• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Білім 14 Қаңтар, 2019

Колледжге ер мұғалімдер жетіспейді

784 рет
көрсетілді

Елбасы Жолдауы білім саласында тер төгіп жүрген азаматтардың жұмысқа деген құлшынысын оятып, көңілдеріне үміт отын жаққаны анық. Биыл қабылданатын «Педагог мәртебесі туралы» заңға қазір балабақша, мектеп, колледж, университет өкілдері, осы салаға қатысты басқа да адамдар тарапынан түрлі ұсыныстар, ой-пікірлер айтылып жатыр. 

Алпыс бес жылдық тарихы бар білім ордасында еңбек ететіндіктен, білім саласының қазанында қайнап жүргендіктен Жолдауға ой қоссам деймін. 

Жасыратыны жоқ, жалақы аз болғаннан кейін жастардың көбі мұғалімдікке келгісі келмейді. Жастар болғанда қандай жастар? Мектепті үздік бітірген, білімді, алғыр, өзгеше ойлайтын жаңашыл жастар. Білім ордаларына осындай жастар келсе керек еді. Ондай жастар мұғалім болғысы келмейді. Келсе де сирек. Өзін құрметтейтін, өзінің білімін, деңгейін бағалайтын жастар жалақысы жоғары жерлерге барады. Содан кейін мұғалімдікке кімдер келеді? Көбіне өз мамандығы бойынша жұмыс таппаған, білім деңгейі орташа жас­тар келеді. Мұндай адамдар баланы қалай тәрбиелейді? Мәселен, біздің колледжде ер мұғалімдер жетіспейді. Олардың үлесі 10 пайыздан аспайды. Ұлдар аз жалақыға шыдамай кетіп қалады. Ал қыздар үйреніп, көндігіп кетеді. Бізге ұстаздыққа негізінен қыздар келеді. Ал студенттердің дені – ұлдар. Биыл мұғалімдердің мәртебесі туралы заң қабылданып, заң шеңберінде колледж мұғалімдерінің жалақысы көтерілсе, бұл мәселе шешімін табатын шығар деп ойлаймыз. Бізге тәжірибелі, білікті мамандар келсе, колледждің де деңгейі көтерілері анық. Біздің ойымыз –  заң аясында мұғалімдерге жеңілдіктер көбейсе дейміз. Мәселен, әскерилерге баспана алуға берілетін жеңілдік неге мұғалімдерге жасалмасқа?! Көп дүние жалақыға келіп тіреледі. Колледжге келген жас мұғалім 40-50 мың теңге алады. Бір-екі жыл істегеннен кейін барып коэффициент қосылады. Жалақысы аз болғаннан кейін сағатын арттырып, көбірек жүктеме беруге тырысамыз. Бірақ бұдан білім сапасы жақсармайды. Егер жалақы жоғары болса, ұстаздардың сағатын қысқартып, сапаға мән берер едік.  

Тағы бір ескерер дүние, жоғары оқу орындарында болашақта мұғалім болатын жандарға талапты күшейтіп, іріктеп алған жөн секілді. Іріктеуден ұрпақ тәрбиелей алуға қабілетті, елді, жерді сүйетін білімді, алғыр жастар өтсе, нұр үстіне нұр болар еді. Қазір мұғалімдік қасиеті жоқ болса да,  сабақ беріп жүргендер көп. Одан кім зардап шегеді? Оқушылар мен студенттер зардап шегеді.

Ойымызды ұлы Мұхаңның, Мұхтар Әуезовтің сөзімен түйіндер болсақ, адам мен адамды, халық пен халықты білім теңестіреді. Білім саласы құлдыраған елдің күндердің күнінде өзінің де құлдырайтыны анық. Сондықтан «Педагог мәртебесі туралы» заңнан көп үміт күтеміз. 

Исатай ИСИН,

Өскемен политехникалық колледжінің директоры