұрғысынан үлкен маңызға ие.
Біріншіден, Қазақстан соңғы 10 жылда Еуропа, Ислам әлемі және Еуразия кеңістіктерінде жүзеге асырған халықаралық деңгейдегі істерімен қатар, дипломатиялық қатынастарын енді ғана дамытып жатқан елдердің өзінде елеулі әсер қалдырғанға ұқсайды. Әсіресе мерзімі жақында аяқталған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігі кезінде басшылыққа алған ақылгөй және конструктивті ұстанымы Қазақстанның сыртқы саясаттағы ықпалын одан сайын арттырғанын атап өтуге болады. Ливанға Үндістанмен бірігіп жолданған қазақ әскерлерінің халықаралық қауымдастықтың пікіріне әсері оңды болды. Қарапайым көрінетін бұл қадамның «Қазақстан дағдарысты кезеңді артта қалдыру мақсатында және әлемдік бейбітшілік үшін әскери күш тұрғысынан үлес қоса алады» деген пікірді күшейте түсті. Қазақстанның мұндай операциялар жасай алу қабілетін тек бүгінгі күштік шаралар тұрғысынан қарастыруға болмайды.
Мәселен, «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде Сирияда атқарылаған бірқатар іс-шаралар мен орнатылған екіжақты ынтымақтастықтың соғыстан бұрын Сириямен ықпалдасуда дипломатиялық арналардың тиімді қолданылғанын көрсетеді. Соңғы жылдары Қазақстан Түркия, Ливан және Иорданиядағы сириялық босқындарға көмек көрсету мақсатында 700 мың доллардан астам қаражат бөлді. Осының барлығы жұмсақ күш элементтерінің және халықаралық дипломатия шараларының бірге қолданылуының нәтижесінде іске асырылды. Бұлар Назарбаев көшбасшылығының өзгешеліктерін айшықтайды.
Операцияның екінші маңызды тұсына келсек. Сирияда, әсіресе, Идлиб аймағында Қазақстаннан келген бірқатар отбасылардың бар екендігі белгілі. Бұлардың бір бөлігі Қазақстан үшін жақын және орта мерзімді болашақта қауіпсіздік тұрғысынан қатер туғызуда. Олардың елге оралуы және ел аумағында ықпал жасауы Сирия мәселесі тудыруы мүмкін салдарлардың ішіндегі ең үлкен проблема. Қазақстан осыны түсінді және аймақты ұдайы назарында ұстады. Ақырында, Женевадан кейінгі ең маңызды халықаралық реттеу бастамасы – Астана процесін ұйымдастырды. Аймақтағы ең ықпалды үш ел – Ресей, Иран және Түркиямен ынтымақтастығын институционалдық деңгейде күшейтті. Халықаралық қауымдастықтың Қазақстанға деген сенімі екіжақты және көпжақты ынтымақтастық жасауына мүмкіндік берді. Жақында Сириядан 47 Қазақстан азаматының қайтарылуын Назарбаевтың бірнеше жылдан бері Сирия саясатында көрсетіп келе жатқан жігерінің жемісі ретінде бағалауға болады.
Бұл жаңалық Түркияның қоғамдық пікірінде үлкен әсер тудырып, әсіресе, әлеуметтік желілерде көп бөлісілді. Онсыз да имиджі жақсы болып отырған Қазақстан және оның басшысы Назарбаевтың елден сырт жерлерде операция жасау қабілетін көрсетуіне Түркияда оң баға берілуде. Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің соңғы уақытта атқарған шаралары және әртүрлі деңгейдегі ақпараттық жұмысы осындай қадамдар туралы жаңалықтардың дұрыс дереккөздерден тарауы тұрғысынан үлкен маңызға ие. Қазақстанның Ресеймен қатар Түркиямен ынтымақтастығын арттыруы елге оралғандарды бақылауда ұстауына мүмкіндік береді.
Үшіншіден, Президент Назарбаевтың осындай операциялардың жалғасатыны жөніндегі мәлімдемесі аймақтағы қазақстандықтарға жолданған бір белгі іспетті. Осылайша Қазақстан Таяу Шығыстан келуі мүмкін бейберекеттіктерге қарсы тұру қабілетін арттыра түсті. Себебі бұл үдеріс әртүрлі дереккөздерден дұрыс ақпарат пен барлау мәліметтеріне қол жеткізуге әрі дер кезінде тиісті іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді. Қазақстанның мұндай операцияларда жетістікке жетуі және халықаралық қоғамдастықтың келісімімен алға жылжуы аймақтағы басқа елдердегі, тіпті Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы позицияларының күшеюіне ықпал етуі мүмкін. Қазақстан, сонымен қатар аймақтың басқа елдеріне ұқсас қатерлі мәселелер бойынша көшбасшылық ету және көмек көрсету әлеуетін паш етті. Осылайша аймақтық интеграция үдерісінің институционализациясы басқа тұрғыдан да күшейе түспек.
Күршад ЗОРЛУ,
профессор, сарапшы (Түркия)