АҚШ-тың Калифорния штатындағы Санта-Инес қаласында қазақстандық екі кәсіпқой боксшы Мадияр Әшкеев пен Мейірім Нұрсұлтанов өздерінің кезекті жекпе-жектерін өткізіп, екеуі де жеңіске жетті.
Бірінші болып шаршы алаңға Мейірім Нұрсұлтанов шықты. Сегіз раундқа жоспарланған кездесуде Нұрсұлтанов мексикалық Рамон Агунагамен жұдырықтасып, жекпе-жектің екінші раундында қарсыласын сұлатып салды. Осылайша, Мейірім кәсіпқой бокстағы оныншы жеңісіне қол жеткізді.
Ал аталған бокс кешінің басты жекпе-жегіне шыққан Мадияр Әшкеев пуэрторикалық Луис Эрнандеспен кездесті. Екі боксшы да жоспарланған 10 раундты толық жұдырықтасып, төрешілердің шешімі бойынша отандасымыз бірауыздан жеңіске жетті. Бұл – Мадиярдың кәсіпқой бокстағы 11-ші жеңісі.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»