Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Түркі академиясының президенті, профессор Дархан Қыдырәлімен кездесті және оның барысында тараптар Түркі академиясы қызметінің 2018 жылғы қорытындыларын талқылап, болашақтағы ынтымақтастықтың перспективалық бағдарларын бекітті.
Тараптар 2019 жылда өткізуге жоспарланған Түркітанушылардың дүниежүзілік конгресіне дайындық жұмыстарының барысын талқыға салды.
Сұхбат барысында айтылғандай, барша түркі әлеміне маңызы зор оқиға болатын Түркітанушылардың дүниежүзілік конгресі дүниежүзілік түркітанудың қайта өркендеуіне және осы ғылымның ағымдағы күйін, жетістіктерін, мәселелері мен перспективаларын терең сарапталып, жаңа көзқарастан өткізуге үлкен ықпал етуі тиіс.
Б.Атамқұлов түркі ынтымақтастығының дамуы жаңа бір кезеңге өткенін және Мемлекет басшысы түркі интеграциясына өте маңызды мән беретінін атап өтті. «Түркі халықтарының арасында бауырлас қатынастарды нығайту мен түркітану ғылымын түркі өркениетінің жетекшісі ретінде дамыту, сондай-ақ Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында бекітілген қағидаттарды жүзеге асыру қажеттіліктерін ескере келе, министрлік осы мәселелерге баса назар аударады және жоспарланған іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуде жан-жақты қолдау көрсетеді» деді министр.
Д.Қыдырәлі Сыртқы істер министрлігі тарапынан Академия қызметіне жасалған қолдау үшін үлкен алғысын білдірді. Кездесу шеңберінде ол 2019 жылдың ортасында ЮНЕСКО штаб-пәтерінде (Париж қ.) Түркі академиясына мүше-мемлекеттер ғалымдарының қатысуымен өтетін «Ұлы дала: мәдени мұра мен дүниежүзілік тарихындағы рөлі» атты іс-шара жөнінде ақпарат берді.