Орал қаласындағы №31 және №33 мектеп ғимараттары, Ақжайық ауданындағы Абай атындағы гимназия, Махамбет Өтемісов атындағы орта мектеп және Қазталов ауданындағы Алма Оразбаева атындағы орта мектеп ғимараты апат жағдайында тұр. Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова биыл Чапаев пен Қазталов ауылдарында жаңа мектеп құрылысы басталатынын айтады.
2018 жылы облыста білім саласында 7 ғимарат жаңадан салынып, пайдалануға берілді. Оның төртеуі – орта мектеп ғимараттары. Мәселен, Орал қаласына қарасты Деркөл кентінде 600 орындық, Зашаған кентінде 900 орындық мектеп салынса, Ақжайық ауданының Шабдаршап ауылында 198 орындық мектеп ғимараты, Бәйтерек ауданы Дариян ауылында 300 орындық мектеп 100 орындық интернатымен бірге салынып, қазір сабақ жүріп жатыр.
Бұған қоса Бөкей ордасы ауданының орталығы Сайқын ауылында 70 орындық интернат, Қазталов ауданы орталығында саз мектебі, Ақсай қаласында 240 орындық балабақша пайдалануға берілген.
Теректі ауданының Сары Өмір ауылында 48 орындық сауықтыру лагері ғимаратының құрылысы жалғасуда.
Орал қаласындағы мемлекеттік тілде білім беретін мектептерде орын тапшылығы сезіледі. Мәселен, 2018-2019 оқу жылының басында 5 үш ауысымды мектеп болған. 2018 жылдың соңында Сарытау шағын ауданында 900 орындық №50 мектеп пайдалануға беріліп, үш ауысымды мектеп саны сәл азайды. Дегенмен, көпқабатты тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқан Зашаған кентіне әлі бірнеше мектеп керек. Шолпан Қадырова осы ауданда №51 мектеп құрылысы басталатынын хабарлады.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы